«AK ordasy building» ЖШС екі аптада бір үй салады

5-modulnyj-dom-kopiyaЕлбасының жолдауына сай, халықты арзан әрі ыңғайлы баспанамен қамтамасыз етуге аса көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Оңтүстік өңірінде жаңа тәсілмен — модульдік үйлер салынуда. Мұндай өндіріспен айналысатын бірегей кәсіпорын Шымкенттегі «Асар» шағынауданында қоныс тепкен. «AK ordasy building» модульдік үйлер зауыты жылына 1000 дана баспана шығаруға қауқары жетеді. Әзірге зауыт жеке тұлғалардың тапсырысымен 10-нан астам дайын үй шығарған. Бұл жобаның инвесторы AGROTECH, INC (АҚШ) және «Корпорация АК ордасы» ЖШС. Жобаның жалпы құны 1,6 миллиард теңге. Модульдік үйдің артықшылығы, өңірдің табиғатына бейімділігі және отандық өндіріс орнының алға қойған мақсаттары жайында тарқатып айтсақ.

«AK ordasy building» ЖШС-нің бас директоры Гайрат Абдуллаев алдымен зауыт жанынан салынған екі қабатты үйдің жобасымен таныстырды. Бұл отандық зауыт салған алғашқы модульдік үйдің бірі. Сырттағы төмен ауа температурасына қарамастан қаңқасы ағаштан құралған үйдің іші жып-жылы. Заманауи баспана әсіресе жас отбасы үшін ыңғайлы екен, көлемі — 170 шаршы метрді құрайды. Қонақ бөлме, асхана, жуынатын бөлме, жұмыс кабинеті, жатын және балалар бөлмесінен тұрады. Шағын әрі жайлы. Жылу, су, газ құбырларымен толық қамтылған.

Модульдік үйдің шыққан «тегі» – АҚШ. Бүгінде әлем бойынша баспаналы болудың тиімді тәсілі болып саналады. Өйткені баспана тұрғызу үшін ұзақ уақыт күтудің қажеті жоқ. Жылдам құрастырылады әрі бағасы да бүгінгі тұрғын үйлердің бағасынан әлдеқайда арзан. Бүгінгідей баспананың зарын тартып жүргендерге өте тиімді… Алдымен зауытта салынатын үйдің бөлшектері мен модулі құрастырылады. Содан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Зауытта құрастырылған дайын қаңқаны әп-сәтте орналастырып шығу бар болғаны екі-ақ апта уақытты алады. Ішкі инженерлік-коммуникациялық жұмыстар да қолды байламайды, тез бітіріп тастауға болады. Мұндағы бірінші кезектегі мәселе, модульді үйге қажетті құрылыс материалдарын дұрыс таңдай білу.

Гайрат Абдуллаев, «AK ordasy building» бас директоры:
-Үйдің қаңқасына қажетті шикізат Ресейден әкелінеді. Ол бірінші және екінші сортты қарағай ағашы. Шикізатты пайдаға жаратудан бұрын кесіп, тегістеп, жақсылап кептіріп, өңдеуден өткіземіз. Қаңқаны құрастыру, шатыры, есік-терезесі дегендей жұмыстың 80 пайызы зауыт ішінде орындалады. Оған шамамен бір айдай уақыт кетеді. Зауыттан шыққан үйдің қаңқасын құрастыруға 2-ақ апта уақыт кетеді,-дейді.

Басшының айтуынша, баспананың дизайнын тапсырыс берушінің өзі таңдайды. Ішкі және сыртқы сәулетті өз талғамына қарай ыңғайлы, үйлесімді, тиянақты етіп, жасатуына мүмкіндігі бар. Мұнда электр желісін жүргізу, еден төсеу, тұтынушының қалауы бойынша жиһаз бен тұрмыстық техникаларды да орнатады. Ол үшін серіктестікте арнайы мамандар жұмыс істейді. Күні бүгінге дейін сәулет-құрылыс бойынша 9 маман АҚШ-та біліктіліктерін арттырып, тәжірибе алмасып келген. Ал, модульді үйді үш қабатқа дейін көтеруге болады.

Шағын үй — 8 миллион

Зауыт басшысы Шымқалада алғаш рет америкалық тәсілмен бой көтеріп жатқан баспананың өз артықшылықтары бар екендігін айтады. «Тұрғындар үшін бағасы қолжетімді, құрылысына да көп уақыт кетпейді. Жыл мезгілдеріне қарай суықтан, ыстықтан, әрі ылғалдылықтан қорғайды. Ең бастысы экологиялық таза материалдан жасалатындығында. Санитарлық-эпидемиологиялық, өртке қарсы жағдайлардың барлығы да ескерілген. Шымкент қаласында жер сілкінісі кезіндегі орташа балл 7-8 балл болса, бұл үйлер 9 баллдық жер сілкінісіне шыдайды. Әрі 30-50 жылға дейін жарамдылығына кепілдік береміз», дейді басшы. Серіктестік мамандары бір жылға дейін өздері салған баспананың жай-күйін, сервистік жағдайларын бақылауда ұстайды. Мұндай үйдің қазір өңірде он шақтысы салынған. Атап айтқанда, зауыт Шымқалада Достық ықшамауданында, Біркөлікте және Түркістан қаласында жеке тұлғалардың тапсырысын орындаған.

5-zhambotaevБердіхан ЖАМБОТАЕВ,
«AK ordasy building» модульдік үйлер зауытының меңгерушісі:
– Үйдің көп бөлшегі ағаштан тұратындықтан тұрғындар өртке, суға қалай болады екен деп сенімсіздік танытқаны рас. Алайда, ағаштың төзімділігін арттыруда, құрт-құмырсқа жемеуде, шіруге жол бермеуде үш рет өңдеуден өтеді. Сонымен қатар, ағаштың арасына жылуды ұстап тұратын заттар салынады. Ол қыста жылуда ұстап тұрады, жазда салқын болады. Сондықтан, жаңаша үлгімен салынып жатқан құрылыстан қорқудың қажеті жоқ.

Бұл жобаның бастапқы мақсаты — зауытта сапалы өнім жасай отырып, бағаны қолжетімді ету. Осы орайда, бүгінгі таңда модульді үйлердің бір шаршы метрі – 120 мың теңге. 1 қабатты үйге шамамен – 8 миллион, 2 қабатты үйлерге 15 миллион қаржы кетеді.

«Мемлекеттік бағдарлама бойынша беруге дайынбыз»

«AK ordasy building» ЖШС-сы қолға алған ноу-хау технологияның тағы бір ерекшелігі − коттедж, қонақ үй, сауда, әкімшілік-тұрмыстық кешендер, спорт кешендері, бақылау-өткізу пункттері, күзет ғимараты, тағы басқа нысандар салуға ыңғайлылығында. Соңғы уақытта шағын дүңгіршек-дүкендерге сұраныс артқан. Дегенмен, Гайрат Азизұлы шымқалалықтардың жаңа әдіспен салынатын үйдің тиімділігін түсінуіне уақыттың қажет екендігін жасырмады. Ол оңтүстіктің жайлы табиғаты мен ауа райы модульді үйлер үшін қауіпсіз екендігін алға тартты.

5-gajratГайрат АБДУЛЛАЕВ:
«AK ordasy building» модульдік үйлер зауытының бас директоры:
— Жеке немесе заңды тұлғалардан тапсырыс түскен соң екі ай ішінде үй дайын болады. Дизайн, құрылыс бойынша арнайы бригада жұмыс істейді. Баспанаға қажетті құрылыс материалының 80 пайызы қарағай. Зауытта үй құрастырылып, дайын күйінде іргетастың үстіне орнатылады. Мұндай жолмен баспаналы болу әлдеқайда арзанырақ. Модульды үйлер тұрғындарға қолжетімді болу үшін биліктен ұсыныс болса, баспананы мемлекеттік бағдарламалар арқылы беруге дайынбыз.

Жуырда ғана облыс әкімі Жансейіт Түймебаев серіктестіктің жұмысымен танысқан болатын. Жұмыс сапары кезінде өңір басшысы корпорацияның модульдік үйлер өндіріс зауытында болып, баспана соғудың жаңа тәсілімен танысты. Корпорация төрағасы Ибадулла Қалыбеков облыс әкіміне американдық тәсілмен салынатын 500 үйдің құрылысын жүргізуді ұсынды. Оны арзан бағаға қысқа мерзімде салуға және баспана маңынан жылыжай салуға болатындығын да атап өтті. Жобамен танысқан Жансейіт Түймебаев ұсынысты қолдап, әкімдік тарапынан қажетті көмектің көрсетілетінін жеткізді. Мұнда әзірге 30-дан астам адам жұмыспен қамтылған. Егер тапсырыс болып жатса, зауытта жылына 1 000-ға жуық үй құрастырып, жергілікті тұрғындарды көптеп жұмысқа тартуға болады. Егер алдағы уақытта модульдік үйлерді салуды мемлекет қолдаса, Оңтүстікте агроқалашық пайда болуы әбден мүмкін.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *