Айып тұрақтарында автокөлік көп

Бүгінде көшені «космос» деп ойлап, құйғытатын жүргізушілердің «мойнына қылбұрау, аяғына тұсау» салатындай заң талаптары қатаңдатылды. Жол бойында заманауи бейнебақылау құралдары орнатылып, көлік иелерінің әр жүрісі таспаға түсіріліп отырады. Дегенмен заң талаптарына бағынғысы келмейтіндер жоқ емес. Амалын тауып, айласын асырғысы келгенмен жалпыға ортақ заңға бағынбасқа амалы да қалмасы анық. Түрлі деңгейдегі айыппұлдардың көлемі де аз емес бүгінде. Одан қалса заңды сыйламайтын «шумахер шопылардың» темір тұлпарларын апарып қамайтын айыптұрақтары да бар. Мұндай жағдайда екі есе шығындалатынын білетін жүргізушілер лажы болса көлігінің осында «тұрақты клиентіне» айналмауы үшін барын салады. Сонымен….


Бүгінде елімізде автокөліктердің 80 айып тұрақтары жұмыс істейді. Жол жүру ережелерін бұзған жүргізушілердің көліктері осында әкелініп тоғытылады. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше Алматы облысында — 9, Атырау облысында — 2, ШҚО — 4, Жамбыл облысында — 12, БҚО — 2, сондай-ақ Қарағанды облысында — 4, , Қызылорда облысында — 7, Маңғыстау облысында — 4, Павлодар облысында — 4 және ОҚО-да — 13 айып тұрақтары бар екен. Белгілі болғанындай ең көп айып тұрағы Оңтүстік Қазақстан облысында. Өзге өңірдегілердің «Х» нөмірден «өлердей» қорқатындай да жөні бар. Жасырары жоқ күнгейлік жүргізушілер көп жағдайда жол ережелерін сақтай бермейтіні рас. Қалтасынан қағылса да тізгінін тартатындардың қарасы аз. Айып тұрағы туралы түсінігі тым таяздар баршылық.

Олар үшін қысқаша мәлімет:
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінінің талаптарына сәйкес, жол ережесін бұзған көлік құралын сақтау жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылған тұрақтарда жүзеге асырылады. Қазіргі таңда уақытша сақтаудың арнайы тұрақтарында жол жүру ережелерін бұзып, қолға түскен 8,5 мыңнан астам автокөлік тұрақтап тұр.

Шымкент қаласындағы ең үлкен айып тұрақтары Орманов және Громов көшесінде орналасқан. Громов көшесіндегі айыптұрағы 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сол уақыттан бері мұнда әлі күнге дейін иесі табылмаған бірнеше автокөлік бар. Ескі темір-терсек қоймасына айналған айып тұрағында ретро көліктер де бар. Босқа орын алып тұрған көне көліктердің кейбірі тіпті шіри бастаған. Кезінде Алматы қаласының айыптұрақтарының басшылары сыймай кеткен соң олардың біразын утилизацияға өткізу қажет деген ұсыныс айтқан болатын. Ал шымкенттік әріптестері тіпті айыппұл төлетпей-ақ иелері тегін алып кетсе деген еді.

Мұнда «қонаққа» келген көліктердің көптігінен тіпті жаңадан тұзаққа ілінген көліктерді сыйдыру мүмкін болмай қалған жағдайлар да болған. Тіпті айыптұрағының күндік ақысын жылға көбейткенде көліктің сатылу бағасынан да асып кететіндігі анықталған. Көліктерді бұл жерден алып кетпеудің де өзіндік сырлары бар. Кейбір иелері жол көлік оқиғаларынан көз жұмған. Талқаны шыққан мұндай көліктерді иесінің туыстары алып кетуден бас тартып жатады. «Қаралы» көлік деп. Ал кей көліктердің сау-тамтығы қалмағандықтан оларды қайта жөндегеннен көрі жаңасын сатып алған тиімді болады. Сондықтан да иелері алып кетуден бас тартып жатады.

Ал қаңқасы ғана қалған көліктерді жаппай утилизацияға өткізу әлі шешімін таппаған мәселе күйінде қалып отыр. Өйткені ол көліктерді тіркеуден шығару, салықтарын төлету оңай шаруа емес.

Алмаз Тастанбеков, ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік практика бөлімінің бастығы:
— Бүгінде Шымкент қаласында 3 айып тұрағы жұмыс істеп тұр, одан бөлек аудан орталықтарында да бар. Екі айып тұрағынан бөлек Қайтпас ықшамауданындағы Қ. Төлеметов көшесінде айыптұрағы жұмыс істеуде. Әрине айып тұрағына әкетуге жол беретін жәйттер: жол ережесін сақтамау, мас халде көлік басқару, құжаттардың түгел болмауы, тоқтауға тыйым салынған жерге көлік қою болып табылады. Жүргізушілер әрдайым жол ережесін сақтаған жағдайда ешқандай қиындық туындамасы анық.

Гүлжан ЖҰМАШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *