Айша апамыз 100 жаста

_MG_9708Қазақстанның халық әртісі, Ж. Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының қайраткері, маңдайалды мақтанышы, осы театрға 65 жыл ғұмырын арнап, 200-ден аса кейіпкерді сомдаған сахна саңлағы, абыз ана Айша Абдуллинаның 100 жасқа толған ғасыр тойы республикалық деңгейде аталып өтілді. 

Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шығармашылық кешке Қазақстан Респуликасының халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов арнайы қатысып, өнер ардагерін еліміздегі 54 театр атынан құттықтады. Бүгінде сахнаның көзі тірі аңызы, тиянақты ісімен, орынды сөзімен, биязы мінезімен әріптестерінің алдында беделі зор болған анамыздың тәуелсіз еліміздің жастарына үлгі етер өнегелі істері көп.
Сондай-ақ Айша апамызды Қырғызстан елі мен басқа да облыстардан әріптестері құттықтай келген. Мерейтой аясында «Облыстық театрлардың апталығы» ұйымдастырылып, 8 кәсіби театр облыс орталығында Айша Абдуллина ойнаған рөлдерді көрермен назарына ұсынып, әдемі әндер шырқалды.
Айша Абдуллина 1916 жылы 26 желтоқсанда Алматы қаласында орта шаруа отбасында дүниеге келді. Кішкентайынан атасы Абдолла мен әжесі Бибаян бауырына басады да солардың қолында тәрбиеленеді. Абдолла атасы балуан әрі өнерді сүйетін кісі болған екен. Айшаны кішкентайынан ән салдырып, би билетіп өсіреді. 1923-1933 жылдары Ахмет Байтұрсынов атындағы №18 қазақ орта мектебінде білім алған. Мектептің көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатысқан. 1933 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театры жанындағы екі жылдық актерлер даярлайтын студияға түсіп, сол жылы қараша айының 13-і күні театрға әртіс болып қабылданады. Содан бері актриса.
Арманшыл қыз жақсының шарапатын жастай көріп, тәртіп пен әдептілікке үйір боп өскен. Күләш Байсейітова жайлы айтқаны бұған мысал. «Біз бір ауылдың қызы болдық, әкелеріміз де бір-бірін жақсы білетін. Мен одан 5-6 жас кіші болдым. Жасынның қызы (әкесінің аты Жасын еді) қалаға барып әртіс болыпты дегенді жиі естіп жүрдім. Сол кезден бастап, мені де осы өнер жолы еліктіре берді. Ақыры 1933 жылы мен сол кісілер еңбек ететін, қазақ драма театрының жанындағы екі жылдық студияға қабылдандым. Бір жағынан оқып, екінші жағынан қойылымдарда массовкаға қатысып жүрдік. Мен Күләштің ойынына ерекше таң қалатын едім. Біз де осылай ойнай алар екенбіз? — деп армандайтын едік. Күләш бізге хор айтқызып, ән айтуды үйретті. Ол операға ауысып кеткен соң біз «Отеллоны» қоятын болдық. Басты рөл «Оттелодағы» — Дездемонаның рөлі маған жүктелді. Бұл өте жауапты рөл болды. Сол кезде Күләштан көмек алдым. Ол кісі бар ақылын аянып қалмады. — Сен Айша, ең әуелі үстіңе киген киімді ауық-ауық байқамай ұстай берме, оны өз киіміңдей сезін. Және сахнада өте еркін бол. Әрбір сөзіңді анық айт, бір буын, бір әрпін де шашау шығарма. Міне, сонда ғана кейіпкер бейнесі даралана түседі деп айтатын – дейді Айша апа.
Бұл айтқандарынан апамыздың жастайынан мақсаты айқын, үлкен жауапкершілікті сезінетін, жоспарын жүзеге асырмай тынбайтын белсенді қыз болғанын білеміз.

1969 ж. М.Әуезов «Қара қыпшақ Қобыланды» - Құртқа

1969 ж. М.Әуезов «Қара қыпшақ Қобыланды» — Құртқа

1947 жылы Айша апамыз М. Әуезов атындағы академиялық драма театрынан Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж. Шанин атындағы қазақ драма театрына жоғары санатты актер болып ауысуы, театрға осындай тұлғаның келуі бұл театрдың бақыты еді. Осы театрға келген 65 жыл ішінде қаншама фольклорлық, классикалық, тарихи және бүгінгі күн тақырыптарындағы қойылымдардан бүтін бір образдар галлереясын жасады. Ол бейнелер қатарына қазақ, орыс, шетел драматургиясынан: «Қыз Жібектегі» — Қыз Жібек, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудағы» — Баян Сұлу, «Ер Тарғындағы» — Ақжүніс, «Қара қыпшақ Қобыландыдағы» — Қарлыға, «Абайдағы» — Әйгерім, «Асауға тұсаудағы» — Катарина, «Оттелодағы» — Дездемона және т.б көптеген рөлдері әлі күнге дейін ұмытылмай, ел ауызында жүр.
Айша Абдуллина Қазақстан Республикасының Халық әртісі, көркем өнер істері жөніндегі ССРО Министрлер Советінің Құрмет Грамотасымен, үш рет Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының Құрмет Грамотасымен, «Құрмет белгісі» орденімен, 14 рет Кеңес Одағы медальдарымен, наградталып, 4 рет облыс, қала Кеңесіне депутат болып сайланған. 1996 жылы Президент степендиясын алды. 2004 жылы Оңтүстік Қазақстан Облысының «Құрметті азаматы» атанды. Екі рет ҚР Президентінің «Алғыс хатымен» марапатталған өнер ардагері. 2006-2007 жылдары облыстық «Көктем-Театр-Сахна-2006-2007» — фестивальдарында Айша Абдуллина атында стипендия тағайындалуы үрдіске айналды.
Ал, репертуары бай әншілік өнері мен «Қан мен тер», «Ажал періштесі Сұржекей» сынды түскен кинолары өз алдына бір әңгіме.
— Маған қазақ өнеріне өшпес қолтаңбасын қалдырған Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Шәкен Айманов сынды сахна саңлақтарымен бірге ойнап, басты рөлдерді сомдау бақыты бұйырды. Мен ешқашан рөл таңдаған емеспін, мынау басты рөл, мынау екінші кейіпкер деп бөле-жармадым. Рөлдің жақсы-жаманы болмайды. Тіпті, рөл тимей қалған кездер де болды, онда да ренжіген емеспін. Мен өте қарапайым болдым. Нағыз әртіске ең бірінші керегі — қарапайымдылық. Әртіс екенмін деп мұрын шүйіруге болмайды. Өйткені, театр халықтан үйреніп, халықты тәрбиелейтін жер, сахна тазалықты сүйеді. Жалпы адам баласы қарапайымдылықты бойларына сіңіру керек. Мен депутат болған жылдарымда да осы қарапайымдылықтан танбадым, — дейді апамыз.
_MG_9776Сахна үшін жаралған жан Беларусь жеріндегі майдан даласында азаттықты, бостандықты көксеген ән шырқады. Алматыдан барып, жеңімпаз жауынгерлерге өнер көрсетіп, жеңіске жігерлендіріп жүрген концерт бригадасының құрамында жүрді. Бұл 1943 жылдың екінші жартысы болатын. Жау жанын жасырарға жер таппай, батысқа қарай ығып бара жатқанда, оларды өкшелей қуған жауынгерлердің арасында Айша жүрген концерт бригадасы түн жамылып, роталар мен полктерды аралап, жеңіспен бірге жеңіс күйін, жеңіс әнін шалқытқан. Талай түндерді ұйқысыз өткізіп, жауынгерлерге өнер көрсеткен.
Аңсаған арманына жеткен Айша Абдуллина өмірде – бақытты, өнерде – өз елінің махаббатына бөленген сүйіктісі, отбасында – ардақты ана, абзал әже. Өнерге адалдық керек. Кіршіксіз сезім болмаса шынайы өнер де тумайды. Қазіргі жастардың ұғымындағы Өнер адамының бейнесі осындай болуы тиіс.

Тұңғышбай Жаманқұлов актер,
режиссер, Қазақстанның халық әртісі:

— Әуезов театрының сахнасында сыңғырлаған үні қалған Айша апамның бүгінгі ұлы тойына үлкен қуанышпен қанаттанып ұшып келдім. Мына құдіретті сахна көрермен залынан сәл ғана биікте тұрғанының себебі, бұл сахна тазалықтың, биіктеудің, Ұлы жаратушыға жақындап, арман бөлісудің құтты мекені. Бұл жерде қызмет етіп жүрген өнерпаздардың тамған тері қасиетті. Сол қасиет пен құдіреттің арқасында, Айша апамдардың жасаған ерен еңбегінің арқасында, өнерге деген үлкен адалдығының арқасында, жүректерінің өнер деп, елім деп, қазағым деп, ұлтым деп соққан қағыстарының арқасында өнерге деген театрға деген мына Ұлы мәртебелі көрермен сіздердің тартылыс күштеріңіздің азаймағаны сондықтан. Өнер халықтікі дейміз. Халықтан шығады, халықтан қайтарылады. Мұқағалидің өлеңімен айтсақ:

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын,-

дегендей, қазақ деген халық өнерпаз халық. Біздің тарихымыз тым тереңде, арманымыз тым аспанда. Қазір мамыражай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған әдемі заманды, Алла Тағала біздің қасиетімізге, құдіретімізге ұлттық ар-намысымызға, қазақ деген момын да аңғал, кең халық үшін беріп отырған сияқты. Солардың бірінде Өнер шаңырағында, құтты мекенде ұлы мереке. Бүгін қазақ елінің өнерін жалау қылып көтерген, сол жалауының желбірегенінің, жанының ақ екендігінің, жүрегінің соғысы таза екендігінің арқасында Айша апамыз жүзге келді. Осылай ұзақ жасауының себебі де осы сахнаның қасиетінен деп ойлаймын. Әуезов театрында бастаған қызметін осы шырайлы Шымкентте жалғастырып, тапжылмай қызмет етті. Сол себепті де ұлы көрермен театрға деген тартылыс күшін азайтқан жоқ. Мен бүгін осында Айша апамның баласы ретінде, інісі ретінде, әріптесі ретінде және Қазақстанның 54 театрының атынан, сол театрлардың қайраткерлер одағының төрағасы ретінде келіп тұрмын. Және екінші бір үлкен аманатым Әуезов театрының атынан да келдім. Айша апамыздың қасымызда отырғандығы қазақ деген халықтың тамыры терең , тегінің мықты екендігін көрсетеді. Ұлы мәртебелі өнер жасасын, Қазағымыздың өнерге деген махаббаты мәңгілік жасасын!

 Жанерке ХУМАР

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *