Ақша беріп, намазға жыққан

Бүгінгі таңда қоғамда діннің атын жамылып, жастарды теріс ағымға азғырушылар көбейді. Өйткені, жастардың өмірлік тәжірибесі аз әрі олар сенгіш келеді. Осыны ұтымды пайдаланған жат пиғылды ағымдар өз үгіт-насихаттарымен жастардың санасын улауда. Олардың ұялы байланыс және интернет желілерін ұтымды пайдаланудың арқасында жастар мен жеткіншектерді теріс жолға итермелеп отырғаны да жасырын емес. Бұған дейін баласын жоғары білім алу үшін қалаға жіберген ата-ана «балам төбелеске ұрынып, келеңсіз жағдайға ұшырап қалмасын», не болмаса «қаржыдан қысылып, қиналмаса екен» деп уайымдаса, қазір «базбіреулердің алдауына сеніп, кереғар ағымдардың жетегінде кетіп қалмаса игі» деп қауіптенетін болды. Намазға барса, теріс ағымға өтіп кетпес па екен деп қауіптенетін болды. Себебі, мұсылман дінін теріс әрекеттер жасау мақсатында пайдаланып жүргендер қазақ қоғамы үшін үлкен қауіп төндіріп тұр. Бұл дәстүрлі дініміздің дамуына кері әсер етіп отырғаны белгілі. Кейбір исламшыл топтар Сириядағы содырлар қатарын толықтыру үшін көптеген құйтырқылық әрекеттерге баруда. Соның бірі әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларын азғырып, қатарына қосуда. Қалай дейсіз ғой?

Мысал ретінде мына бір жігіттің басынан кешкен оқиғасын келтіре кетсек. Әзілхан (аты өзгертіліп жазылған) өзінің өзге ағымның жетегіне кете жаздағанын былай баяндап берді.
«Мен Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде білім аламын. Ата-анам ауылда тұрады. Жұмыссыз. Сөйте тұра менен басқа тағы төрт бауырымды асырап жүр. Әупірімдеп оқуымның ақшасын төлеп, амалдап келеді. Пәтер жалдауға шамасы келмесе де азын-аулақ қаражат жіберіп тұрады. Жатын жерден қиналып жүрген менің жағдайым бірге оқитын достарыма белгілі болатын. Бір күні олар мені өздерімен бірге тұруға шақырды. Айтуларынша тамақ та алмайсың, пәтерге де тегін тұрасың. Мен оған келісе кеттім. Сөйтіп киім-кешегімді алып, сонда қоныстандым. Байқағаным олардың барлығына бір кісілер көмектеседі екен. Олармен бірге мешітке барады. Намаз оқиды. Кешкісін олар келіп, бізге дін туралы әңгімесін айтады. Сөздерінен түсінгенім, бұл жерде тұру үшін сен де намаз оқып, сол дінге бейім болуың керек. О дүниеде не болады, ол жақта жақсы өмір сүру үшін қазірден бастап қандай әрекет ету керек дегендей бағыт береді. Сонымен мен де достарым секілді намазға жығылдым. Кешке уағыз тыңдайтын болдым. Есесіне үш мезгіл ыстық тамақ ішеміз, жатын орнымыз тегін. Алайда менің ата-анам намаз оқитынымды естіп, ол жерден шығарып алды. Мені имамға апарып, біздің діни бағытымыз Ханафи мазхабы екенін, олардың бағыты теріс екенін ұғындырды. Содан бері мен ол үйге бармайтын болдым».
Қазір қаладағы жастарды осылайша теріс ағымдардың шырмауына іліп, айтқанына көндіретіндер көбейіп кетті. Ертең осы жастардың Сирияға соғысқа кетпесіне кім кепіл?
Әзілханның ата-анасы ұлының әрекетін ертерек анықтап, тура жолға салыпты. Ал ол жағдайдан бейхабар қаншама ата-ана бар десеңізші. Кереғар ағымның өкілдері сондай-ақ жастарды ақша беріп қызықтырады. Азын-аулақ қаражат беріп, шағын кәсібін ашуға көмектеседі. Бұрын оларға шет елден қаржылай ақша келетін болса, кейіннен ондай әрекеттерге заңмен тиым салынды. Енді шетелдегі ұйым жетекшілері мен демеушілері көмекті тұрмыстық материалдар, халық тұтынатын тауарлар ретінде жіберуде. Оны базардағы сақаладылар ақшаға айналдырып, теріс ағымды насихаттауға жұмсалды. Сатушыларға «Бізбен қосылып, намазға барасың. Уағыз тыңдайсың. Кейін табыс тапқан соң, ақшаны шетінен қайтарасың» деп шарт қояды. Бұл талап онсыз да күнін әрең көріп жүрген жастар үшін тиімді екені белгілі. Сондықтан сақал қойып, балағын қысқартып, «Бауырларымен» тығыз қарым-қатынаста болады. Кейіннен қатарына өздері сияқты жас-тарды да тартады.
Ал кәсібі дөңгелеп, қыруар табыс тауып жүрген азаматтармен мешітке барғанда танысып, қатарына қосады. Оларды күн сайын басқосуларына шақырып, «Бауырларға» керек деп, ай сайын ақша жинайды. Қомақты қаражатты жинаушылар оларды есепшоттар арқылы шетелге асырып жібереді. Естеріңізде болса, Әл-Фараби аудандық соты Қазақстандық азаматтардан «Бауырларымызға керек» деп ақша жинап, оны Сирияға жіберіп келген үш адамды соттаған болатын.
Сондықтан теологтар ата-аналарға ұл-қыздарының ұялы телефондарын бір мезгіл тексеріп, шамадан тыс қолданбауын қадағалау керек деп отыр.
Өткен жылы ҰҚҚ төрағасы Нұртай Әбіқаев Сириға аттанған Қазақстан азаматтары 300-ден асты десе, биыл Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатында шам елінде соғысып жүргендердің саны 400-ден астам деп атап өтті. Олардың қатарында содырлардың әйелдері мен балалары да бар. Ұлттық қауіпсіздік органдарының мәліметінше бүгінде сол жақтан қайтып келіп жатқандары бар, әрі оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Десе де бұл радикалды ағымның ықпалында болған азаматтарымыз содырлармен түрлі әлеуметтік желілер арқылы байланыс орнатуда. Бұл ұйымның діни түсініктері өте радикалды бағытта екендігін ескерер болсақ, бір адамның улануы да біз үшін үлкен қауіп.

Абдулла Бақадыр,
«Нұр Мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *