Ағын судан тапшылық болуы мүмкін

IMG_2483

Биыл қыстың жылы болғанына дихандар алаңдаулы. Қара жерде бір күн болса да қардың жатпауы мен жаңбырдың болмағанынан егістің жайы не болады екен деген күдігі басым. Оның үстіне, өткен жылы көктемде ауа-райы күрт суып, біразын шығынға батырғаны тағы бар. Осыларға қарамастан несібесін жерден тауып отырған шаруалар тәуекелге бел буып, көктемгі егіс даласына дайындықты бастап жіберді. Алайда, мүлдем дымқылы жоқ егістік алқабына еккен өнімнің жайы қалай болатындығын өздері де білмей әлек. Екіншіден, егіс алқабын суғаратын судың тапшылығы биыл қатты сезілуде екен.  Мақтарал ауданына барған сапарымызда осы жайттарға куә болып қайттық. Дала жұмыстарын бастаған шаруалардың дәл бүгінгі тыныс-тіршілігінен әңгіме тарқатсақ. 

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, өңірде 775 мың гектар егіс алқабы бар. Дәл бүгінгі күні оның 4500 гектарына көкөніс, 300 гектарына жоңышқа, 200 гектарына арпа-бидай егілген. Көктемгі егіс даласына дайындықты Мақтарал, Сарыағаш, Төлеби аудандары бастап та жіберген. Соның ішінде Мақтарал ауданында көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүруде. Мұнда қызанақ, қияр мен қырыққабат егуді шаруалар желтоқсан айынан қолға алған. Қыста көшетін дайындап, қазір алқапқа қырыққабатын егіп үлгерген. Ал, мақта алқаптарында сор шаю жұмыстары жүргізіліп жатқандығын көрдік.
Ауданның Мақтарал ауылдық округінде егіспен айналысатын 1700-дей шаруа қожалық бар. Солардың бірі — Азаттық ауылындағы «Әмина» шаруа қожалығының дихандары қыс бойы да тыным таппаған. Көкөністің көшетін өздері дайындап, жылыжайға қияры мен қызанағын еккен.
— 2 гектардай жерге қырыққабаттың көшетін отырғызып, бетін кленкамен жаптық. Бұл көкөністің «Фараон» деген сорты. Ерте піседі. Алқапты осыдан екі күн бұрын суғардық. Қырыққабат суыққа төзімді болғанымен, ерекше күтімді қажет етеді. Күтіп-баптап қарамаса, өнім алудың өзі қиын. Сондықтан, ерте әрекет жасап, тұқымын қыста сеуіп, көшетін өзіміздің көшетханада дайындадық. Сәуір айының ортасында толық піседі, — дейді шаруа қожалықтың диханы Жұмабек Өмірәлиев. «Әмина» шаруа қожалығының төрағасы қазір жергілікті 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.

20151019_104907Кеңес Алпысбаев,
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Егіс егуді ерте бастамаса болмай тұр. Өйткені, жердің дымқылдығы азайып барады. Көктемде суық бар екен деп егісті тоқтатып қоюға тағы болмайды. Диханның жұмысы – тәуекелді қажет етеді. Сондықтан, дала жұмыстары басталып кетті. Арпа-бидай, жоңышқа мен көкөністерді егуді облыстың дихандары бастады.

«Нұрбек» шаруа қожалығының егіс алқабында біз барғанда 30-дан астам шаруа көкөніске тыңайтқыштар беру жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Мұнда қырыққабаттың голландиялық «Ринда» сорты егілген. Тұқымды шаруалар желтоқсанда жылыжайға өздері сеуіп, дайындаған. Қаңтардың 25-іне алқапқа көшеттерді отырғызған. «Қырыққабатты 4 гектарға ектік. 10 гектарға қауын-қарбыз егуге жерді техникамен жыртып, тырмалып дайындап жатырмыз. Мақта алқабында сор шаю жұмысы жүруде. «Ринда» сорты «фараонға» қарағанда 30 күндей кешірек піседі, салмағы да ауырлау. Өткен жылы наурыздағы суықтан еккен егісіміз үсікке шалынып, шығынға баттық. Интернеттен ауа-райының суытатынын көріп отырып, сенбестен қырыққабаттың бетіндегі кленкасын алып тастадық. Сосын үсікке ұрынды. Биыл енді күн сайын ауа-райын бақылап отырмыз. Қыс жылы болды. Көктемде тағы бір суық бар деп естіп жатырмыз. Соған ұрынбай өнімді аман алып қалудың қамымен жүрміз», — дейді шаруа қожалығының иесі Қуанышбек Оразбаев.
Қуанышбек Оразбаев биыл көкөністі егу жұмысы жылдағыдан 20 күндей бұрын басталғандығын айтады. Сондай-ақ, егіс егу жұмыстарына мемлекеттен ешқандай қолдау көре алмай отырғанын жасырмады.

vlcsnap-2016-03-01-17h51m33s119Нұрбол Саттаров,
Мақтарал аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Биыл ауданның ауылшауашылық тауар өндірушілеріне көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге барлығы 17,6 мың тонна жеңілдетілген бағадағы жанар-жағар май мен облыстық бюджет есебінен субсидияланатын 22,7 мың тонна аммиак селитрасы, 5,1 мың тонна суперфосфат, 3,8 мың тонна аммафос, 1,5 тонна фосфарит ұны, 620 тонна карбамид, 76,2 тонна нитроаммофас, 377 литр МЭРС тыңайтқыштары бөлінді. 2016 жылы мақта дақылын 80 мың гектарға егу жоспарлануда.
Көктемгі дала жұмыстары жылдағыдан ерте басталды. Сондықтан, шаруалар қазір тыңайтқыштарды өз қалтасынан алып жатыр. Осы тұста шаруалар минералды тыңайтқыш алғанда толық құжатымен алсын. Сосын сол құжатпен қоса өтініммен ауылшаруашылығы бөліміне келеді. Егер, олар тыңайтқыштарды отандық өндірушілерден алса 50%, шет мемлекеттен алғанда 30% субсидия алады.

– Мемлекеттен берілетін қаржылай көмекті алуда ауылдық жерлерде шаруаларға насихат жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Ал, тыңайтқышты мүлдем ала алмаймыз. Ол бізге жетем дегенше уақыт өтеді. Қазір көкөніске тыңайтқыш беріп жатырмыз. Оны өз қаражатымызбен алдық. Өзбекстанда бар екен, келісі 100 теңгеден дейді. Ал, елімізде Ақтаудан әрең таптық. Келісі 68 теңгеден. 4 гектар жерге 4 тонна тыңайтқыш қажет. Оны екі рет беру қажет. Қазір соның алғашқысын беріп жатырмыз, — дейді шаруа.
Шаруалар биыл мақта тұқымының келісі 200 теңге болғандығын айтады. Өткен жылы келісін 120 теңгеден алған болатынбыз. Енді, биыл тұқымды қалай алатынымызды білмей дал болудамыз дегенді айтты.
Мақтаралдық шаруалардың қиындығы бұл ғана емес. Алдағы уақытта олар егіс алқабын суғаратын судың тапшылығын көруі мүмкін. Себебі, биыл қар, жаңбыр суы болмағандықтан, судың мөлшері өте аз. Құрғап кеткен топырақ суды жылдағыдан көп қажетсінуде екен. Қазіргі қолда бар сумен көкөністерді, яғни, қырыққабат алқабын суғарған. Мақта және өзге өнімдерді еккенде мәселенің қалай болатыны белгісіз. Сол себепті, аудандық әкімдік облыс басшылығы, су комитеті, ауылшаруашылық министрлігіне хатпен шығып, көмек сұрауда.

Қайрат АқыновҚайрат Ақынов,
«Қазсушар» РМК Мақтарал өндірісі су пайдалану бөлімінің бас маманы:
Қыс болмады. Қыс айларында 27С дейін жылы болды. Мұның барлығы егіс алқабындағы топыраққа кері әсерін тигізбей қоймады. Салдарынан топырақ құрғап кетті де жылдағыдан суды молырақ қажет етуде. Оның үстіне, қар мен жаңбыр болған жоқ. Мақтарал ауданында 36 мың гектар суармалы жер бар. Дихандар алдағы уақытта егінді суғаратын ағын судың тапшылығын көруі мүмкін. Өйткені, егіс алқабына суды «Достық» каналынан аламыз. Ол су Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанның ірі су қоймаларына келеді. Жылда бізге егін суғаруға секундына 48 мың текше метр су қажет болатын. Ал, биыл ол 13 мың текше метрін ғана алып отырмыз. 35 мың текше метр су жетпейді. Мұндай мәселе өңірде бұрын-соңды болмаған. Бұл жоғары биліктің көмегімен ғана шешіледі.

IMG_2521

Арзандатылған жанармай беріледі

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Энергетика министрлігі бірлесіп ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне берілетін арзандатылған жанар-жағар май көлемі мен операторларды анықтады. Біздің өңірге 38 мың тонна жанар-жағар май бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне оның бағасы 1 литріне 85 теңгені құрады. 2016 жылдың 1 наурызынан бастап операторлар арасында келісім-шартқа қол қою рәсімі жасалады. Осылайша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арзандатылған жанар-жағар майды 2016 жылдың 3 наурызынан бастап алатын болады.

Дайындаған Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *