Ағаш көшеттерін неліктен қыста отырғызады?

Бағдарламаның мақсаты — қараусыз қалған шатқалдарды халық демалатын саябаққа айналдыру. Мұндай сай-салалар негізінен қаланың сыртқы аумағында көптеп кездеседі. Осы ретте қаланың дамуы кенжелеп қалған шеткі аудандарын аталған бағдарлама аясында абаттандырып, саябаққа айналдыру жұмыстары басталып кетті. Бұл өз кезінде ауа температурасы +40 градусқа дейін көтерілетін Шымкенттің тұрғындары үшін өте ыңғайлы болмақ. Саябақта серуендеп қана қоймай, мәдени кештер ұйымдастырылып, ашық аспан астындағы амфитеатр қойылады.

Алдағы уақытта қалада 600 гектар шатқалды жер демалыс орындарына айналдыру жоспарлануда. Биыл бірінші кезеңдік жұмыстар шеңберінде қолға алынатын 5 шатқалдың (97 гектар жерді құрайды) біреуі бюджет қаржысы есебінен көгалдандырылып, саялы жерге айналдырылса, қалғаны демеушілер есебінен жүзеге асырылады.

Биыл ағаш егілетін 5 шатқалдың алғашқысына, яғни Тассай тұрғын алабындағы сай-салаға 2017 жылдың 14 қаңтарында 1718 түп көшет егіліп, «Шымсая» деген атау берілді. 25 гектарға қарағай, арша, емен, шаған, талшын секілді бойшаң ағаштар отырығызылды.Егілген көшеттердің 1000 данасы Түркістан қаласынан, 680 данасы Жасыл желек мекемесінен және Дендрологиялық саябақ кәсіпорнынан 38 дана қарағай алынды.

Ал, Самал-3 шағынауданында салынып жатқан екінші саябаққа 5 мың түп ағаш көшеттері отырғызылды. «Самал» шатқалы деп атау берілген саябақ 38 гектар аумақты құрайды. Мұнда 15 мыңнан астам — үйеңкі, емен, шаған, шынар, қарағаш, сексеуіл, қараған, жылауық тал мен арша, қарағай калифорниялық терек егілмек. Бұдан бөлек, қаңтар-ақпан айларында 3 шатқалды көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.

 

– Шымкенттегі 8 саябақ, 30 сквер, 1 дендросаябақтың жалпы аумағы жасыл желекпен қосқанда 300 гектарды құрайды. Мұны миллион тұрғынға шаққанда, адам басына бар болғаны 3-ақ шаршы метрден келеді. Бұл бір адамға бір талдан келеді деген сөз. Ал санитарлық талаптар бойынша қалада әрбір адамға 16 шаршы метр жасыл желек болу керек. Қала аумағындағы сай-салаларды көгалдандыру мемлекеттік қызметкерлердің ғана міндеті болып саналмайды. Оған баршамыз атсалысуымыз керек,-дейді қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов.

Осы орайда Мәселен, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ұжымы жасыл желек қатарын дамыту жұмыстарына өз үлестерін қосу мақсатында 5 гектар жерді көгалдандыруға ниет білдіріп отыр.

Керімжан Пірімқұлов, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
– Қаладағы халық көп қоныстанған солтүстік және шығыс бағытындағы сайлардан бүгінгі бес сай таңдалып алынды. Қаладағы сай-салалардың көбінде қалдықтар, қоқыстар төгіліп пайдаға жарамай жатқан. Шымкенттің климаты жылы. Қатты аяз да болмайды. Сол себепті де біз бағдарламаны іске асыру үшін ағаш көшеттерін отырғызуды бастап та кеттік. Өйткені дәл қазіргі ауа райы өте қолайлы болып отыр. Саябақты, 5064 га жерде құрылған жасыл белдеуді күтіп баптау, қорғау және өсіру жұмыстарымен «Жасыл аймақ» КММ айналысады. Саябақтар салынғаннан кейін жұмыс орнына байланысты жұмысшылар да қабылданады. Бұл жайлы «Жасыл аймақ» КММ мекемесіне хабарласыңыздар.

Нұрмахан Жұмағұлов, Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеме директоры:
– Шымкент қаласы географиялық тұрғыдан алғанда ерекше экологиялық жағдайда орналасқан. Автокөліктің көптігінен, жаздың тынық күндерінде қаланың төбесі қара қою түтінмен лас-танып тұрады. Саябақтар салу экологияны жақсарту мақсатында туындаған ой. Мына жаңа саябақтарға егіліп жатқан қылқанжапырақты ағаштар және басқада қондырылып жатқан ағаштардың барлығы ірі көшеттер. Биіктігі 2 метр шамасында. Ал, ірі көшеттерді топырағымен қыста отырғызады. Қыста жерде тоң жатқан кезде көшеттерді 40-50 см тамырымен топырағы қоса алынады. Ал, көктемде мүмкін емес. Қылқанжапырақты ағаштарды ұсыным бойынша қыс ауасында отырғызу өте тиімді болып келеді. Қыста ағаштар ұйқыда жатады. Ал, ұйқыда жатқан ағаштарды жер мен ауа райының мүмкіншілігі келіп тұрса отырғыза беруге әбден болады. Өйткені сол ағаш отырғызылған жеріне тез бейімделеді. Желтоқсан-ақпан айларында егілген жасыл желектер табиғаттың түрлі жағдайларына – ыстық пен суыққа төтеп беріп, төзімді болуға септігін тигізеді.

Жанерке ХУМАР

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *