7 өзекті сұраққа нақты жауап

1. Шымкент қаласында «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы» ашылғандығын естідім. Менің де бала асырап алғым келеді. Қазір оған құжаттар дайындауды бастасам деймін. Бала асырап алу үшін қалалық білім бөліміне немесе ХҚКО құжат тапсыру қажет дейді. Орталықтың өзге мекемелерден айырмашылығы неде? Сол туралы ақпарат білгім келеді .(Г. Ерішқызы)

Сауалға «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы» ОҚО бойынша үйлестіруші-маманы Ғалия Тонтекова жауап береді.
Ж: «Аналар Үйі» қоғамдық қоры еліміздің 17 қаласында «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығын» ашты. Оның білім бөліміне қарасты қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінен айырмашылығы бар.
Мұндағы басты мақсат — тұрғындар арасында бала асырап алу мәдениетін дамытып, отбасын бала асырап алуға дайындаймыз. Әрбір бала асырап алушы ата-анамен жеке жұмыс жасалады. Балаларды отбасына орналастыру түрлері туралы түсіндіріледі.
Сондай-ақ, заң жүзінде құқықтық кеңес беріліп, психикалық тұрғыда қолдау көрсетіледі.
Арнайы бағдарлама негізінде (12 сабақтан тұрады әр сабаққа 3 сағат арналады) «Бала асырап алушы ата-аналарға арналған мектепте» тренингтер өткізіледі. Ата-аналарға бала асырап алғанға дейін және асырап алғаннан кейін қолдау жасаймыз. Сондықтан, олармен үнемі байланыста боламыз. Бір өкініштісі, бала асырап алғысы келетіндердің көбісі 1 жасқа дейінгі сәбиді қалайды. Бізде өткен тренинг-сабақтардан кейін көптеген ата-аналардың көзқарасы өзгерді. Олардың бүгінде жетімдер үйіндегі ересек балаларды асырап алуға ынтасы бар екендігін байқадық. Жұмыстардың барлығы тегін жүргізіледі.
Сауыққан балалаларды отбасына орналастыру мақсатында, интернаттық мекемелердегі науқас балаларды тегін емдейді, күрделі операциялар жасалады.
Республикалық call-орталықтың номері 1422, қоңырау шалу тегін.
Орталықтың мекен-жайы: Шымкент қаласы Желтоқсан көшесі, 20б, 208 кабинет, байланыс телефондары: 97-51-99, 8 747 311 97 82,8 777 310 99 64
Республикалық сайт www.bala-kkk.kz

 

2. «Жастар ресурстық орталығында» тегін психологиялық кеңес алуға болады деп жазыпсыздар. Ол жерде барлығы анонимді ме? Аты-жөніміз құпия сақталады ма? Алдын ала жазылу керек пе? (К. Марлен)

Сауалға «Жастар орталығы» КММ психологы Гүлжазира Пернебай жауап береді
Ж: Облыстық «Жастар орталығы» КММ –де жастарға психологиялық көмек көрсету мақсатында психолог маманы жұмыс істейді. Аталған қызмет барысында жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студент жастары, жалпы қиын жағдайға тап болған жасөспірімдер анонимді түрде өз мәселелерімен бөлісе алады. Өз кезегінде психолог маман қиындықтан шығуға қол ұшын береді. Жеке мәселе бойынша жалпы жыл басынан бастап осы уақытқа дейін 543 жеке тұлға психологиялық көмек сұрап келді, оның 351-і студент, 102 – сі отбасылы, 90 -ы жалғыз басты аналар. 1303 нөміріне хабарласып, мәселелеріңізді телефон арқылы айтуға болады, егер жауапқа қанағаттанбасаңыз, психологқа жолығуыңызға болады. Барлығы тегін және анонимді түрде.
www.okojastar.kz сайтында психологиялық кеңес орталығы туралы қосымша ақпарат көздерін ала аласыз.

 

3. Менің сіңілім тұрмысқа шықты. Оны алып қашып кетті, қазіргі таңда аяғы ауыр. Бірақ күйеу жігіт бұрынғы әйелімен некеде тұрады. Оны сіңлім тұрмысқа шыққаннан кейін кеш білдік. Заңды түрде ажыраспай жүргеніне 3 жыл болған. Қазір де ажырасуға асығар емес. Куйеу жігіт басқа қалаға жұмыс істеуге кеткен. Ал, сіңлім қайын әпкесімен бірге тұрады. Күйеуі телефонда сөйлескенде мазақ ететін көрінеді. Әйелі бола тұра алдап үйленіп (онда да алып қашып) енді аяғы ауыр кезінде бұрынғы әйелімен ажыраспай жүргені яғни, заңды түрде мұндай алаяқ адамдарға қандай шара қолдану қарастырылған? Қысқасы онын тағдырын ойыншық етіп отыр. Оны қалай жауапқа тартуға болады? (Айман, Шымкент)

Сауалға заңгер Венера Шертаева жауап береді
Ж: Сіңліңіздің аяғы ауыр болса және күйеу жігітпен заңды некеде тіркелмегендігі, жағдайды қиындатады. Заң бойынша ол азаматтық қүйеуіне ешқандай талап қоя алмайды. Сіңліңіз босанып болған соң, баланы өз атына жазуы керек. Содан кейін Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 48-ші бабына сәйкес: сотқа әкелікті анықтауды сот тәртібімен қарау жайында шағымдануы тиіс. Сот баланың әкесін анықтап шешім шығарған соң, сіңліңіз сотқа алимент өндіру бойынша арыз бере алады.

 

4. Сәлеметсіздер ме, баламды балабақшаға бердім. Бірақ, маған балабақшадағы күн тәртібі ұнамады. Түстеніп болғаннан кейін бірден ұйқыға жатқызады. Ал, бұл – баланың денсаулығына зиян. Балабақшалардағы күн тәртібін кім бекітетінін және өзгерістер енгізу мүмкіндігін қалай білуге болады? (Бегайым Жамбылова)

Сауалға Шымкент қаласының білім бөлімі жауап береді
Ж: Құрметті Бегайым Жамбылова! Шымкент қаласының мектепке дейінгі білім беру мекемелері Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 217 ««Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы негізінде жұмыс істейді.

 

5. Мен Ноғайбек Дана Құдабекқызы 2016жылы
Шымкент қаласындағы Шымкент университетінін дене шынықтыру мамандығы бойынша тәмәмдадым. Енді мен жұмысқа орналаса алмай жүрмін. Сол себепті сіздерге жүгіндім. Маған көмектеріңіз қажет. (Дана Ноғайбек)

Сауалға Шымкент қаласының білім бөлімі жауап береді
Ж: Құрметті Дана Құдабекқызы! Шымкент қаласының білім бөлімінің сайтына тіркелген, жұмысқа орналастыру туралы 2016 жылғы 5 қазандағы № 6825 сұрағыңызға төмендігіні хабарлайды: Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 28-бабы, 2-тармағы 1,2,4 тармақшаларына сәйкес, мектеп директоры «бос жұмыс орындарының (бос лауазымдардың) болуы туралы мәліметтерді еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, пайда болған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде» бос орындарға сұранысты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне береді. Жаңа оқу жылына берген бос орындар туралы сұраныстар жан-жақты зерделенді. Бос орындарды талдау барысында бүгінгі таңға №126 негізгі орта мектепте (Шымкент қаласы, Айнатас тұрғын алабы, 1квартал 25 б) 13 сағат жүктемемен денешынықтыру пәнінен бос орын бар. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне құжаттарыңызды тіркеп, аталған мекеменің берген жолдамасы арқылы жұмысқа орналасуға болатынын назарыңызға жеткізіледі.

 

6. Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты демалыс-тамын. Менің қызмет орнымдағы уақытша орында отырған адамды және менің штаттық орнымды басқа мекемеге ауыстырып жатыр. Ертең мен жұмысқа шыққанда қай мекемеге барамын. Заңды түрде қалай болуы керектігін айтсаңыздар… (Алмагүл,Шымкент)

Сұраққа заңгер Венера Шертаева жауап береді
Ж: Сіз бала күтіміне байланысты ақы сақталмайтын декреттік демалыста болсаңыз, сіздің жұмыс орныңыз Қазақстан Республикасының 100 бабының 3 тармағына сәйкес 3 жылға дейін сақталуы тиіс. Ал жұмыс беруші заң бойын-ша сіздің жұмыс орныңызды сақтауға міндетті. Екі заңды тұлғаның ортасындағы жұмыс орны мен штаттық бірлікті ауыстыру заңсыз болып табылады.

 

7. Жер үйімді көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерге ауыстырған болатынмын. Нотариусқа барып келісімшарт жасадық. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып тіркеу туралы анықтаманы 4 күн өткен соң алдық. Алғаш пәтерді барып көргенде ауа райы жылы болатын, алайда біз үй иесінен үйде ылғалдылық болмай ма деп сұрағанымызда «жоқ болмайды» деп жауап берді. Күн суытқан кезден бастап қазір пәтер ылғал тартып кетті. Үйді ауыстырғанымызға 2 ай өтті. Кішкентай 3 балам бар, кішісі 3 айлық, дәрігерлер үйдің дымқыл болуы бала денсаулығына әсер етеді деп отыр. Енді мен өз үйімді қайтарып алғым келеді олай жасауға бола ма, ол үшін не істеуім керек? (Арайлым, Шымкент)

Сауалға заңгер Венера Шертаева жауап береді

Ж: Сіз жер үйіңізді айырбастағанда пәтерді барып көрдіңіз және айырбастауға келісім бердіңіз. Сол себепті сіз өз үйіңізді қайтарып ала алмайсыз. Өйткені Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 504-бабы бойынша егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, айырбасталатын тауарларға меншiк құқығы айырбас шарты бойынша сатып алушы болатын тараптарға тараптардың әрқайсысы тиiстi тауарларды беру мiндеттемелерiн орындағаннан кейiн бiр мезгiлде ауысады. Бұл дегеніміз, айырбас шарты жасалып және ол Әділет департаментінде тіркелген болса, екі тарап та өз меншігіне теңдей құқылы екендігі көрсетілген.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *