55 жастан кейін жұмыссыз қалмайсыз

755 жастан асқандар енді жұмыссыз қалмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов айтты. Бұл жастағы азаматтарды мемлекет қаржысынан оқытып, жұмысқа орналасуға көмектесетін болады. Әдетте әлем елдері 55 жастан асқан адамдарды әлжуаз топқа жатқызады. Яғни, мұндай жаста оларға жұмыс табуда кедергілер көп.
«Әлемдегі дамыған елдерде адамдардың жасына қарай қолдау көрсетіледі. 55 жастан асқан азамат бүгінде жұмыстан айырылып қалса, жұмыс берушілер осы жастағы адамдарды жұмысқа алмайтынын білеміз. Сондықтан, көптеген дамыған елдерде, мәселен, Германия, Канада, АҚШ-та осындай азаматтар мемлекеттің қаржысына оқытылып, қызмет көрсету саласына жұмысқа орналастырылады», — дейді Б.Нұрымбетов. Біздің ел де шетелдік тәжірибені іске асырғалы отыр. Вице-министрдің мәлімдеуінше, осы мақсатта биыл қазынадан 240 млн теңге қарастырылған. Және 2 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген. Тұңғыш рет жүзеге асырылатын жоба жақында Үкіметте шешіледі.
Жұмыс берушілер көбіне зейнет жасына жақындаған азаматтарды жұмысқа қабылдаудан бас тартатын көрінеді. Өйткені, олар қоғамдағы белсенді топқа жататын жастарды немесе 45 жасқа дейінгі орта буын өкілдерін жұмысқа алғанды құп көреді. Сондықтан да, мұндай кезде қандай да бір тұрақты жұмысқа орналасу қиын.
Егде жастағыларды жұмысқа алудан не үшін бас тартатындығы туралы сауалнама жүргізгенімізде, жұмыс берушілер бірнеше себептерді айтты.
Олар:

* компьютерді жақсы меңгере алмауы;
* ғаламтормен жұмыс істемеуі;
* созылмалы аурулармен ауырып, дәрігерге көріну үшін
жұмыстан жиі сұранады;
* жас өскен сайын ұжыммен жұмыс істеу қабілетінің төмендеуі;
* ынта мен жігердің төмендігі, алға ұмтылыс жоқ.

Кейбір шет мемлекеттерде жұмыс берушілер жұмысқа қабылдар алдында жұмыс іздеушінің жасы, туған жылы туралы мәліметті сұрауға құқығы жоқ екен. Яғни, заңмен тыйым салынған. Міне, осындай елдерде жұмыспен қамтылу көрсеткіші жас ерекшеліктерімен есептелмейді. Ал, біздің елде әзірге мұндай шектеу жоқ. Жұмыс іздеуші өз анкетасында міндетті түрде туған жылы туралы мәліметті анық көрсетуі тиіс.
Дегенмен, кәсіби білікті мамандар қай кезде де сұранысқа ие. Ондай жағдайда жас ерекшелігіне қарайтындар аз. Мәселен, қаржы директоры немесе еңбек өтілі жоғары есепші керек десе, жастардың ол жұмысқа құп келмейтіні түсінікті. Сондай-ақ, түрлі ғылым салалары бойынша көптеген академиктер, ғалымдар, ғылым кандидаттары, профессорларға да көп мекеме зәру. Кейбір мекемелерде, тіпті, мықты қызметкерді зейнетке шығарар алдында орнын басатын адам табылмаса, өтініш жасап, алып қалып жатады. Міне, сондықтан бұл жастағы азаматтарды жұмысқа жарамсыз деп айту дұрыс емес.

7 geroi 2

Әділбек Тәуекел

Әділбек Тәуекел, құрметті теміржолшы, зейнеткер:
— Жасым 68-де. 40 жыл теміржол саласында қызмет еттім. Зейнетке шыққан соң, аса бір мұқтаждық болмағандықтан, жұмыс іздеген жоқпын. Бұл мәселе дұрыс көтерілген. Өйткені, осы жасқа келгенде асыраушысы жоқ азаматтар болса, оларға жұмыс табу қиын. Қамқоршысы жоқ азаматтардың қарттар үйіне барғаннан гөрі, осы жаңа бағдарлама бойынша оқып, жұмыс істегенін құптаймын. Ал, мәселені екінші жағынан алсақ, қазіргі таңда жұмыссыз жүрген жастар көп. Міне, сондықтан да, жұмыс істеуге мәжбүр болмаса, бос орындарға жастардың орналасқаны дұрыс.

7 geroi

Аян Боранбайқызы

Аян Боранбайқызы, көпбалалы ана:
— Біздің уақытымызда жұмысқа орналасу қиын болатын. Зейнетке шыққан соң, міндетті түрде орынды босататынбыз. Зейнетке дейін балабақшада жұмыс істедім. Көпбалалы ана ретінде 53 жасымда зейнеткерлікке шықтым. Тоқырау кезеңі болғандықтан, балабақшамыз да жабылып қалды. Ондай жаста жұмысқа қабылдамайтынын білген соң, ешбір мекемеге жұмыс сұрап барған жоқпын. Жеке кәсіппен айналыстым.

Дайындаған — Гүлнұр Сәтбаева

ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының телефоны: 30 — 10 — 36

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *