Дастархандағы қауіпті азықтар

Келер жылдың ырыс-берекеге толы жыл болуын дастарханмен байланыстырамыз. Қазы-қарта, жал-жая, бауырсақ-нан, салаттар, жеміс-жидекті молынан алып, отбасымен қарсы алатын мерекеге дайындық басталып та кетті. Себебі, ақша үнемдеу қажет. Әйтпесе, базарда азық-түліктің бағасы «жанады». «Үнемдеймін» деп «ауру» тауып алмауды да ескерген жөн. Жаңа жыл таяған күндерде сапасыз не дұрыс дайындалмаған тағамнан уланатын жағдайлар жиі кездеседі. Ал, мамандар мерекелік дастарханға қоятын мынадай азық-түліктерден сақтануға кеңес береді.

Дәмді… бірақ…

Майонез. Дастарханның сәні – майонезден дайындалған салаттар. «Оливье», «Подшуба» секілді салаттардың бұл қатықсыз дәмі болмас. Дегенмен, мамандар іріктеген жаңа жылдық дастархандағы қауіпті азықтардың басында майонез тұр. Калориясы жоғары әрі майлы майонез қосылған салатты дастарханға отырудан 1-2 сағат алдын дайындаған дұрыс. Ережені сақтамағанда тағамның дәмі бұзылып, улануға жол береді.

Майлы еттер. Асқазанға ауыр тиетін етті майға қуырғаннан қайнатып немесе пеште пісіріп дайындаған тиімді. Етті көп жесе асқазанға салмақ түседі. Не болмаса панкреатит секілді ескі ауруларды қоздырады. Қан-тамыр жодарындағы тромтың пайда болуына сапасыз және дұрыс тамақтанбаудың салдары әсер етеді. Мерекелік дастархандағы мол тағамдарды шамадан артық жегенде қан құрамын өзгертіп, жүрекке салмақ салады. Жүрегінде ақауы бар адамдарды үшін инфаркт, инсультке соқтыру қауіп бар.

Ірімшік және шұжық. Зерттеушілер қара тізімге ірімшік, шұжықтарды да кіргізген. Бұл өнімдердің сақталу ережесі бұзылғанда потогенді бактериялар туғызады. Нәтижесінде инфекциялық аурулардан асқазан бұзылады не улану жағдайын туғызады. Сатып алғанда және үйде сақтағанда арнайы ережені ұстаныңыз.

Мандарин. Жаңа жылдың символы саналатын мандарин дастарханның сәні. Денсаулықа пайдалы, құрамы дәруменге бай цитрусты жемісті кез-келген адамға жеуге болмайтындығын білетін шығарсыз. Мұның аллергия туғызатын қасиетінен бөлек, гастрит, колит, асқазан жарасы, холоцистит ауруларында жеуге тыйым салынады. Ол асқазанның шырышты қабығын тітіркендіріп, адамға жайсыздық тудырады да, көңілдің кештің сәнін бұзады.

Салаттар. Бұл кезде ас мәзірінің денін салаттар құрайды. Құрамы — картоп, краб таяқшасы, күріш, секілді түрлі заттардан құралады. Осылардың өзінің сапасы төмен болса, улануға жол береді. Мәселен, картоптан потогенді микробтар, краб таяқшасынан химикаттар, сүрленген түрлерінен канцергондер мен консерванттардан аяқасты ауру пайда болады.

Мерекелік дастархан үстінде…

Қыз-келіншектердің бұл күнгі жұмысы оңай емес. Себебі, отбасы мүшелерінің саулығы да осы нәзік жандылардың қолында. Сондықтан мына кеңестерге назар аударып көріңіз. Дастарханға қойылатын азық-түліктердің барлығының балғын болғаны дұрыс. Осы тұста, уланудың алдын алуда бір қулыққа барыңыз. Салаттағы майонезді қаймақпен алмастырыңыз. Еттің орнына балық не тауық етін қойыңыз. Бұл күні асқа түн жарымында отыратындықтан саңырауқұлақтан гөрі тұздалған көкөністерді көбірек қойыңыз.

Сарымсақ — асқазанның жақсы жұмыс істеуіне көмектеседі. Ол ақуыз бен майдың сіңімділігін жақсартады. Әрі бауыр жасушаларын шлак пен токсиндерден қорғайды. Сондықтан, қажетті деген тағамдарға сарымсақ қосқан артық болмайды.

Азық-түлікті ертерек сатып алған дұрыс па?

Бұдан бөлек, мерекеге қарсы азық-түліктердің бағасы шарықтайтыны рас. Сондықтан, кейбірін ерте алып қалуға қамданады. Тәттілер, көкөністер мен жеміс-жидектердің әрқайсысының сақталу мерзімі болғандықтан сақтық шараларын да біле жүрген дұрыс. Арзан аламын деп ауру тауып алуыңыз бек мүмкін. Сонымен, қай азықты қай уақытта сатып алған жөн екендігін біліңіз.

Салатқа қосатын консервідегі — жүгері, көк бұршақ, үрмебұршақты ұзақ сақталатындықтан ертерек сатып алуға болады. Нан алуға барғанда банкадағы жүгеріні, сүтке барғанда – жасыл бұрышты ала келіңіз.

Сол секілді, сусындардың өзі айдың екінші жартысында-ақ қымбаттайды. Оларға қазірдің өзінде бару қажет-ақ. Қызыл уылдырық жаңажылдық дастарханның сәні. Мұны сақтаудың қиындығы бар. Егер қаржы үнемдеуде оны бір-екі апта бұрын алып қоюды ойласаңыз, қаңылтырдағысын таңдаңыз. Пластик ыдыстағысын бір аптадан артық сақтау қауіпті.

Ал, кәмпиттер және сыйлыққа деген тәттілерді алдын ала алмаңыз. Өйткені, тәттілер қалыпты температурада сақталмаса, еріп, пішімін жоғалтады. Арасына жержаңғақ, карамель немесе алькоголь салынғанын тәттілерді балаларға сыйлыққа алудан аулақ болыңыз. Әсіресе, өрік және жержаңғақ күшті аллергендік өнім,-дейді мамандар.

Көкөністерден картоп, сәбіз, пияз және сарымсақты, ал жемістерден – ананас, алма, апельсинді мерекеге бір апта қалғанда алуға қамданыңыз. Олар +1-3 градуста тоңазытқыштың төменгі сөресінде жақсы сақталады. Ет, балық, пісірмелер мен ағарғанға 1-2 күн қалғанда барыңыз. Бұл ережелерді ескермегенде, мерекелік дастархан басынан тіке ауруханадан бір-ақ шықпасыңызға ешкім кепілдік бере алмайды.

Дайындаған —
Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *