55f436a68b359-1Соңғы кездері «инсульт алыпты» деген сөзді жиі еститін болдық. Мұны «жүрегінде ақауы бар қарт адамдардың ауруы» деп ойлап келдік. Дегенмен таяуда 20 жас-тан енді асқан ер адам инсульт алған. Бас миындағы ауытқудың нәтижесінде қан-тамыры жарылған. Ақ халаттылар науқасқа «инсульттің геморрагиялық түрі» деген диагноз қойған. Кесел де жасарып барады. Қазақстанның нев-ролог-мамандары аурудың алдын алу мәселесін айтып дабыл қағуда. Өйткені, елімізде жыл сайын 50 мыңға жуық адам инсульт бойынша диспансерлік есепке тіркеледі. Олардың тең жартысы бір жыл ішінде ажал құрығына ілінсе, қалғандары мүгедек болып қалады. Ал, мұндай статистика өңірімізде де мәз емес. Өлім көп. Аяқасты ажал құштыратын аурудың пайда болуына әсер ететін жағдайлар, онымен күрес және алдын алу тәсілдері жайында дәрігерлердің айтарын сұрап-білдік.

–Инсульт – бас-мидың ең қауіпті ауруы. Ол мидағы қан айналымның бұзылуынан туындайды. Инсульт алған кезде адамның ағзасында мынадай процестер жүреді: миға қан келу тоқтағанда ондағы жасушалар тіршілігі жойылады. Адамның қимыл-қозғалыс жүйесі шектеледі. Соның әсерінен оң немесе сол жақ аяқ-қолы салданады. Бұл кезде науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетілмесе, өлімге алып келеді. Инсульттің екі түрі бар. Жиі кездесетін түрі – ишемиялық инсульт. Ол мидың қантамырының тромбамен бітелуіне байланысты өрбиді. Өңірде инсульт алғандардың 70 пайызы осы түрімен ауырады. Екінші түрі – геморрагиялық инсульт қан тамырының жарылуымен және миға қан құйылуымен байланысты, — дейді невропатолог-дәрігер Рашид Бакиров.

Облысымызда жыл сайын 3 мыңнан аса адам инсульт алып, диспансерлік есепке алынады екен. Олардың 20-30 пайызы дерттен көз жұмады.

 

Инсульт орталығы жұмыс істейді

– ДДСҰ келтірген статистикада әлемде жиі кездесетін аурулардың бірінші сатысында – жүрек ақауларымен ауыратын науқастар тұр. Екінші орында – жүйке жүйесімен, яғни инсульт алғандар құрайды. Ауру санының жыл сайын өсуі оңтүстіктің медицинасында да өзекті мәселе. Сондықтан «2010-2014 жылдарға арналған» денсаулық бағдарламасы аясында облыстық клиникалық ауруханасында инсульт орталығы ашылды. Мұнда жылына 700-800 науқас ем алады. Инсульттің себебінен науқастар мүгедектік болады, геморрагиялық түрі көп жағдайда өлімге алып соғады. Орталықтың ашылуының басты мақсаты –осы келеңсіздіктерді болдырмау,-дейді орталықтың дәрігері Рашид Бакиров.

Дәрігердің айтуынша аурудың көбеюіне ықпал ететін жағдайлар көп. Салауатты өмір салтын ұстанбау, дұрыс тамақтанбау, кейбір ауруларға жүрдім-бардым қараудан кесел асқынады. Рашид Бакиров «инсульт алатындар – тек қан қысымы жоғары науқастар» деп ойлау қате екенін алға тартады. Жүрегінде ақауы бар, қант диабеті, бүйрек жетіспеушілігі, бауыр ауруларында да инсульт алу қаупі бар.

 

Инсульт қаупі бар топқа кімдер жатады?

40 жастан асқан әрбір адам өз денсаулығын тексеруден өткізсе, артық болмайды. Өйткені, адам ағзасы да тозады. Ем-домды қажет етеді. Инсульт алуы мүмкін қауіптілік кезеңі 40 жастан асқанда ұлғаяды. Осы себепті, инсульттің алғашқы сатыларын анықтап, аурудың алдын алу үшін елімізде скрингтік тексеру өтеді. Сау екеніңізді айтып, тексерілуден ат-тонын ала қашудың қажеті жоқ. Ауру – жасырын жатқанды жақсы көреді. Медицина мамандары скринингтік кезінде миды, жүректі ЭКГ, МРТ, КТ аппараттары арқылы тексеруден өткізеді. Невропотолг-дәрігер Рашид Бакиров скринингтік тексеруде тұрғындардың 15 пайызынан аурудың алғашқы белгілері анықталатынын айтады.

Қауіпті топқа жататындардың тізімін қайта тізбектесек. Себебі, әлі де сіздің аурудың алып, ұзақ жасауға мүмкіндігіңіз бар.

Олар:
— 40 жастан асқан соң;
— әйел адамдарға қарағанда еркектер
— жүрек аурулары және қан қысымы жоғары болғанда;
— темекі шегіп, спирттік ішімдік ішкенде;
— қанда холестерин деңгейі жоғары болғанда инсультке жиі ұшырайды.

d%d3%99riger-fotoРашид БАКИРОВ,
Облыстық клиникалық ауруханасы инсульт орталығының невропатолог-дәрігері:
– Инсульт кенеттен пайда болатын дерт емес. Жүрек, бүйрек, пен бауыр ауруларынан кейінгі екіншілік дамитын кесел. Сондықтан аурудың алдын алу шарасының берері көп. Ол үшін күніне 30 минут серуендеуді әдетке айналдырса – жүрекке керемет жаттығу болады. Тез адымдап жүрсе, жүрек пен тыныс алуға көмектесіп, тамырлардың саулығын жақсартады. Тамақтанғанда тұздың мөлшерін азайту қажет. Бұл да жүрекке салмақ салады. Ең маңыздысы – темекіден бас тартқан дұрыс. Артық салмақ та жүректің жауы. Қатарынан жеті күн қан қысымы түспесе, жылдам дәрігерге қаралыңыз. Бұлардың барлығын бақылауда ұстап, дер кезінде ем қабылдаса – миға қан құйылудан сақтануға болады.

 

Алғашқы белгілері
Облыстық клиникалық ауруханасы инсульт орталығының бөлім меңгерушісі, невропатолог-дәрігер Айгүл Әбдіғаппарқызы инсульттің алдын алуда ақпараттық-насихат жұмысында кемшіліктер бар екендігін жасырмайды. «Шет мемлекеттерде, айталық, инсульттің алғашқы белгілері жазылған үлкен плакаттарды аялдамаларға іліп қояды. Мұның өзі тұрғындарға көп ақпарат береді» деген дәрігер мына белгілер байқалғанда, тез арада медициналық тексерілуден өтуге кеңес береді.

Сонымен:
-Адамды күлуге өтініш жасаңыз: егер ол күле алмаса немесе күлгенде беті қисайса;
— Екі қолын жоғары көтеруді өтініңіз: егер бір қолы екіншісінен төмен немесе екі қолын көтере алмаса;
— Кірпік қағып, көздің қарашығын оңға-солға қозғауды өтініңіз: егер көздің алмасы симметрия бойынша қозғалмаса;
— Тілін шығаруды өтініңіз: егер тілін шығарғанда қисық болғанда инсульттің алдын алу үшін, шұғыл дәрігерге барыңыз.
Аурудың негізгі белгілері:
Беттің, қолдың немесе аяқ кенеттен жансызданып, ұйып қалады немесе әлсізденеді (әсіресе, дененің бір жағында).
Бір немесе екі көздің кенеттен көруі нашарлайды.
Кенеттен жүрудегі мәселе пайда болып, бас айналады, тепе-теңдікті немесе қимыл үйлесімін жоғалтады.
Кенеттен, себепсіз бас ауырады.

 

Дайындаған –Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *