22 жаңа мектеп ашылды

Кеше еліміздегі барлық білім ошақтарында алғашқы қоңырау соғылды. Білім беру ісіне жауапты мамандардың мәліметінше, биыл елімізде 7500 мектепте 2 600,0 мыңнан астам оқушы білім алады. Олардың 336 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Оның 70 мыңнан астамы күнгейлік оқушылар.

22 жаңа мектеп ашылды Оңтүстікте жалпы білім беретін 1022 мектеп бар. Онда 2015-2016 жаңа оқу жылында 602 мыңнан астам бала білім алады. Олардың 70448-і сынып оқушалары. Бұл әр мектепте шамамен 590 бала оқиды деген сөз. Оған мектебі жоқ елдімекендерді, апатты мектептерді қоссаңыз үш ауысымды мектептердің қайдан шығатынын аңғару қиынға соқпайды. Биылғы жаңа оқу жылында күнгейде тағы 22 білім ошағы пайдалануға берілді. Соның бірі – Сайрам елдімекенінде бой көтерген қазақ-өзбек мектебі. Аталмыш білім ошағының ашылу рәсіміне облыстық құрылыс басқармасының басшысы Күмісбек Орашев қатысып, оқушыларға білім алу жолында сәттілік тіледі. 1200 оқушыға лайықталған оқу ордасы арнайы пән сыныптары және компьютер кабинеттерімен жабдықталған. Мұнда мәжіліс және спорт залы, асхана, дәрігерлік көмек бөлмелері де бар. Айта кетейік, білім ордасының құрылысын «Арт-Құрылыс» ЖШС жүргізіп, нысанды мерзімінен бұрын ел игілігіне тапсырды. Дәл осындай қуанышқа созақтық балғындар да кенелді. Теріскейдегі Созақ ауылындағы Науай атындағы 600 орындық жалпы орта мектебі пайдалануға берілді. Нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі М.Исаев қатысты.

22 жаңа мектеп ашылды Айтпақшы…

Бұл күні Шымкент қаласында апатты деп танылып, құрылысы жүргізіліп жатқан №12, №22, №36, №79 «Жұлдыз» жалпы орта мектептері де пайдалануға берілсе, шаһарға қарасты Көкбұлақ пен Ақтас елдімекендерінде бой көтерген жаңа білім ошақтары оқушылар үшін есігін айқара ашты. Бұдан бөлек, Кентау қаласы, Бәйдібек, Ордабасы, Созақ, Түлкібас, Сарыағаш аудандарында бой көтерген білім ұяларында да алғашқы қоңырау соғылды.

Биыл облыстағы 100 білім нысаны күрделі жөндеуден, 697 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті.

Пайдалануға берілген нысандар:

Шымкент қаласы

  • №12 жалпы орта мектебі (қайта құру)
  • №22 орта мектебі (қайта құру)
  • 300 орындық мектеп, Көкбұлақ елдімекені
  • 1200 орындық мектеп, Сайрам елдімекені
  • №79 «Жұлдыз» жалпы орта мектебі, Жұлдыз е/м (қайта құру)
  • Қазыбек би атындағы №36 орта мектебі (қайта құру)
  • «Ақтас» мектебі, 200 орындық, Ақтас елдімекені

Кентау қаласы

  • «Шаштөбе» мектебі, 300 орындық, Қарнақ ауылы

Бәйдібек ауданы

  • «Борлысай» мектебі, 200 орындық, Қошқарата ауылы
  • «Жүзімдік» мектебі, 150 орындық, Жүзімдік ауылы

Ордабасы ауданы

  • «Ынтымақ» мектебі, 600 орындық, Шұбарсу ауылы
  • М.Жұмабаев атындағы мектеп, 300 орындық, Көкарал ауылы

Созақ ауданы

  • Науай атындағы мектеп, 600 орындық, Созақ ауылы
  • 150 орындық мектеп, Шаға ауылы

Түлкібас ауданы

  • «Жиынбай» мектебі, 200 орындық, Жиынбай ауылы
  • Т.Әубәкіров мектебі, 200 орындық, Еңбек ауылы

Сарыағаш ауданы

  • Сүлейменов атындағы №24 мектеп, 300 орындық, Жаңа құрылыс елдімекені
  • №135 мектеп, 300 орындық, «Новостройка»
  • №117 «Жолбасшы» мектебі, 300 орындық, Жолбасшы е/м
  • «Көлтоған» атындағы №115 мектеп, 300 орындық Біртілек а/о, Амангелді е/м
  • Т.Оспанов атындағы №68 мектеп, 300 орындық, Төңкеріс е/м
  • №108 «Құркелес» мектебі, 300 орындық, Атақоныс е/м

Айжан Ермекқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *