IMG_2669 (1)

«Халыққа көгілдір отын таратушы мекеме тұтынушыларға жеңілдік жасауы тиіс. Үйлеріне кіргізілген газ жүйесін жүргізу ақысын бөліп төлеуге мүмкіндік беру керек». Бұл қала әкімінің ұсынысы.
Газ құбырлары жүргізілген елді мекендер мен шағынаудандар қатары соңғы жылдары бірден артқан. 70-інде газ жүйесі бар. Биыл тағы үш шағынауданға көгілдір отын қосылады. Ол — Самал-2, Мирас және Таскен шағынаудандары. Ондағы жұмыстар былтыр басталған. Соңғы 4-5 жыл ішінде газ қосамыз деген жеке компаниялардың ұсынысымен шағынаудан тұрғындарының көбі газ жүйесін кіргізіп, көгілдір отынға қол жеткізді. Мемлекеттік жүйеге өткен дұрыс. Жерастымен жүргізілген жүйе ол қауіпсіз. «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ осы әдісті қазір барынша кеңінен қолданып жатыр. Алайда, шағынаудандардағы көшелерге тартылған құбырды ары қарай үйді-үйіне кіргізіп алуға барлығының шамасы келе бермейді. «Сондықтан, сол соманы бөліп төлеуге жұртқа мүмкіндік беру керек», — деді қала әкімі алқа мәжілісінде.
Қала әкімдігі де қазынадан бөлінетін қаржыға 8 жобаны іске асырып, бірнеше елді мекенге табиғи отын жеткізбек. Егер қаржы бөлінсе, биыл Бозарық-1,2,3 , Жаңа Тұрлан сияқты шағынаудандарға газ қосылады деген үміт бар.
Шымкентте су қоры жеткілікті. Тіршілік көзін алатын 4 үлкен скважиналар тәулігіне 400 мың текше метр су жинақтайды. Ал, қала халқы мен кәсіпорын, мекемелердің су тұтынатын қажеттілігі 127 мың текше метрді құрайды. Яғни, екі жарым есеге артық деуге болады.
Шымкенттегі елді мекендер саны көрші аудандардан қосылған ауылдармен қоса алғанда 81-ге жетті. Бүгінде оның 58-інің тұрғындары тәулік бойы таза су ішіп отыр. Ол 753 мың тұрғында тіршілік көзіне қатысты проблема жоқ деген сөз. Қаланың тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұров осылай дейді. Бұл мәліметтерді бөлім басшысы қала әкімдігінің алқа жиынында да айтқан болатын. Дегенмен, Шымкентте суды кестемен ғана тұтынатын елді мекендер бар. Бізде 15 елді мекенде 80 мыңдай жерлесіміз ауызсуды белгіленген уақытта ғана алады. Ол негізінен көршілес аудандардан қосылған ауыл тұрғындары. «Қазір олардың әрбірінде талдау жасалып, тәулік бойы су беруге қандай мүмкіндіктер бары зерттеліп жатыр,»- дейді сала мамандары. 2020 жылдың соңына дейін мәселені толығымен шешу көзделген. Оның бірден-бір жолы — магистралды жүйе тарту. Мұндай шаралар «Тұран» шағынауданында да қолға алынады екен. Себебі, Шымкенттің осыдан он жыл бұрын-ақ жеке секторға айналып кеткен бұл аумағында су, жарық, газ мәселесі күрделі. Шымкенттің Бас жоспары мен жаңа тұжырымдамасына сәйкес, бұл аумақта көпқабатты үй тұрғызылуы керек болатын. Санаулы үй емес, жүзден астам баспана тұрғызылып қойған шағынауданға су мен жарық, газ жүйесін жүргізу қажет. Тұрғындардың жайын ескерген қала басшысы бірден болмаса да, кезеңімен және құжаттарға сай, бұл тірлікті қолға алған.
Биыл «Нұртас» шағынауданы, Сайрам тұрғын алабы, «Мирас», «Қайтпас-1» шағынауданы, «Самал-3» шағынауданы, «Ұлағат», «Қызылжар» және «Ынтымақ» шағынаудандарындағы 57 мыңнан астам жерлесіміз сапалы ауызсумен қамтылады. Жоспардың қалай іске асқанын көру, сәл сабыр сақтасақ, ұзақ емес.
Осы күнге дейін өздері қазып алған құдықтар мен ұңғымадан су ішетін жерлестеріміз де бар. 8 елді мекендегі жұрт осындай күй кешіп отыр. Негізі, ол санитарлық нормаларға сай емес,-дейді КШБ бастығы. Мұндай тұрғындардың бірқатары «Құрсай» ауылында да бар. Және «Ақжардың» бір бөлігіндегі жағдай осындай. 2007 жылы ол ауылды таза сумен қамтуға Сайрам ауданының бюджетінен қаржы бөлініп, құбыр жүргізілген. Былтыр оны Шымкент қаласының орталықтандырылған жүйесіне қосқанда шыдас бермей, жарылып кеткен екен. Сондықтан, оны реттеу үшін алдымен жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып жатқанға ұқсайды. Бұл мәселе биыл түбегейлі шешілуі керек. Ал «Откормсовхоз» деп аталатын Бадам тұрғын алабының шет жағындағы жүзден астам отбасыға қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары суды тегін тасып беріп жүр.
IMG_2669Шымкент халқының 86 пайызы бүгінде сапалы электр желілерімен қамтылған. 48 елді мекендегі көшелерге осы бағытта қосымша құрылыс жүргізілуі тиіс. Олардың ішінде Достық-2, Ақниет, Қайтпас-2, Қайтпас-1, Ынтымақ шағынаудандары да бар. Жастар, Еламан, Застенная, Техохрана көшелеріндегі желілер де осы жылы жаңартылады. Бозарық тұрғын алабында жұмыс биыл да жалғасады. Ал, Қазығұрт, Азат, Құрсай, «Астана 1, 2 және «Ақжар» шағынаудандарында жаңа жарық желілерін жүргізіп, жаңа нысандарды қамту ісіне қажетті құжаттар дайындалып жатыр екен.
Жекеменшік трансформаторлар арқылы жарық алатын шағынаудандар бар. Әсіресе, сая-жай массивтерінде бұл проблема күрделі.
Жоспар түзіліп, бюджеттен қаржы бөлуді шешіп, құжаттар даярлау — жауапты іс. Сол ақ парақтың бетіне жазылғандай етіп, оны тез орындап шығу көбінде мүмкін бола бермейтіні тағы бар. Обьективті, субьективті себептерге байланыс-ты. Бірақ, қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы шымкенттіктердің әлеуетін арттырудағы бұл ең маңызды тұстар, кезек күттірмейтін шаруа болғандықтан, сапасын да қадағалап, орындауға әзірміз,- дейді.

Зәуре Оралбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *