Вакцинация мерзімін өткізіп алмаңыз

doctor physical examination of animal on farmШымкент қаласында 70 мыңға жуық ірі қара мал, 120 мыңнан астам уақ мал, 10 мыңнан астам шошқа, 9 мың жылқы және 700 мыңнан астам құс бар. Мал басының мұншалықты көбеюіне көршілес аудандардағы 40 елді мекеннің қаламызға қосылуы да себеп. Ең алдымен «Мал-жаның аман ба?» деп, жаннан бұрын малдың амандығын сұраған қазақ емеспіз бе? Сондықтан, адам баласының амандығы қорасындағы малының саулығымен тікелей байланысты.


Соңғы жылдары елімізде ветеринарияға көңіл бөліп, түрлі заңнамалық құжаттар қабылдап жатыр. Себебі, ветеринария жолға қойылса, мал ауруға ұшырамайды. Ал, сау малдың етін жеген адам аурудан алыс болады.
Наурыз айынан бастап қаладағы төрт түлік малға аса қауіпті жұқпалы аурулардың он бес түрінің алдын алу мақсатында егу жұмыстары басталады. Сондай-ақ, 25 түрлі ауруға диагностика жұмыстары жүргізіледі. Ветеринариялық іс-шаралар негізінен инфекцияның оянатын, қозатын кезі, ол жылдың жылы мезгілдері болғандықтан, нау-рыз айынан бастап қазан-қараша айларына дейін жалғасады.

5 Бақытжан Бегманов ветеринарБақытжан Бегманов, Ветеринария секторының меңгерушісі:
— Шымкент қаласының ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің негізгі қызметі — жануарлар ауруларын болдырмау, алдын алу, диагностикалық зерттеу және қала аумағындағы ішкі сауда орындарындағы халық тұтынатын жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін бақылау.
Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 78 млн теңге бөлінген. Ветеринар мамандардың мәлімдеуінше, жыл сайын жүргізілетін шаралардың нәтижесінде қауіпті аурудың тіркелуі кеміген. Өткен жылы қала бойынша 109 ірі қарадан, 115 ұсақ малдан бруцеллез, яғни, сарып ауруы анықталып, жойылған. Айта кетсек, «сібір жарасы, құтыру, қарасан, аусыл т.с.с» ауруларға қарсы егу, «сарып, аусыл, жұқпалы эпидидимит т.с.с» ауруларға диагностикалық зерттеу жұмыстары орындалыпты. Аталған ауруларға қарсы егу және зерттеу жұмыстары мемлекет есебінен тегін жүргізіледі. Сарып ауруымен ауырған малдарды алып қоймай, санитариялық сою әдісімен жойып, өтемақысының 50 %-ы мал союмен айналысатын ұйымдардан алса, қалғаны мемлекет есебінен қайтарылады. Бұрын мал иелері ауру малды нарық бағасынан төмен бағаға қиналып өткізетін. Енді жағдай түбегейлі өзгерген.

Қойылатын талап қатаң

Барлық ауылшаруашылығы жануарлары арнайы ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай салынған мал сою алаңдары мен бекеттерінде сойылуы қажет. Ондай жерде малды союдан бұрын ветеринариялық дәрігер алдын ала тексеріп, союға рұқсатнама береді. Ал, бұл талаптар сақталмаған жағдайда, яғни иесі малды ешбір ветеринар маманға тексертпей сойдырса, ауру жұқтыру қаупі күшейіп, сондай-ақ, жұқпалы аурудың кең етек алып таралып кетуі ықтималдығы артады. Қазір қалада жұмыс жасайтын 7 мал сою алаңы мен мал сою бекеті бар.
Жануарларды егу, емдеу, дианостикалық зерттеу, алдын алу, дәрілеу, дезинфекциялау жұмыстарын Шымкент қаласының ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің ұйымдастыруымен бөлімге қарасты «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттік коммуналдық мекемесі жүргізеді.

Қалалықтардың қауіпсіздігі үшін

Қаңғыбас иттермен күрес мәселесі жыл санап ауқымы ұлғайып, халқы көбейіп келе жатқан Шымкент шаһарында басты назарда тұр.
Құтыру ауруымен күресудің бір жолы ол қаңғыбас иесіз ит-мысықтарды аулап жою. Бұл жұмыстарды атқару үшін арнайы 6 ит аулау бригадасы құрылған. Ит аулау қала аумағында жүйелі түрде күнделікті және тұрғындардың өтінімдері бойынша да жүргізіледі. Барлық ауланған ит — мысықтар қала әкімінің өкімімен құрылған арнайы комиссия құрамының қатысуымен «беккари» шұңқырына тасталып, залалсыздандырылады.

Айтқали Садықов

«Шымкент қаласының ауыл-шаруашылығы және ветеринария бөлімі» мемлекеттік мекемесінің байланыс телефоны: 39-37-86, 39-07-18

Шымкент қаласының «Ветеринариялық қызмет» МКК  байланыс телефоны: 44-93-55, 44-93-54

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *