1916 жыл және Оңтүстік

10 карта(Басы)

Оңтүстік қазақтарының соңғы үш-төрт ғасырдағы тарихы оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерде шынайы түрде көрсетілмей келе жатқаны сияқты, 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азияны шарпыған ұлт-азаттық көтеріліс – оңтүстік өлкесінде де үлкен белең алып, жергілікті тұрғындарға зор зобалаң мен зұлмат әкелгені жайын­дағы дерек-мағлұматтар да бүгінге дейін ашық жария­ланбай  келеді. 

Біз осы көтеріліс туралы сөз етсек, тек Торғай даласындағы Аманкелді Иманов пен Жетісу жеріндегі Бекболат Әшекеев бастаған шайқастарды еске аламыз. Өйткені, мектеп оқулықтары мен ғылыми еңбектерде осы екі кісі басқарған соғыс қана оқытылады, әрі оның бірі көркемфильмге де арқау болған. Соған сайып, біздің ұғымымызда 1916 жылғы ақ пат­шаға қарсы Қазақстан жерінде өткен толқулар жаңағы аталған екі көте­рі­ліспен ғана шектелген деген сенім мен көзқарас қалыптасқан. Ақиқатында ұлт-азаттық көтеріліс Жетісу мен Торғайда ғана емес, күллі қазақ даласын, оның ішінде оңтүстік өңірін де шарпыған.
Өкінішке қарай, оңтүстік өлкеде өткен ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы архивтік һәм ауызекі әңгімелер дереккөздері бойынша мол болғанымен, оны арнайы зерттеп жазған ешкім болмапты. Бір ғана дерек, әйгілі жазушы Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» атты романында 1916 жылы Меркі жерінде Ақкөз деген қария басшылық еткен шайқас көркем әдебиет тұрғысында берілген. Бірақ бұл дерек ол көтерілістің барлық ақиқатын танып-білуге тым аздық етеді. Аталмыш тарихи уақиғаның шығу себебі мен барысын бүге-шігесіне дейін талдап жазу үшін көлемді еңбек керек-ақ. Әйтсе де, осы мақалада оның негізі мен түп-тамырына үңіліп, жалпы сипатын қысқаша айтып өтпекпіз.
ХХ ғасырдың басында бүкіл қазақ жері мен Орта Азияның бірсыпыра өлкелері Ресейдің қол астына кіріп, орыс мемлекетінің жері атанып қойған. Түркмен жерінің белгілі бір бөлігін өзіне қаратқан Бұқар және Әмударияның батыс бөлігіндегі құмды даланы иеленген Хиуа хандықтары біршама бейтараптықты сақтап қалған­дары­мен, бәрібір, көп жағдайда орыс патшасына бағынып, оған сырт­тай тәуелді болды. Дегенмен, олар 1917 жылғы төңкеріске дейін өз хандықтарының атын сақтап тұрды. Ал, 1895 жылға дейін Памир тауларына дейінгі жерлерді бауырына басқан орыс отаршылдары жергілікті халықтардың қалыпты өмір салтын бұзып қана қоймады, оларға өз ұстанымдары мен билік құрылымдарын зорлықпен енгізіп, әртүрлі ұлттарды орыстық тәртіппен күн кешуге мәжбүр етті. «Найзаның күшімен орнатылған жүйе – найзасыз өмір сүре алмайды» деп Керейхан Аманжолов жазғандай, отаршылдар қазақ халқы мен Орта Азия жұртына аса зиянын тигізді. Миллиондаған гектар жерлер патша өкіметінің иелігіне, оның шенеуніктерінің меншігіне тартылып алынды. Қарапайым халыққа орасан көлемдегі салықтар салынды. Отаршылдықтың салдарынан ежелгі Тұран өлкесінің ауыл және халық шаруашылығы күрт төмендеп, жұрт ауыр жағдайға ұшырады. Мал еті мен мақтаға аса зәру болған Ресей басқыншылары онсыз да титықтай бастаған шаруаларды бұрынғыдан бетер қанап, керекті заттарын талап етуден бөлек, қорқытып-үркітіп тартып алды. Оған назаланған қазақтар, өзбектер, қырғыздар, т.б. бірнеше мәрте отаршылдарға қарсы бас көтерді. 1885 жылы Ферғанада, 1898 жылы Әндіжанда, 1892 жылы Ташкентте, 1906 жылы Шымкент уезіне қарасты Бадам, Арыс, Созақ, Түлкібас болыстықтарында болған көтерілістер осындай қысымшылықтың себебінен туындаған еді. Бұдан басқа да қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда жерлерін түгел қамтыған сол кезгі Сырдария облысының бұқарасы арасында патша шенеуніктерінің озбырлығына деген ашу-ыза, наразылық кеңінен өріс алып, ауылдар мен қазақтар көп тұратын кент-шаһарларда ереуілдер жиі-жиі шықты. Мұның барлығы патша өкіметі тарапынан аяусыз басып тасталып отырылды. Ал, мұндай көтерілістердің ең шарықтаған, әрі зор белең алған кезеңі 1916 жылдың тамыз бен қараша айларының арасында өтті. Сондағы көтерілістің бір айдың көлемінде осыншама ұлан-ғайыр өлкеде қалай ғана бірден басталып кеткені әлі күнге дейін тарихи жұмбақ. Мысалы, 1916 жылдың тамыз айының аяғына таман Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Ферғана облысында Мадан бастаған шайқас пен Меркі мен Торғай жеріндегі көтерілістер бір уақытта басталған. Дәл осы кезде Сырдария облысына қарасты Ташқазақ уезі мен Түркістан уезінің және Жетісу облысының бірнеше жерінде де отаршылдар саясатына қарсы баскөтерулер орын алды. Араларында қазіргідей байланыс құралдары жоқ ол уақытта бір-бірінен тым шалғай жатқан өлкелерде көтерілісшілер күні бұрын келіскендей, бір мезгілде бас­тауы, расында, таңқаларлық жайт. Бұл мәселеге орай пікір айтқан тарихшылардың бәрі – аталмыш көтерілістің басталуына ІІ Николай патшаның Ресейдің батысында жүріп жатқан соғысқа қазақ пен Орта Азия халықтарының 19 бен 31 жас аралығындағы жас жігіттерін іріктеп алып, оларды жаумен шайқасуға емес, майдан даласында окоп қазуға, темір жол салуға, қираған үйлерді қалпына келтіруге, жаралыларды тасуға, т.с.с. қара жұмысқа алу туралы жарлығы себеп болды дейді де, жоғарыда біз көтеріп отырған сауалға ешқайсысы жауап іздемейді. Иә, бұл сұрақ әлі де жауапсыз. Сонымен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің шығу негізі қандай себептерге байланысты болғандығын баяндайық.
Тарихта бірінші дүниежүзілік соғыс деп аталатын майданға Ресей 1914 жылдың 19 шілдесінде кіріскен. Соғысқа күшті державалардың екі мықты тобы – Антанта (Англия, Франция, Ресей) мен Австро-Герман блогы (Германия, Австро-Венгрия, Түркия және олардың одақтастары) бір-біріне қарсы шықты. Соғыс екі жылға созылды. Ресей соғыс үшін Түркістан өлкесінен шикізатты, азық-түлікті, мал мен ақшаны есепсіз алды. «Қазақ ССР тарихының» мәліметі бойынша, Ресей 1915 жылдың өзінде Түркістан өлкесінен (оның ішінде Сырдария облысы да бар) 20899 мың пұт мақта, 300 мың пұт ет, 109 мың пұт мақта майы, 474 мың пұт балық, 12,7 мың пұт түйе жүні, 220 мың пұт сабын, 70 мың жылқы, 38 мың шаршы кез киіз, 13441 киіз үй, 80 мың қой тасып әкеткен. Осы уақытта бір ғана Сырдария облысынан 44 миллион сомның малы мен мал шаруашылығы өнімдері әкетілген. Оған қоса, сол жылдары халыққа салынатын салық 4-5 есеге дейін өскен. «Мемлекетке бұратана жұрттардан, яғни Түркістан халықтарынан алынатын тікелей салықтардың мөлшері 1914 жылы 6.559.02 сом болса, 1916 жылы ол 14.311.771 сомға жеткен». (Х.Тұрсынов, «1916 жылғы көтеріліс», Ташкент, 1962). Патша қанаушылары Түркістан жұртын дәл осылай қинап, материалдық және моральдық тұрғыда езіп-жаншып жатқан кезде, ІІ Николай 1916 жылдың 25 маусымында бұл халықтарды Антанта мен Австро-Герман блогы соғысып жатқан майданның қара жұмысына шақыру туралы жарлық шығарды. Бұл туралы тарихшы К.Аманжолов былай деп жазды: «Импералистік соғыс жылдарында Ресейдің қарулы күштері 10 миллион адамға жеткен. Соған қарамастан соғыстың барысы қиындай түсті. Орыстар өлімге ұшырағанда, бұлар неге сыртта қалады деген оймен, патша өкіметі мұсылман халықтарының 19 бен 31 жас аралығындағы жігіттерін майдан шебіндегі қара жұмысқа салуға ұйғарым етті. Миллиондаған қазақ, өзбек, қырғыз, т.б. ұлттардың азаматтарын майданға қаруландырмай аттандыру – оларды құрбандыққа шалумен, жаппай қыруға айдаумен бірдей еді. («Түркі халықтарының тарихы» 3-том, 224 бет). Жарлықтың мәтіні мен мазмұнын Түркістан өлкесіндегі қалалар мен уезд бастықтары, ауыл-ауылдардағы болыстар мен старшындар лезде халыққа таратып, патша бұйрығын орындауға тез кірісті. Алайда олар ә дегенде-ақ халық тарапынан қарсылыққа ұшырады. Патша шенеуніктерінің зорлығы мен қысымынан әбден зәрезап болып отырған халық жарлыққа көнбейтінін бірден білдірді. Ел арасынан жұрт мүддесін ойлайтын азаматтар шу дегенде-ақ бас көтеріп, аталмыш жарлықтың әділетсіз екенін жариялады. Халық та оларды әп-сәтте қолдап, тізім жасауға кіріскен болыстар мен старшындарды тыңдаудан бас тартты. Мұндай бастартулар мен қарсылықтар ауыл-ауылдарға тез тарап, аз ғана уақыттың ішінде бүкіл Түркістан аумағындағы жұртты елең еткізді. Жай ғана елең еткізіп қоймай, артынша үлкен және кішігірім ауыл, кенттерде майда-шүйде көтерілістер бой көрсете бастады. Шілде айының ортасына қарай бір-бірін аттанға шақырған ауыл-ауылдардың бас көтерерлері бірігіп, соғысқа алынатын жігіттердің тізімін жасауға келген болыстықтың өкілдері мен уездік приставтарды қуып шықты. Алғашқыда патша шенеуніктері мұндай кішігірім бас көтерулер үлкен көтеріліске ұласып кетеді деп әсте ойламады. Бұрынғы бейбіт кезде екі-үш-ақ мылтықты солдатпен бір ауылға барып ойран салатын әдеттеріне басып, уездік полицейлер әр ауылға екі-үшеуден аттанып, жарлыққа қарсы шыққандарды жазаламақ болды. Алайда не болса да тайынбауға кіріскен ауыл адамдары ондай полицейлерді ұрып-соғып, аттарын тартып алып, өздерін жаяу қайтуға мәжбүр етті. Мұндай оқиғалар күллі Түркістан өлкесіне қарасты облыстарда күн сайын қайталанып жатты. Бұдан секем алған Түркістан генерал-губернаторының міндетін атқарушы Ерофеев! патшадан осы өлкеге әскери жағдай енгізуді сұрады. Сұранысы сол күні қабылданып, ІІ Николай «Түркістан әскери округі соғыс жағдайында» деген указға қол қойды. Патшаның бұл қылығы бүкіл Орта Азия мен Қазақстан халқын «дұшпан армиясы» деп жариялау-мен парапар болатын. Ертесіне, яғни 1916 жылдың 17 шілдесі күні Ресейдің әскери министрі әскери сотқа Түркістан өлкесіне байланысты жаңа бұйрық шығарды. Бұйрық бойынша Түркістандағы жергілікті соттар ауыл-ауылдарда бас көтергендерді тергеусіз, куәсіз атып тастауға, болмаса 10-15 жылдан каторгаға айдауға құқылы болды. Тамыз айының басында осы бұйрықтың негізінде Сырдария облысында 4 адам атылып, 50-ге жуық адам әртүрлі жазаға кесілді. Бірақ толқу басылмады. Қайта уақыт өткен сайын үдей түсті. Халық көсемдері патша шенеуніктеріне мынадай шарт қойды: «Біздің жігіттерді кемсітпей, қолына қару беріп, жаттығудан өткізіп, кәдімгі әскерлер қатарына алыңдар. Ал майдандағы қара жұмыс үшін боздақтарымызды жібермейміз!».
Алайда бұл талап ескерілмеді. Шілде айының өзінде-ақ Ташкентте, Шымкент, Түркістан, Қазалы, Ташқазақ уездерінде бірнеше рет шерулер өтіп, арты жандармдармен қақтығысқа ұласты. Жағдайдың ушығып бара жатқанын сезген ІІ Николай патша Түркістанның генерал-губернаторлығына осы өлкені бұрын басқарған және мұндағы халықтың жай-күйімен жақсы таныс Куропаткинді тағайындады. Барлық билікті қолына алған ол, келе сала 23 тамыз күні бүкіл Тұран даласын бұрынғыдан да бетер дүрліктірген жарлық шығарды. Ол жарлық бойынша Түркістанға қарайтын бес облыстан майдандағы қара жұмысқа 220 мың жас жігіттер іріктеліп алынуы қажет-ті. Оның 60 мың адамы Сырдария облысынан жиналуға тиіс-тін. Курапоткин жарлыққа қоса, қосымша бұйрықты да бекітті. Бұйрықтың мазмұны 7 баптан тұрды. Онда қара жұмысқа алынатын адамдарды қалай жөнелту, қалай киіндіру, сондай-ақ өкімет бұйрығынан бас тартқандарды сотсыз, тергеусіз ату, бас көтерген ауылдарды аяусыз қыру сияқты құпия баптар да бар-ды. Осы бапқа байланысты 27 тамыз күні Ташкентке сегіз мың адам жиналған толқуды басу үшін мұздай қаруланған 2300-дей полицейлер көпшілікке оқ атып, біразын қырып салды. Кейінгі тарихшылар «ұлт-азаттық көтеріліс» деп атаған үлкен дүмпудің, яғни патша әскерлерінің жиналған топқа сансыз мылтықтарынан оқ атып, баудай түсіретін ең бірінші де үлкен қатыгез ойраны Түркістанда осылай басталды. Бұл уақытта Жетісу мен Сырдария облыстарында патша жарлығына қарсы бас көтерген қазақтар да қолдарына түскен найза-қылыштармен қаруланып, облыс пен уезд орталықтарынан келген шағын отрядтармен шайқас бастаған еді. Бір ауылдың қол бастаған батыры екінші ауылдағы туыстарына шабарман шаптырып, көтерілісті қолдауды сұрап, реті келсе, бәрі бір ортаға жиналған үлкен топ құруды жоспарлады.

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы, Қазақстан педагогика академиясының профессоры
(Соңы)

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *