1916 жыл және Оңтүстік

10 котерилис(Соңы. Басы)

Бір ауылдың қол бастаған батыры екінші ауылдағы туыстарына шабарман шаптырып, көтерілісті қолдауды сұрап, реті келсе, бәрі бір ортаға жиналған үлкен топ құруды жоспарлады. Дегенмен, көптеген себептерге байланысты бұл жоспарларына жете алмады. Соған қарамастан, жаушылар мен шабармандар арқылы бір-біріне сырттай дем берген аралары шалғай, тіпті алыс ауылдар мен өлкелердегі мұсылмандар жұрты өз жерлерінде шамалары келгенше жасақ құрып, майданға жігіт бермеу үшін қару ұстап, атқа қонды.

Қарсы үндеу

Тамыздың аяғына таман Түркіс­тан өлкесіндегі толқулардан қатты қауіптенген патша шенеуніктері «жабайы­ларды тәубесіне келтіру мақ­сатымен» мылтық былай тұр­сын, зеңбірек-пулеметтермен қару­­ланған арнайы жазалаушы отряд­тарды құруға кірісті. Оған қоса, Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің бастамасымен Жетісу облыстық әскери губернаторы Фольбаум мен Сырдария әскери губернаторы Гродеков қазақ жеріне ауып келіп, село-село боп орныққан орыс мұжықтарына үндеу тастады. Үндеу қағаздарға басылып, селолардың старосталарына, мұжықтарына таратылды. Онда мынадай үндеу бар-ды: «Бауырлар! Ұлы орыс билеушілері сендерді мұсылмандар арасындағы тірегі ретінде бар жағдайларыңды жасап, жақсы өмір сүрулеріңе мүмкіндік берді. Ресейдің басына күн түскенде біріңе дейін қалмай, оған қызмет етуге тиіссіңдер! Қолдарыңда өкіметтен тегін алған винтовкаларың бар. Винтовкасы жоқтарға ол тағы тегін таратылатын болады. Соны алып, ұлы патша ағзам бұйрығына қарсы шығып, бүлік салған мұсылмандарға атой салыңдар! Қарулы село – қаһарлы батальон екенін ұмытпаңдар! Патшаға адал қызмет ететін полицейлер мен жандармдарға еріп, осы шайқаста ерекше ерлік көрсеткендер – біздің тарапымыздан мол сыйлық пен олжаға кенеледі».
Осылайша, 1882 жылы Ресей сыртқы істер министрлігіне қарасты Орта Азия істері жөнін­дегі басқармасының шенеунігі Кривошейннің «Түркістанға қоныс­танған әрбір орыс поселкасындағы қаруланған мұжықтар тобы – Ресей­дің сенімді де қаһарлы батальон­дарының бірі болып есептеледі» деген сөзін қазақ даласын билеген әскери басшылар тағы да расқа айнал­дырып, іс жүзіне асырды. «Тағы да» деп отырған себебіміз, әдейі қаруландырылған мұжықтарға сүйенуді орыс отаршылдары қазақ дала­сын басып алған уақыттан бері дағ­дыға айналдырған. Сөйтіп, 1916 жылы көтеріліс кезінде де олар (қаруы бар мұжықтар) патшаның жазалаушы отрядтарына қосылып, мұсылман халқының көп жапа шегуі­не айтарлықтай үлес қосты.

Жазалау отрядтарының жасақталуы

Тамыз айының аяғында Жетісу­дағы Бекболат Әшекеев, Жәмеке Мәмеков, Жаңабай Құдайбергенов сынды халық батырлары бастаған көтерілісті басу үшін әскери губернатор Фольбаум барлығын қоса есептегенде 8750 адамы бар 35 рота, 3900 қылышты казак жүздігі, 16 зеңбірек, 27 пулеметі бар жазалаушы отрядты жасақтады. Жазалаушылар көтеріліске қатысқандармен бірге бейбіт ауылдарды да қырып-жойды. Қолға түскендердің ішінен 227 адамды көтерілісті ұйымдастырды деген себеппен тергеусіз, сотсыз атып тастады. Екі мыңға жуық адамды каторгаға айдады. Жантүршігерлік шапқыншылықтан үркіп, Алатау асып, Қытайға өтіп кетпек болған 19 ауылдың адамын пулеметпен атқылап, көпшілігін өлтірді, тірі қалған­дарының арасынан кілең мықты жігіттерді іріктеп алып, зор­лық­пен майдандағы қара жұмысқа аттандырды.
Жетісу облысындағы 130 болыс­тықтың 102-сі осы шайқасқа қатысса, Сырдария облысындағы алты уезге қарасты 146 болыстықтың 114-інің азаматтары атқа қонды. (Мұнда бір айта кететін жайт, кейбір жазбагерлер болыстықты болыс деп шатастырып жазып жүр. Болыс – лауазымдық шен. Болыстық – белгілі бір әкімшілік аумақ. Мұны Түркістан өлкесінің уақытша генерал-губернаторы Ерофеевтің 1915 жылы ІІ-Николай патшаға жазған хатындағы үзіндіден анық түсінуге болады. «…У каждого уезда есть несколько волостные управления. Волостными управлениями правят волостные управители. Ныне казахи их называют – волосами…»). Мұндағы дүмпуді басуға Шымкент пен Әулиеатадағы және Түркістан мен Қазалыдағы жасауылдар аздық еткендіктен, Гродеков Ташкент пен Орынбордағы гарнизондардан көмек сұрады. Сырдария облысының көлемі Жетісу жерінен әлдеқайда көлемді, әрі халқы да көп болатын. Ташкенттегі генерал-губернатор Куропаткин Жызақ пен Піскенттегі, Ферғана мен Намангандағы көтерілісшілерді басуға аттанған арнайы Түркістан легионынан 5 мың солдатты қам­титын жазалаушы отрядты Сырдария жеріне бөлді. Бұл жазалау­шы отрядта 10 зеңбірек, 12 пуле­мет болғанымен, көтеріліс өте үлкен аумақты қамтығандықтан, олар Ташқазақ (Ташкент), Шымкент уез­деріндегі көтерілісшілердің өзі­мен екі аптадай соғысып, басқа өңір­лерге жете алмады. Қыркүйектің басында Орал-Қызыл, Арбат-Ташкент темір жолы арқылы тез жеткен 13 зеңбірек, 23 пулеметпен жарақ­танған құрамында 2500 жасағы бар орынборлық полк келгенде ғана Шым­кенттен асып, Түркістан жаққа шыға алды.

Алғашқы ошақтары

Сырдария облысындағы 1916 жыл­ғы ұлт-азаттық көтеріліс ең алғаш 29 шілдеде Ташқазақ уезінің «Кіші Жетісу», Шымкент уезінің Бадам, Арыс, Ақсу, Қаракөл, Түркістан уезінің Созақ, Қазалы уезінің «Жоталы» болыстықтарында бой көрсетті. Іле-шала Шымкенттің іргесіндегі Көмешбұлақта, Сайрамда, Арыс теміржол торабында, Келесте, Черняевкада және Шымкент пен Әулиеата қалаларында, Меркі, Түлкібас, Құлан өңірлерінде жарлыққа қарсы шыққандар дүр көтерілді. Ташкент мұрағатындағы дерек бойынша, ол кезде Сырдария уезд орталығы саналатын Шым­кентте бір рота жаяу әскер, бір атты жүздік, екі зеңбірек және екі пуле­меті бар 30 адамдық арнайы атқыштар командасы болған. Тағы сол мұрағаттағы дерекке қара­­сақ, Шымкенттегі көтерілісті Әлнұр Қожаназаров пен Аманбай Қостаев деген екі кісі бастапты. Бірақ мұрағаттық мәлімет олардың шыққан тегі мен қызметтерін, туыл­ған жылын жазбаған. Олар алдымен жүз қаралы адамды ертіп теміржол маңындағы телеграф үйін өртеп, қала приставы отыратын кеңсенің күл-талқанын шығарған. Одан кейін ылғи өзбектер отыратын орамның шығыс жағында орналасқан әскери губер­натордың мекемесін қор­шап алған. Дәл сол кезде Бадам (қазіргі Төлеби ауданындағы Тоғыс, Киелітас, 1-Мамыр ауылдарының төңірегі), Қаракөл (бүгінгі Сайрам ауданындағы Совет, Көмешбұлақ, Ақарыс, Тассай, Қарасу мекендерінің айналасы) болыстықтарынан Ермек пен Тоғабай дегендер бастаған 600 адам келіп, бұларға қосылады. Ол уақытта Шымкент гарнизоны осы күнгі ескі автовокзалдың маңында екен. Қарақұрым халықтан жаны қалмаған уезд бастығы өзін қарулы төрт полицейге қоршатып, атына міне сап, гарнизонға қарай қашады. Ол қашқан соң, көтерілісшілер әскери кеңсеге кіріп, ондағы қызметкерлерді тырдай жалаңаш қылып көшеге шығарады да, әбден сабайды. Сосын кеңседегі үстелдер мен қағаздарды өртейді. Жиналған топ осылайша кеңсенің астаң-кестеңін шығарып жатқанда уезд бастығы ертіп келген жандармдар оларға оқ атып, кейін шегіндіреді. Кеңсе алдында 16 өлік, 31 жаралы қалады. Шегінгендер «Бәрімізді қырып тастасаңдар да, бір де бір жігіт майдандағы қара жұмысқа бармайды» деп айқайлап, үй-үйдің арасына кіріп жасырынады. Сол күні патша әскерімен қазақ көтерілісшілері бес сағат бойы шайқасады. Ертеңіне, яғни тамыздың 20-сы күні уезд бастығы Куропаткинге жіберген телеграммасында «Шымкентте де сұмдық оқиға орын алды. 700 қаралы есуас топ уездік кеңсені өртеді, телеграф орталығын талқандады. Қайдан алғандары белгісіз, өзбектердің пәс үйлерінің тасасына тығылған есерсоқ топтың кейбіреулерінде мылтық бар екен. Біздің әскермен кеш түскенше атысты. Горнизонның 10 солдаты өліп, 17-сі жараланды. Шұғыл түрде қосымша күш жібер­месеңіз, жағдайымыздың тұйыққа тірелер түрі бар. Бұл хабар­ды сізге кеше бұзақы топ талқан­даған телеграф орталығын түнімен қайта жөн­деуден өткізген соң жолдап отыр­мын» деп жазылған хабары осы ойымызды растайды («Восстание в Туркестане», Сб. 1. Ташкент, 1962)

Мошқал Тоқтамысұлы бастаған көтеріліс

Осы оқиғаның артынша, Ташқазақ уезінің «Кіші Жетісу» болыстығының болысы Мошқал Тоқтамысұлы бас болған көтеріліс бұрқ еткен. Облыс басшысы Гродеков Ташқазақ уезінің бастығы Ефремовқа майданға алынатын жігіттердің саны бір ай ішінде тізімге қатталып, қыркүйектің 5-сі күні олардың алғашқы легін Ташкенттегі вокзалдан аттандыруды бұйырған. Ташқазақтағы сегіз болыстықтан он үш мың жігіт алынуы керек-ті. Осынау жарлыққа қарсы жер-жерде көтеріліп жатқан наразылықты естіген «Кіші Жетісу» болысы Мошқал өзіне қарасты ауылдардан батыс майдан үшін жігіт жинауға келіспей, Ұясу, Жаңабазар, Шарбұлақ, Қақпақ ауылдарының старшындарын ақ патша жарлығына мойынсұнбауға шақырды. Артынша аталған ауылдардан қол жиып, Ташкентте болып жатқан көтеріліске қосылуды ойлайды. Алайда оның мұндай жоспарын Тұрбаттағы бір-екі жансыздар Ефремовқа жеткізіп қояды. Ефремов Мошқал мен оған ерген біраз кісілерді жазалмақ болып, Черняевкадан 50 солдат ертіп, Шарбұлаққа аттанады. Болыс кеңсесі Шарбұлақта екен. Орыс әскерінің өзін шабуға келе жатқанын естіген Мошқал 3000 жігіттен құралған қолды бастап, отрядты Келес бойындағы Степное селосы маңында күтіп алады.
1962 жылы Ташкентте шыққан «1916 жылғы көтеріліс» атты жинақ­тың мәліметінше, Ефремов сол сапарда қорқақтық танытқан. Өзен­­­­нің арғы бетінде тұрған құжы­наған қазақтардың қолын көргенде рота командирі поручик Токаревке «Қазақтардың бетін өзің қайтар» деп оған 40 қарулы солдатты қалдырып, кері қайтып кетеді. Оның артынан Токарев те қазақтарға бір оқ атпай, кейін шегінеді. Есесіне, Степное село­сының орыс тұрғындары тере­­зелерінен Мошқал тобына оқ атып, бес-алты кісіні өлтіреді. Қаһарланған қазақтар селоға лап қойып, қырық үйлі мұжықтарды жайпап салады. Олардың ішінде Ефремовқа тыңшылық жасаған үш-төрт қазақ-өзбек бар екен. Оларды Келеске батырып, өліктерін суға ағызып жібереді. Бұл оқиға қыркүйектің 1-і күні болған.
Қыркүйектің 5-іне Орынбор­дан келген арнайы полк пен Ташкент­тегі прапорщиктер дайындайтын мектептер курсанттары қосылған 11 зеңбіректі, 16 пулеметті үш мың­дық қол бірінші Ташқазақ уезін­дегі қазақтарды жазаламақ болып, Черняевкадан Тұрбатқа аттанады. Мошқал бұл жолы бес мың жігіт жиып, жазалаушы әскерді күте­ді. Ертесіне екі қол Тұрбат пен Алексе­евканың (Ленинск) тура ортасындағы Шарбұлақ қырының үстінде кездеседі. Тек шоқпар-сойылдармен және ішінара құс ататын шиті мылтықтармен қаруланған қайран ержүрек қазақтар, осы жолы отты қарулардың қандай құдіретті екендіктеріне көз жеткізеді. Орыстар 11 зеңбіректен бірдей оқ атып, оттастарын қазақтардың орта­ларына дөп түсіргенде талай қазақ­тың денелері құмдай шашылып, қалғандарының төбелерінен жай түскендей болады. Қазақтар сонда да жанкештілікке басып, алға ұмты­лады. Жау жағы келесі кезекті сақылдатып тұрып пулеметтерін іске қосқанда, алдағы шептегілер орыл­ған шөптей қиылып түседі. Сөйтіп қолма-қол айқасқа түсе алмаған көтерілісшілер пұшайман жеп, жан-жаққа бытырай қашады.
Жазалаушы отряд одан кейін ауыл-ауылдарды шауып, басшы кісі­лерді атады, қостаушыларды дарға асады. Бұған қатты назаланған Мошқал­дың досы Нұржан болыс жүрек талмасына ұшырап, қайтыс бола­ды. Мошқал, Ағабек болыстар, Естемес, Бектібай билер Өгем тауына барып жасырынады.

Көтерілістің басып-жаншылуы

Ташқазақты жайпаған сол жазалаушы отряд осыдан соң бір ай ішінде Шымкент пен Бадамдағы, Арыс пен Түркістандағы және басқа жерлердегі көтерілістерді басып-жаншиды. Бүкіл Сырдария өлкесін қанға бөктіріп, үш мыңнан аса адамды қырып салады. Бұған қоса, осы облыс көлемінен 107 кісіні ату жазасына кесіп, 72 кісіні дарға асады. 312 адамды каторгаға айдайды. Сонымен бірге аз да болса дегендеріне жетіп, Сырдариядан алты мыңдай жігітті қазан-қараша айларында батыс майдандағы қара жұмысқа аттандырады. Осылайша, 1916 жылғы бүкіл Қазақстан мен Орта Азияны шарпыған дүмпу біздің өңірді де қамтып, сан мыңдаған адамдардың бастарына зұлмат пен зобалаң туды. Сол зұлмат ары қарай да жалғаса берер ме еді, егер Петерборда ақпан төңкерісі жасалып, патша ұлықтары өз бастарымен өздері әуре болып кетпегенде…
1916 жылғы Қазақстанның басқа өңірлерінде өткен соғыстарды айтпай-ақ, тек Түркістан өлкесіндегі көтерілістің болмыс-сипатын толық қамтысақ, екі-үш роман көлеміне татитын еңбек жазып шығуға болатын еді. Дегенмен, осы мақаланың аяғын К.Аманжоловтың: «1916 жылғы көтеріліс шығыс халықтарының отар­лық саясатқа қарсы ұзақ дәуір­ге созылған күресінің жалғасы және биік тұғыры болды. Патша шенеу­ніктері реформаларынан туын­даған жергілікті халықтың жерін тартып алудың үдеуі, дәстүрлі шаруа­шылықтың күйзелісі мен құл­дырауы, өлкенің тоналуының үздіксіз күшеюі, орыстардың сая­са­тының асқына түсуі сияқты зар­даптардың бәрі халық нара­зылығын шегіне жеткізді» деген пікірі­мен аяқтасақ, осы сөздерден-ақ көзі қарақты оқырман талай тарихи сыр­дың астарын оп-оңай түсіне алар еді.

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы,

Қазақстан педагогика академиясының профессоры.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *