Дағдарыста баспаналы болудың амалы

    4 квартираСоңғы жарты жыл көлемінде ел ара­сында «теңгенің долларға шаққандағы бағамы 500 теңгеге жетеді екен», «теңгемен ашылған депозиттегі ақшаның құны қал­майды», «енді аз пайызбен үй беріл­мейді екен» деген сияқты әңгімелер көбейді. Редак­циямызға хабарласып, «Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкіндегі депо­зитімнен ақшамды алсам қайтеді, не айтасыздар?» деп кеңес сұраған оқырмандар да бар. Таяуда «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ банк салым­шыларын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған «Өз үйім» атты бағдарламаны таныстырды. Жоғарыдағы желдей ескен сөздердің дұрыс-бұрысы мен дағ­дарысқа қарсы жасалған бірегей бағдарлама турасында банк басшылығынан сұрадық.

Бүгінде «ҚТҚЖБ» АҚ ОҚО филиалының 32 мың салымшысы бар. Депозит портфелі шамамен 15 млрд теңгені құрайды. 32 мың салымшының барлығы мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үй алуды көздемейді. Бастапқы және қайталама нарықтан пәтер, не жеке үй сатып алу үшін тұрғын үй құрылыс жинақтары келісімшартын түзіп, қор жинап жатыр. Себебі, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспанаға несие ресімдегенде пайыздық үстеме мөлшері мемлекеттік бағдарламамен, не нарықтан үй алғанда да бірдей болады. Пайыздық үстеменің мөлшері 3,5-5% айналасында ауытқиды. Мұндағы тиімділік осы.
Осы орайда «ҚТҚЖБ» АҚ ОҚО филиалы директорының орынбасары Ақылбек Қоспанов (суретте) тұрғындардың сауалына жауап берді.

4 кайрат алтынбеков

Ақылбек Қоспанов, «ҚТҚЖБ» АҚ ОҚО филиалы директорының орынбасары

— Ақылбек Қуатбекұлы, қазір кейбір салымшылар теңгелік депозиттерін тоқтатып, ақшасын алып кетіп жатыр. Бұл қаншалықты дұрыс?
— Бұл — салымшының өз шеші­мі. Бірақ, біздің айтарымыз, асығыс шешім жасамай, күткені дұрыс. Осы айдың басында мемлекеттік сыйлықақы түсе­ді. Мемлекеттен өтемақы төленеді. 2% сыйақы мөлшер­лемесі бар. Ал, тұрғын үй құрылыс жинақтары келісім шар­тын мерзімінен бұрын бұзса, мұның бәрінен айырылады. Депозитіндегі ақшасын алып, дол­лармен депозитке салған күнде де, ертең доллар бағамы өспесе, айырым пайдадан да қағылады. «Доллармен ашқан депозитім бар» деген жалғыз жұбанышы қалады.
— Теңгеміз лайым құн­сызданбай-ақ қой­сын. Бірақ, теңге әлі де құнсызданып, 1 доллардың бағамы 500 тең­геге дейін жетіп жатса, қазір депозиттегі ақшасын шешіп алғандардың әрекеті дұрыс болады ғой, иә?
— Кез-келген нәрсенің түпкі мақсаты болады. Біздің салым­шылардың түпкі мақсаты — үй алу. Түпкі мақсатқа келген кезде банктегі депозитін сақтағандардың әрекеті дұрыс. Келісімшартын бұзып, депо­зитін алып кетіп, долларға айналдырып қойды делік. Қазір біздегі депо­зитін тоқтатып, ақшасын алып кетіп жатқандардың дені 300-500 мың теңге сақтағандар. Қарасаңыз, 1 миллион теңгеден асқан депо­зитін тоқтатып жатқандар емес.
Мысалы, сен 500 мың теңге мөлшеріндегі салымыңды банктен алып кеттің делік. Сол 500 мың теңгені қазіргі бағаммен долларға айналдырсаң 1351 АҚШ доллары болады. Сөйтіп, біздің банктен шешкен 500 мың теңгеңді, жаңа­ғы айтқан 1351 долларға айналдырып, басқа банктен депозит ашып, салып қойдың. Ал, мен болсам, осы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» депозитімді алып кетпей, сақтап қалдым. Сөйтіп, мен өтемақымды және 20%-бен үш жылдық мемлекеттік сыйлықақымды алдым. Сен екі жылдан кейін қайтып келгеніңмен, 5 пайызбен берілетін несиеге үлгермейсің. Өйткені, база сені көрмейді. Депозитті енді ашасың. 1 доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 500 теңге болған күнде де сол 500 теңгені сенің 1351 долларыңа көбейтейік. 675 500 теңге. Сондағы 175 500 мың теңге айырым екі жыл бұрынғы теңге депозитіңді бұзып, жоғарыда айтылған жеңілдіктерден айырылуға арзиды ма?! Сол «ұттым деген 175 500 теңге» айырым мемлекеттік сыйлықақы және өтемақы мөл­шері­мен-ақ жабылады. Бұған 5%-бен берілетін несие­ні қосыңыз. Ал, 1 доллар 500 теңгеге жете ме, жетпейді ме, оны кім біліпті?!
— Теңге еркін айналымға жіберілгеннен кейін, теңгемен депозит ашқан салымшылар ұтылды. Үкімет соның орнын толтыру үшін өтемақы төлейтін болды. Өтемақыға өтінім қабылдау қашан басталады?
— Осы ақпан айында басталады, деп отырмыз.
— Өтемақы тек 1 миллион теңгеге дейінгі депозиттерге төленеді ме?
Жоқ. Біздің банкте 1 миллионнан асса да төленеді.
— Биыл үй беріледі ме?
— Иә. 2013 жылы конкурстан өткен 4 тұрғын үй бар. Әр тұрғын үй 108 пәтерден тұра­ды. Сонда барлығы 432 пәтерді беру үшін осы ай­дан клиенттерімізге хабар береміз. Ақпанның басында мемлекеттің сыйлықақысы түседі. Сол түскеннен кейін клиенттерімізге құжаттарыңызды әкеліп, несие ресімдеңіздер деп хабарлаймыз. Тамыз-қыркүйек айында 108 пәтерлі екі тұрғын үй «Жас отбасы» бағыты бойынша пайдалануға беріледі.
— «Жас отбасы» бағдарламасымен пәтер алу үшін несие ресімдеуге келгенде табысы жетпей қалуы мүмкін. Сондай кезде не істейді? Басқа амалы бар ма?
— Табысы жетпесе, былай істеуіне болады. Түсінікті мысалмен келтірейін. Жас отбасы үй алуға кезегі жақындағанынан хабар алып отырады. Алатын үйінің бағасы 10 млн теңге делік. Бірақ, табысы жетпейтінін шама­лайды. Біздің банктің шарты бойынша депо­зит ашқанына 3 айдан асуы қажет. Осы үшін де 3 айдан кем емес уақыт бұрын депозит ашып, кейін үй алу кезегі жеткенде сол үйдің бағасының 3,5% сомасын депозитіне құяды. 10 миллионның 3,5%-ы 350 мың теңге. Сол 350 мың теңгені салады. Міне, осы екі талап: яғни 3 айдан кем емес мерзімге депозиті болса және соған үй бағасының 3,5%-ын салса, онда «банк табысын растады» деп хат береміз. Үш ай бұрын ашылған депозитіндегі сома мөлшері маңызды емес. Шама-шарқынша салып отырса жетеді. Ең бастысы, банкке табысын растатуға келген кезде барып, депозит ашпауы керек. Ол кезде 3,5%-ын құйғанымен де банк табысын растамайды.
— Қазір ұялы телефон, ноутбук және тағы басқа заттай несие ресімдегендер әртүрлі себептермен уақытылы төлем жасамай, несие тарихын бұзып алып жатады. Сондай азаматтар несие тарихым бұзылғандықтан, маған үй алуға несие бермейді, деп ойлайды. Мұндайда не істеуге болады?
— Мұның жолы мынадай. Біздің банктің ерекшелігі, азамат басқа несиесін толық жапқанына алты айдан асқан болса, оның өтінімін қарастыра береді. Бірақ, жапқанына алты ай өткен болуы керек. «Жас отбасы» бағдарламасымен келетін жастар бар. Кезінде қатарымнан қалмайын деп, несиеге телефон алып, өтемей жүреді. Арзымайтын 40-50 мың теңгенің телефонына бола пәтер алудан айырылып қалғандар болды. Несие тарихы нашар, деп кері қайтарамыз. «Несиемді барып жауып келемін» деп кетеді. Жапқанымен де алты ай өтпеген соң, несиеден қағылады.
— «Өз үйім» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау қашан басталады?
— Ол бағдарлама бойынша мына кезде құжат қабылданады деген жоқ. Қазіргі салым­шылардың өзі де сол бағдарламаның шартымен үй алуға қатыса алады. «Өз үйімде» қар­жыландыру банктің есебінен жүреді

«Өз үйім»
бағ­дар­ламасының негізгі артықшылықтары:

  • Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына толықтай басымдық беріледі;
  • бір шаршы метріне төмен баға қарастырылады;
  • валюта бағамдарына тәуел­сіз және үй сатып алу кезін­де ерекше талаптар қойыл­майды;
  • Бүгінде бағдарлама аясында орташа баға шаршы метріне 180 мың теңгені құрайды;
  • Жыл­дық пайыздық мөлшерлеме — 5-10%;
  • 2016 жылы бағдарламаның барлық бағыты бойынша 350 мың шаршы метр пәтер салынады

Бағдарламаға Банктің кез-келген клиент­тері қатыса алады. Алайда бірінші болып үй сатып алу құқығына баспанасы жоқ салымшылар ие болады.

Жәнібек НҰРЫШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *