110 жасқа жеткен Гулчечек әже

Ақ тілектердің тиегін ағытқанда «Жамбылдың жасын берсін» деп ұзақ ғұмыр тілейміз. Бірақ бүгінде бұл жастың жартысына да жетпейтіндердің қарасы қалың. Дегенмен ғасырдан да ұзақ ғұмыр кешкен жандар арагідік болса да бар. Екінші жүзжылдыққа аяқ басқан шымкенттік Гулчечек Колаеваның жасы 110-ға толып отыр. Қария екі ғасыр тоғысында талай тарихи оқиғалардың куәсі болған. Ұлы Отан соғысы басталған жылдары Кавказдан жер аударылып келген екен. Зұлматты жылдардың зұлымдығын көп көргенін жасырмайды. Туған жерінен жырақтап қалғанда өзіне қазақ халқының қамқорлық көрсеткенін әлі де жадынан шығарған емес. Сүйеніш таянышы жоқ жандарды колхоз председателі Жеңіс Оразов деген кісі өз үйін паналатады. Өзі ғана емес екі інісінің де жетіліп, ел қатарына қосылуына көп көмегін тигізіпті.
Жер ауып келгендерді сол кезде қазақ отбасылары жатсынбай, толысын бөліп, жартысын жарып беріп бауырына басқан. Соның арқасында қилы кезеңдердің ауыртпалығынан аман қалып, тұрмысы түзелген. Ұлы Жеңісті жақындатуда Гүлчечек әжейдің қосқан тамшыдай болса да үлесі бар. Елдің басына түскен нәубетте қара нардай қайыспай күндіз-түні еңбек еткен. Оған қоса жұмыстан болдырып келгеніне қарамай шамның жарығымен майданға шұлық тоқып жөнелткен екен. Сол кездердегі көрген тауқыметі әжейдің әжім басқан бетінде сайрап жатқандай.

Бірақ «қиындық көрдім» деп мойымай жолдасы Ирза Ахмедовпен бірге балаларын өсіріп жетілдіріп, ел қатарлы оқытып, жұмысқа тұрғызып, ата-аналық парыздарына адалдық танытқан жайы бар. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жандардың бірі. Шөпшегінің қолынан май жалауды нәсіп еткен екен, тәубесін айтуды ұмытқан емес. Бүгінде әженің үлкен қызының өзі 90 жасқа толғалы отыр. Бүкіл әулет-үрметін қосқанда немере-шөбере, шөпшектерінің өзі 100-ге жуықтайды. Ғасырдан да ұзақ жасаған әженің денсаулығында айтарлықтай кінәрат жоқ.

Әжейдің келіні Хане Ахмедованың айтуынша осы уақытқа дейін төсек тартып қаларлықтай қатты ауырып көрмеген екен. Бір таңқаларлығы дәрі-дәрмек ішпейтін көрінеді. Әженің бақуат болғандығының бір сыры тынбай жұмыс істегендігінің арқасы да болар. Қол қусырып қарап отырғанды жаны қаламайтын әжей үнемі қимыл қозғалыста болған. Бүгінде күтімі жақсы. Үш келіні де бірге, қолында тұрады.

Ұзақ жасаудың және бір құпиясы тамақтануында да болар, бәлкім. Табиғи тағамдарды тұтынғанды жөн көретін әжей ет пен балықты сүйсініп жейді екен. Әрі ұзақ жасаудың да айтарлықтай еш құпиясы жоқ дейді. 110-шы жылының қысын қарсы алған әжей бала-шағасының ғана амандығын тілеп қоймай, ел іргесінің берік болғанын, бейбіт заманның мәңгілік болғанын тілеп ақ батасын жаудырып отырады.

Гүлжан ЖҰМАШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *