Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!

004Мемлекеттік тіл  халықтың жан дүниесі, рухани негізі : ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгі. Ол – ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне  жұртты  топтастырушы, біріктіруші фактор. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман  сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруы тиіс.

Туған тілдің тұғырын биіктету қамы қолға алынғалы өткен ғасырдың басынан бері қозғалып келеді. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған тіл мәселесін жаңа ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында түбегейлі шешуге мемлекет те мүдделі. Қоғамдық пікірлер мен көзқарастар айналымында әртүрлі сауалдар дүркін — дүркін туып, біртін — біртін сейіле бастады. Себебі, іс қолға алынды. Ата заңымыздың 7- бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Қазақстан Республикасының 4 — бабында мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар; Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық – техникалық жағдайларды жасауға; Қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті» — деп көрсетілген. Халық арасында «Қазақ тілінің болашағы бар ма?», «Қазақ тілі өлетін тіл ме?», «Қазақ тілі құруға айналды» деген сұрақтар мен пікірлер және көзқарастар таусылар емес.
Мемлекеттік тіліміз – қазақ тіліне төнетін қауіп оның мәртебесінің нақтыланбауынан ғана. Басқа жағдайда 10 000 000-нан астам тілді тұтынушысы бар қазақ тілі өлетін, жойылатын тілдер қатарына жатпайды. Сонымен, қазақ тілінің – туған тіліміздің тағдыры төңірегіндегі қордаланып қалған мәселелердің шешімі табылуы тиіс. Қазір республика көлемінде қызу талқыланып жатқан Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы осының кепілі. Оның үстіне, Елбасымыздың бастамасымен Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры құрылған. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті тілді дамыту және енгізу жөніндегі уәкілетті орган ретінде халық тарапынан жасалатын ұсыныстар мен талап-тілектерге баса назар аударып отыр.
Кез-келген тілдің болашағы – жастардың қолында екені рас. Балалардың тілді білмеуі, ұмытуы – ұлтқа төңген қауіп. Сондықтан әрбір отбасы өз шаңырағындағы тіл саясатын түзеуі шарт. Әр отбасында отбасылық тілді дамыту бағдарламасы жасалмаса, мемлекет тарапынан жасалатын барлық іс-шара өзін-өзі ақтамайды. Мәселен, бүгінгі күнгі жастардың 70% — ының сөз саптауы көңіл аударарлық. Көпшілігінің тіл мәдениеті төмен. Өз ойларын дұрыс, түсінікті етіп жеткізе алмайды, бос сөздерді қөп қолданып, ойын шашыратып жібереді. Кейбірі орысша сөздерді қосып, шұбарлап сөйлесе, бірі жаргонмен диалектілермен сөйлегенді сән көреді. Бұл мәселелер туралы көптеп айтылып та, жазылып та жатыр.Әлемдік өркениетке қадам басу үшін қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін білу талап етуде. Әрине, әлемдік даму үрдістерінен кейін қалып қоюға болмайды.Бірақ онсыз да өз елінде еркін өркендей алмаған қазақ тілін кейінгі орынға ысыру қисынсыз деп ойлаймын.
Шынында да, мемлекеттік тілді толыққанды дамытпайынша, тарихымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді жоғарғы деңгейге қөтеріледі деу қиын. Тілдің қазіргі саясаттағы алатын орны үлкен, маңызы зор. Мемлекеттік тілді меңгеру арқылы тарихи Отанымызда біте қайнасып кеткен бізбен тағдырлас өзге ұлт өкілдері де өлшеусіз рухани байлыққа кенеледі. Елімізді мекендейтін тұрғындардың бәрі қазақ халқының тілін біліп, мәдениеті, тарихы, тұрмыс — тіршілігімен етене жақын болған кезде басқа ұлт өкілі деп айтпайтын болар едік. Өйткені өркениетті дамыған мемлекеттерде басқа ұлт өкілі деген түсінік қолданылмайды. Мәселен, Францияда басым көпшілігі негізгі ұлт болғанмен, басқалары да шыққан тегіне қарамастан, өздерін французбын деп есептейді. Қазақстанда осыған жету үшін әркім мемлекеттік тілді толыққанды меңгеруі керек. Елбасымыз мемлекеттік тілдің тағдырына алдымен қазақ халқының жауапты екенін айтқан болатын. Себебі біз өзіміз санамызды өзгертіп, ана тілімізге деген құрметтті арттырып, жүрегіміздің түкпірінде сақтамайынша, белгілі бір нәтижеге жету қиын.
Қазіргі таңда Республикамыздың облыстарында іс-қағаздары мемлекеттік тіл – қазақ тілінде жүргізілуде. Әсіресе Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында басқа облыстарға қарағанда өзге ұлт азаматтарының қазақ тілін меңгеру деңгейінің жоғарлығымен ерекшеленеді. Елбасының Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолданумен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қазіргі таңда 2011-2020 жылдарға арналған мемлекетттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағытта барлық облыстарда тілдерді оқыту орталықтар ашылып, ересек азаматтарға ақысыз қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқып — үйренуге жағдай жасалуда. Атап өтер болсақ Шымкент қаласы әкімдігінің Тілдерді оқыту орталығында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін, қарапайым деңгей (А1), базалық деңгей (А2), орта деңгей (В1), ортадан жоғары деңгей (В2), жоғары деңгей (С1) және «Мемлекеттік тілде ісқағазын жүргізу» типтік бағдарлама бойынша оқытуда.
Сонымен қатар, Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның маңыздылығы мен мәртебесін көтеру және өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін үйренушілерді ынталандыру мақсатында түрлі семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер өткізіліп отырады. Мәселен, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты байқауы, «Мемлекеттік органдарда ісқағазды мемлекетттік тілде жүргізудің талаптары және тілдерді оқытудың инновациалық технологиялары» атты семинар-тренингі және жыл сайын мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, халық арасынан талантты жастарды іздеп табу және олардың көркемсөз оқу өнеріне деген қызығушылығын арттыру мақсатында Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шебері өткізіледі. Аталған орталықтар өңірдегі мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, кәсіпорындармен, басқа да коммерциялық ұйымдармен тығыз байланыс жасап мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындар санының артуына өз ықпалын тигізді.
Қорыта айтқанда тіл ең алдымен татулыққа үндеп, бейбітшілікке деген ұмтылысты бекіту. Қазақ тілін үйренуде біз, біріншіден, заңдылықты бұзбауымыз керек. Ешкімді зорлап, мәжбүрлеп оқыта алмаймыз. Бәрі де — мәдениетті, саналы түрде жүзеге асатын мәселе. Тілді білген адамның рухы биік, дәстүрге, әдет-ғұрыпқа адал болатынын үйлестіре, баршаға талап қойып, сезіндіре білу керек.Сонда ғана өз ниетімен тілге қызмет етіп, азаматтық міндетін орындайды. Талап болғанда ғана жауапкершілік артып, іс арнасын тауып, жүйеге түсіп, жүзеге асады «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қағидасын басты назарға ұстау қажет. Бұдан артық қандай бағыт-бағдар қажет. Әлем танитын ел болу үшін тіліміздің мәртебесін биіктетуіміз қажет. Ендеше, ана тіліміздің абройын асыру мәртебесін биіктету жүрегі елім деп соққан әр азаматтың борышы екендігін естен шығармайық.

Мөлдір Болат,
Шымкент қаласы әкімдігі
«Тілдерді оқыту орталығы» оқытушысы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *