Өзбекәлі Жәнібеков жаңғырығы


%d3%a9zbek%d3%99li05

 

Қазақ музейі, қазақ салт-дәстүрі, ұлттық киімдері, қазақ тарихы дегенде бірден ойға оралатын есімдер болады. Соның бірі – Өзбекәлі Жәнібеков. Өзекеңнің өлшеусіз еңбегін айтып тауысу мүмкін емес. Біз парасына ғана тоқталуды жөн көрдік. Айтыс өнерінің қазақ арасына оралуына, музейлердің экспозициясын ұлттық сипатта жасақтауға, қазақы киім үлгілерін күнделікті тұрмысқа ендіріп, қазақ жастарының өнер-білімге ұмтылуына жол ашып, Наурыз мерекесін ұлтпен қауыштырып, А. Яссауи кесенесін жөндеуге демеу болып, Тайқазанды қайтаруға елеулі үлес қосқан бір кісі болса, ол – Өзбекәлі Жәнібеков. Этнограф-тарихшының 85 жылдығына орай туған жері Отырар өңірінде «Қалың қазақтың Өзбекәлісі» тақырыбында аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Аудан орталығы Шәуілдірде Ө. Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернаты бар. Мұнда этнограф-тарихшы атында мұражай ашылған. Бұдан бөлек, Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінде де этнограф-тарихшы атынан арнайы бұрыш жасақталыпты.

img_1371

Өзбекәлі Жәнібековке арналған бөлім

keste-3

Өзбекәлі Жәнібеков музейге өткізген шымылдықтың кестелі бөлігі

kebezhe2

Өзбекәлі Жәнібектің қол табы қалған кебеже

Онда ұлт жанашырының көзі тірісінде киген шапаны, тақиясы көзәйнегі, кітаптары, тігін ісіне қолданған қайшысы, портфелі, отбасы пайдаланған ыдыс-аяқтары қойылған. Бұдан бөлек, балалық шағынан бастап қартаң тартқан шағына дейінгі фотосуреттері ілінген. Тіпті тарихшының өзі мұражайға өткізген шымылдықтың кестелі бөлігі де осында.

dosxan

Досхан ЖҰМАХАНҰЛЫ, Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің қызметкері:
1886 жылы Әзиза атты қызға арналған кестелі шымылдықты бүгінде ешбір тігін машинасы тіге алмайды. Өте құнды жәдігер. Сондай-ақ, Өзбекәлі Жәнібековтың қолы тиген кебежені аса бағалы затқа балаймыз. Ағамыз 1992 жылы осы Отырар ауданына келгенінде музейге соғып, кебежені көріп, оның бетіне қолдан қашалып салынған ою-өрнекке жарты сағаттан астам назар салып, «өте сирек кездесетін, өте сирек кездесетін дүние» деп қарап отырып еді.

Өзбекәлі Жәнібековті жергілікті жұрт Әбу Нәсір әл-Фарабидің ізбасары деп те айтады. Бұған бір дәлел, Әбу Нәсір әл-Фараби Отырар өңіріндегі Оқсыз қаласында (тарихи деректерде Виссидж деп жазады) дүниеге келсе, Өзбекәлі Жәнібеков те сол мекенде, яғни Маяқұм ауылында туған.
Алматыдағы жоғары оқу орнын тауысып, Оңтүстіке оралып, еңбек жолын 1952 жылы Келес ауданында мектеп мұғалімі қызметінен бастайды. Оқу ісінің меңгерушілігіне дейін көтеріліп, комсомол комитетіне ауысады. Аудандық комитеттен республикалық деңгейге дейін өсіп, қызметі барысында бар ынта-жігерін қазақ жастарының білім алуына, қазақ мәдениетін қағазға түсіруге жұмсайды.
Мәдениет министрі болғанында театр, музейлер, тарихи ескерткіштерді сақтауға арналған бағдарлама түзеді. Бес арыстың есімдерін елге танытқан да Өзекең. «Қазақтың ұлттық қол өнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайырықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағлымы» атты кітаптар жазады.
«Қазақтың дәстүрлі мәдениеті құрып бара жатқан факторға жататын құбылыс. Өйткені, қазіргі техникалық прогресс жағдайында, жалпылама дамудың барысында бұрынғы қазақ халқының тұрмысына тән көп нәрселер істен шығып қалып отыр. Бұлай жалғаса берсе, енді алда 10-15 жыл өткеннен кейін қалған тарихи мұрадан да айырылып қалуымыз мүмкін» деген этнографтың бар аңсары қазақ салт-дәстүрін сақтап қалып, ертеңге жеткізуге ауады.

14-%d3%99selxan-5

Әселхан Қалыбекова, халық ақыны:
Ұлтты сүюі ерекше жан еді. Өзбекәлі ағамен бір-ақ рет кездестім.Мына Тайқазанды елге әкеле алмай жатқанында бізге сәлем айтып жіберіпті. Сонда облыс бойынша айтыс өткізіліп, соған Қонысбай Әбілов, Әсия Бергенова сынды халық ақындары Отырарға келген еді. Сонда Түркістанға бардық. Өзбекәлі аға Тайқазанды әкеле алмай, қисынын келтіре алмай жүр екен. «Ақындар айтсын. Жоқтасын Тайқазанды» деген соң, Қонысбай екеуіміз Ахмет Ясауи кесенесінің артына отырып айтыстық. «Тайқазанды неге қайтармайды, онда кімнің ақысы бар, ол — қазақтың Тайқазаны, еліміздің берекесі» деп тіліміздің жеткен жеріне дейін жырладық. Бұл Өзбекәлі ағаның тапсырмасы еді. Жан-дүниесі сондай таза кісі болатын. Еңбегі – ұшан-теңіз. Бүкіл қазаққа әке болған кісі. Бүкіл қазаққа пана болған. Қазақ – салт-дәстүрімен қазақ. Салт-дәстүрінен, ділінен, тілінен айырылса, қазақ емес. Міне, о кісі сол кезде шырылдап, қазақтың қиын, осал тұстарының бәріне тосқауыл қойған кісі.

Өзбекәлі Жәнібековтің ел ұмытпайтын елеулі тірлігінің бірі, 1970 жылдары құрылған Торғай облысын көркейтуі еді. Жаңа құрылған облысқа идеология жөніндегі хатшы болып барған ол аңызға толы өлкеде театр, музей, филармония ашады. Амангелді батырдың туын қалпына келтіріп, «Шертер», «Адырна», «Алтынай» және тағы басқа ансамбльдер құрады. Тарихи ескерткіштерді қалпына келтірумен айналысатын «Арқас» атты ұйым жұмысын бастайды. Осылайша, Торғай облысын тарих пен дәстүр тұнған мекенге айналдырады.

img_1421-nen

Өзбекәлі Жәнібековтің кесенесі

Өзін «Мен өртеніп кеткен театрдың режиссерімен» деп айтқан Өзбекәлі Жәнібеков 1998 жылдың 22 ақпанында дүниеден озды. 67 жасында жарық дүниені тастап кете барған қайраткердің мәйіті туған жері Отырардағы Арыстанбаб әулие кесенесінің маңына қойылды. Тарихынан ажырамаған жұрт кесенесіне келіп, құран бағыштап, әруағына тәу етеді.

Жәнібек НҰРЫШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *