Өлкетану музейіндегі Кенесары ханның қылышы

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы ғасырлар бойы жаугершілік жағдайда өмір сүріп, елін, жерін сыртқы жаудан үнемі қорғаған. Осы тұста қазақ елінің қолданатын ұрыс қару түрлері де көп болғаны белгілі. Бала күннен оқыған батырлар жырынан батырларымыздың басында дуылға, үстінде сауыт, иығында садақ, белінде қылыш, қолында найзасы мен қол шоқпары болғанын білеміз. Бабаларымыздың қаруын өз көзімізбен көру үшін облыстық тарихи – өлкетану музейіне бардық. Мұнда қойылған жауынгерлердің киімдері, қару-жарағы қазақтың әрі батыр әрі ержүрек халық болғанын көрсетеді.

Музейдің «Қазақ хандығы және қазіргі заман» деп аталатын III залында XV ғасырдан бастап тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңдегі оқиғаларды қамтитын жәдігерлермен танысуға болады. «Ер қаруы — бес қару» бөлімінде қару-жарақ түрлерін көре аламыз.

Музейдегі ең құнды қару боп саналатын, келушілердің де назарын бірден аударатын жәдігер: ол – қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының қолданған қылышы. Бұл қылышты 1931 жылы Хан Кененің немересі Әзімхан Ахметұлы Кенесарин музейге арнайы өткізген. Қайқы қылыш темірден, сабы сүйектен жасалған. Ал қыны ағаштан жасалып, сырты былғарымен қапталған.

Қынының түсі – қызыл. Қылыштың Әзімханның қолына түсу тарихы былай болған. Кенесары хан қаза тапқанда ұлы Ахмет сұлтан бес жаста екен. Әкесінің қазасынан кейін Ахмет сұлтанға осы қылышы берілген. Кейін Ахмет сұлтан қылышты ұлы Әзімханға аманат етіп қалдырыпты. Қазіргі таңда бұл жәдігерді көру үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келушілер көп.
— Музейдің басқа қалаларға ұйымдастыратын жылжымалы көрмесі барысында қылыш үшін келушілердің қарасы көп,- дейді ОҚО тарихи-өлкетану музейінің ақпараттандыру секторының меңгерушісі Гүлмира Лазар.

Гүлмира Лазар, ОҚО тарихи-өлкетану музейінің ақпарат-тандыру секторының меңгерушісі:

— Бұл жәдігерлердің қазіргі уақытқа дейін сақталып келе жатуына біздің музей қызметкерлерінің еңбегі зор. Әрбір затты мейлінше сақтау ережесіне қарап қалпында сақтап келеміз. Музейіміздің қор сақтау бөлімінің қызметкерлері әр жәдігердің материалына қарай күтім жасайды. Мысалы мына ағаштан жасалған шоқпарлардың белгіленген температурасы болады. Музейге түскен әрбір жәдігер мемлекеттің қарамағына өткеннен кейін ең бірінші қабылдау өткізу актісін толтырамыз. Бұдан кейін жәдігер комиссия мүшелерінің шешімімен негізгі қор мен қосымша қорға бөлінеді. Біздегі жәдігерлердің басым бөлігі негізгі қорға жатады. Негізгі қор дегеніміз жәдігердің түпнұсқасы. Ал қосымша қор соның көшірмесі. Сондықтан негізгі қорға қабылданған жәдігерлердің барлығына бекітілген арнайы форма бойынша түгендеу карточкасы толтырылады. Онда жәдігердің атауы, көлемі, өлшемі, құрамы, сақталуы, қандай жолмен түскені барлық пунктері болады. Сондай-ақ сипаттамасы жазылады. Содан кейін барып қор сақтау бөліміне өткізіледі. Ол жердегі мамандар есепке алып, иелік белгісін береді. Иелік белгісіз жәдігер болып есептелмейді. Жәдігерлерді бас түсім кітабына түсіріп оның электронды нұсқасын министрлікке жібереді. Осылайша жәдігерлер автоматты түрде мемлекеттің меншігі болып табылады. Сондай-ақ біздің «Ерлік музейі» дейтін филиалымыз бар. Ол жерде II дүниежүзілік соғысқа байланысты барлық қару түрлері қойылған.

 

Келушілердің назарын аударатын зат — батырлардың қорғаныс киімі.
Торғай көз шығыршықты, қайырма жағалы сауыт. ХVІІІ ғасырда жауынгерлік сауыттың дөңгелек металл шығыршықтардан өрілетін тобы шығыршықты сауыт деп аталады. Қазақ жауынгерлері көп қолданған шығыршықты сауыттың негізгі түрі — «кіреуке сауыт». Қазақтар шығыршық көздерінің көлеміне сәйкес торғай көз, шөже көз, бадана көз деп аталатын үш түрін айырған (яғни шығыршық тесігінің үлкендігі торғайдың, шөже балапанның көзінің немесе бадана өсімдігі пиязшығының үлкендігіндей дегенді білдіреді). Қайырма жағалы кіреуке жағасы бөлек дайындалып, жейде бөлігіне қайыспен тігілген. Бұл жәдігер музей қорына 1932 жылы түскен. Сонымен қатар сауыттың міндетті түрде дулығасы да болары сөзсіз. Бұл жерде дулығалардың да бірнеше түрлері бар. Солардың бірі ХVІІІ ғасырда қолданылған дулыға. Ол темірдің бір кесігінен тұтастай соғылған, төбесі мен төбелдірігі біртұтас күмбез пішінді болып, ал етегі тік цилиндр формалы соғылған да төбелдірігінің ұшы дөңгелене тесіліп құс қауырсынын қадайтындай етіп ойық қалдырған. Дулығаның алдыңғы жартысында жалпақ темір тақтаны еміру арқылы қаруқағары бар. Екінші жартысына, яғни желке тұсына майда тесіктерге сыммен бекітіліп шығыршық желкелік тағылған. Музейге 1926 жылы Сайрам ауылынан түскен.

Батырларды жау соққысынан қорғайтын, ХІХ ғасырдың жәдігері, былғары қалқан да осында. Көлемі 45х90 см. Бірнеше қабат теріден дөңес қылып сомдалған қалқанның ортасы төрт металл күмбезшелермен күшейтілген де, қолға ұстайтын қайыс баулары осы төрт күмбезшенің ішкі тұсынан шығып тұрған шығыршық сақиналарға бекітілетін болған.

ОҚО тарихи – өлкетану музейінің мекенжайы: Шымкент қаласы, Бәйдібек би даңғылы 115 а

47-60-01, 47-64-32

Сонымен қатар жауынгерлердің кез-келгені қолданатын қылыштың да бірнеше түрі бар. Солардың ішінде ХІХ ғасыр жәдігері, музейге 1931жылы Сырдария орман бөлімінен түскен қылышты ерекше атап өтуге болады. Ұзындығы 84,7 х 3,6см. Басы бір жүзді болып соғылған, сыртына қарай қайқы, қайқылығы орташа типке жататын қылыш. Қылыштың басы мен сабының түйіскен жерінде орналасқан, қылыштасқанда қарсыластың қаруын қағуға және жауынгердің қолына тіреу болуға арналған элементі – «балдағы» төрт жапырақты металл пластинадан жасалған, ал сабы өрнектелген сүйектен жасалған.

 

Және ұрма қарулардың бірнеше түрі бар оларды жекелей айтсақ: ағаш шоқпар ХІХ ғасырға жатады. Соғу қаруының бір түріне жататын ағаш шоқпар, қысқа сапты типіне жатады. Негізі ағаш безін басына келтіріп, сабын жонып бетіне сызықтар түсіріп әрлеген шоқпарға бүлдіргі тағылмаған. Музейге Шаян ауылынан әкелінген. 1978 жылы облмузей қызметкерлері этнографиялық экспедициясы барысында жинақтаған.

 

Ағаш бос мойын — ХІХ ғасырдың жәдігері
Басының сапқа босаң бекітілуіне қарай «бос мойын» деп аталатын соғу қаруы. Бос мойынның басына темірден мойындық жалғанып, оның төменгі жағына бір-біріне орала байланысқан темір шығыршықты ағаштың ұңғысына өткізіп, ағаштан сопақша етіп жасалған басы бекітілген. Сабы баулық үшін сайланып жонылған. 1931 жылы музей қорына Сайрам ауылынан алыныпты.

 

ХІХ ғасырдың заты ағаш сойыл — ұзын сапты басы ағаш тамырын қырлау арқылы соғуға ыңғайлап жонылған соғу қаруы. Шымкент қаласының тұрғыны берген.

Міне осы және тағы да басқа қару түрлерін шын көзбен көргіңіз келсе, облыстық тарихи-өлкетану музейіне барсаңыз болады.

Жанерке ХУМАР,

фотосуреттерді түсірген — автор

 

 

 

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *