Өлілер де өмір сыйлай алады… Егер…

donorstvo02Өңір дәрігерлері соңғы үш жылда бүйрек және бауыр алмастыру оталарын жасап, 80-ге жуық адамның өмірін сақтап қалды. Отаның бәрі Шымкент қалалық жедел медициналық қызмет көрсету ауруханасында өтті. 70 науқастың бүйрегі, 7 адамның бауырын алмастырды. Тағы бір жанның бауырын алмастыруға дайындық жасалуда. Бұл науқастарға өмір сыйлаған – тірі донорлар. Яғни, өзінің бір туған бауыры, ет жақын туысы. Алайда, донор тапшылығынан жарық дүниенің сәулелі күнін санап, ғұмыр кешіп жатқан науқастар аз емес. Қазір облысымызда 400-ге жуық жан жасанды бүйрек аппаратына тәуелді. Бәрі дерлік бүйрек алмастыруды қажет етеді. Бірақ донор жоқ… Сондықтан да, көбісі жарық дүниемен ертерек қоштасуда… Қаншамасы жастай кетті… Дәрігерлер туыстық донордың мүшелері әрдайым сәйкес келе бермейтінін айтады. Тығырықтан шығар бір жол бар екен. Ол — мәйіттік донордың мүшелерін пайдалану ісін жолға қою. Мәйіттік донордың жан-жақты тиімділігінің ара-жігін дәрігерлер былайша түсіндіріп берді.

«Мәйіттік донор» дегенді естісек, барлығымызды үрей иектейтіні рас. «Ойпыр-ай, бұ дүниеге бір мүшемді тастап, о дүниеге қалай барамын» деп ойлаймыз. Бір жағынан, аяқасты көз жұмған марқұмның дене мүшелерін алуға туыс-туғандары рұқсат бермейді. Мұндай түсінікке діни көзқарас та әсер етеді. «Жауап» алу кезінде сұралатындықтан күнә саналады» деп есептейді. Донорлыққа діни көзқарастың қалай екендігін кейінге қалдырып, алдымен, Қазақстандағы трансплантация тарихына көз жүгіртсек…

Мәйіттік донор деген ұғым жаңадан пайда болған жоқ. Бұл туралы Шымкент қалалық жедел медициналық қызмет көрсету ауруханасы бауыр хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Сәбитхан Тұрғанұлы: «Елімізде медицинаның бұл саласын қолға алғанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Мәйіттік донор арқылы бүйрек алмастыру отасы алғаш рет А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығында 1979 жылы жылы жасалған. Тоқырау жылдарында осы іс кенжелеп қалғанымен, соңғы уақытта трансплантация саласы қарқынды дамып келеді»- дейді осы саланың басы-қасында жүрген маман.

donorstvo04

Соңғы деректерге сүйенсек, 2012-2016 жылдар аралығында Қазақстанда туыстық және қайтыс болғаннан кейінгі донорлар арқылы 1011 мүшені трансплантаттаған. Оның ішінде бүйрек – 793, бауыр – 170, жүрек – 41, өкпе – 5, ұйқы безі – 2. Сонымен бірге, балалардың гемопоэтикалық бағаналық тіндерін 41 транспланттау отасы жасалған.

Трансплантация ісінің аз да болса алға жылжуы күнгейде де байқалады. Шымкент қаласында дәрігер Мәди Қожаұлы бастаған топ трансплантация жасауды 2012 жылы қолға алды. Ең алдымен бүйректі ауыстырды. Ота сәтті өтіп, науқас аяғынан тік тұрды. Сосын бауырды алмастырды. Ол азаматтардың барлығы нәсіп етсе, 20-30 жыл өмір сүруіне мүмкіндігі бар. Тірі донордың арқасындағы жеткен жетістік – бұл.

– Егер мәйіттік донарды қолға алсақ, талайлардың өмірін сақтап қалуға болады. Заң жағынан бұған рұқсат та етілген. Өңірде мүмкіндік көп болғанымен, сананы өзгерту оңай болмай тұр,- дейді Сәбитхан Тұрғанұлы. Сондықтан, мәйіттік донор бізде мүлдем кенже қалып отыр.

Сәбитхан БАЙТЕМІРОВ, Шымкент қалалық жедел медициналық қызмет көрсету ауруханасы бауыр хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі:
— Бауыр ағзадағы ең күрделі мүшелердің бірі. Бүйрек істен шықса, гемодиализ арқылы тіршілігін жалғастырады. Бауырда тірі донордан мүше алу үшін жартысын ғана алады. Салмағы 100 келіден асатын, бауыр қызметі істен шыққан науқастарға толыққанды мүше қажет, жарты бауыр дене массасы жоғары болғандықтан жетпейді. Сондықтан, көбіне бауыр алмастыруда мәйіттік донор қажет.

Мәйіттік донор дегеніміз не?
Тірі донорды пайдалану әрдайым мүмкін емес көрінеді. Олардың генетикасын тексергенде бір-біріне сәйкес келмейді. Не қан тобы, не салмағы бір-біріне тең келмей жатады. Сосын үміт өшеді. Тағы күту керек. Кім ағзасын береді екен деген уайыммен өмір сүрудің қандай екендігін науқастан артық ешкім білмейді. Тағы да мәселе «мәйіттік донорға» келіп тіреледі.

donorstvo07

Сәбитхан Тұрғанұлы тұрғындар арасында «мәйіттік донор» болу — қателік» деген теріс түсінік кең таралғандығын айтады.
— Кенеттен немесе түрлі апаттан көз жұмған марқұмның «мәйітханадағы денесінен мүше алады» деп ойлайды бәрі. Алайда, бұл дұрыс түсінік емес. Мәйіттік донор — миы өлген (смерть мозга) науқастардан алынады.

Бұл диагноз қойылғаннан кейін миы өлген науқас бірнеше сағат, бірнеше күн, бірнеше ай, көптеген жылдар бойы өмір сүре береді. Комадағы науқастың жасанды аппарат, дәрі-дәрмекпен өмірін ұстап тұру өте қымбатқа түседі. Қалған мүшелерінің барлығы сап-сау. Кемінде екі туысқаны рұқсат берсе мұндай науқастар 5-9 адамның өмірін сақтап қала алады.

Дегенмен, бұл мүмкін болмай тұр. Мұсылмандықпен байланыстырылатын көзқарасты өзгерте алмай отырмыз. Бірақ, ислам елдерінде мәйіттік донар кең тараған. Түркия, Иран, Египет, Пәкістан, жартылай мұсылман ел саналатын Үндістанда трансплантация, соның ішінде мәйіттік донор кеңінен жолға қойылған. Сондықтан, бұған адами тұрғыдан қарап, тұрғындардың біржақты көзқарасы өзгерсе екен. Тірі донор – бір адамды құтқарады. Ал, мәйіттік донордың қаншама адамға өмір сыйлайтынын ұғынса екен,-дейді дәрігер.

 

Қанша қаражат жұмсалады?
Медициналық терминде бүйрек алмастыратын науқасты «реципиент деп атайды. Бауыр, бүйрек, жүрек, өкпесін беретін адамды «донор» дейді. Бүгінде трансплантация жасауға ел қазынасынан аз қаржы бөлінбейді. Тек науқас қана емес, донордың өзіне де қосымша ақша қажет. Себебі, оған да ауру тарихы ашылады. Мәселен, бүйрек алмастыруда реципиенттің өзіне – 2,5 млн теңге, ал донорға – 1 миллион теңге жұмсалады. Бауыр ауыстыру отасы бұдан бірнеше есе қымбат. Реципиентке – 6 млн теңге, донорға – 2 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді.

– Әр ота бір-біріне ұқсамайды. Және бірі екіншісін қайталамайды. Барлығы аурудың жағдайына байланысты. Жұмсалатын қаржы көлемі де сондай,-дейді Сәбитхан Тұрғанұлы. Мұның бәрі ел қазынасына да оңай тимей тұрған секілді. Оның сөзінше, мәйіттік донор дамыса, мемлекеттің экономикалық жағдайына да тиімді болар еді. Бұл кезде қаржы үнемделеді екен. Ал, дін өкілдерінің пайымы қандай?

Амантай САДИЕВ, «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің найб имамы:
Шариғатта дүниеден өткен адамның қанын өзге де мүшелерін алуға рұқсат етіледі. Бірақ, тума-туыстары рұқсат беруі қажет. Мұнда бір ескерілер мәселе, мәйіттік донарда мүшелер тегін берілуі тиіс. Қан, бауыр, бүйрек, жүрек секілді ағза мүшелері саудаға салынбауы керек. Игілікті іс біреудің жақсы өмір сүруіне, денсаулығына пайда келтіруде жасаған жақсылығы болып қалуы қажет. Егер мәйіттік донар болған адамның мүшесінен кейін науқастың денсаулығы жақсарса, бұл жерде ағза туысқандары болып қалады. Мұның өзі туысқандықты, достықты күшейтеді. Сол үшін де бұған шариғат рұқсат етеді.

 

Түйін: Трансплантация… Екінші өмір… Елімізде мүшені алмастыруды қажет ететіндер, өкінішке қарай, көбейген. Ондай науқастар арнайы күту парақшасына кезекке тұрады. Онда қазір бүйрек бойынша 2595 (759 ауыстырылды), бауырда 524 (163), жүректе – 117 (39), өкпеде 7 (5), жүрек-өкпе кешенді түрде 3 науқас бар… Түрлі себептердің салдарынан уақыт өте келе ауыр дерттің тұзағына тұсалғандар өзгелерден көмек күтеді. Бәлкім бүгінгі күні туыс-туғанының дене мүшелерін алуға рұқсат бермейміз деп қарсы болғандардың кейбірі өзі де кейін дәл осындай жағдай басына түспесіне кепілдік жоқ. Бәріне уақыт төреші. Дегенмен түсінікті түбегейлі өзгертуге әлі де насихат жұмыстары кемшін түсіп жатқандай. Санаға сілкініс тудыру біраз уақытты қажет етеді …

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *