Әскери борышты қысқа мерзімде де өтеуге болады

Қазан айынан бастап елімізде азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталады. Биылғы жылы облыстан Қарулы Күштерге, сондай-ақ өзге де әскерлер мен әскери құрылымдарға екі мыңға жуық жасты шақыру жоспарланып отыр. Мерзімді әскери қызметке бірінші кезекте кейінге қалдыру құқығы жойылған немесе осыған дейін басқадай себептермен шақырылмай қалған ер азаматтар, сондай-ақ ҚР ҚМ әскери-техникалық мектептерінің түлектері шақырылатын болады. Сонымен қатар, жоғары, арнаулы білімі бар азаматтар да назардан тыс қалмайды. Болашақ сарбаздардың жеке істерімен танысу барысында комиссия мүшелері олардың білімдеріне, мамандықтарына, отбасылық жағдайларына, дене және әскери дайындықтарына, моральдық-іскерлік сапасына барынша мән беретін болады. Жас жігіттерді әскери қызметке іріктеу кезінде шақырылушыларды психологиялық тестілеуге айрықша маңыз берілмек.

Нұрмахамбет Дүйсебаев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары

Нұрмахамбет Дүйсебаев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары

«Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» Заң бойынша мерзімді әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы кейінге қалдыруға жатпайтын, әскерге шақырылудан босатылмаған Қарулы Күштерді жасақтауға қажетті азаматтар шақырылады.

Осы ретте біз әскерге шақырудың талаптары мен жаңадан енгізілген өзгерістерін білу үшін облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Нұрмахамбет Дүйсебаевты сөзге тартқан болатынбыз.

– Нұрмұхамбет Бексейітұлы, әскерге барғысы келетіндерге қандай талаптар қойылады? Әскери құрлымдарға бөлуде ескеретін жайттар бола ма?

– Ең бастысы, әскерге барғысы келетін жастардың денсаулығында кінәрат болмауы керек. Мәселен, ең маңызды саналатын Мемлекеттік күзет қызметіне қабылдануы үшін жігіттердің бойы 1,80 метрден кем әрі 1,90 метрден биік болмауы керек. Ал, Қорғаныс министрлігіне қарасты десант бөлімі мен арнайы жасақтарға бойы 1,70 тен кем емес, арнайы орта және жоғары білімі барлар қабылданады. Шекараны күзететіндер шындық детекторынан өтеді. Ұлттық Ұландағыларға барғысы келетіндерге де осындай қатаң талаптар қойылады. Мұндай іріктеуден өте алмаған, бірақ денсаулығы мен дайындығы әскерге жарамдылар  қатардағы жауынгерлікке қабылданады.

– Әскерге барудан бас тартқан жағдайда  қандай шаралар көріледі?

– 18-27 жасқа дейін әскерге бару ерікті түрде жүргізіледі. Белгілі бір себептері болып жатса (ЖОО оқыса, үйленсе, басқа да себептері болса) онда борышты өтеу уақыты белгілі мерзімге дейін шегеріле береді. Ал жаңадан қабылданған «Қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске сәйкес, әскерге барғысы келмейтін азаматтар үшін түрлі жазалар қарастырылған. Тіпті, қылмыстық кодекс бойынша жауапкершілікке тартылады. Мәселен, шақыру қағазын бірнеше рет алып, ешқандай себепсіз Отан алдындағы борышын өтегісі келмегендер 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді, не болмаса 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ, кез-келген кәсіпорын басшысы өз мекемесінің жұмысшылары жайлы бар ақпаратты әскери комиссариатқа өткізбей, жасырса 10 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді.

– Бейбіт заманда әскерге шақырудан қандай азаматтар босатылуы мүмкін?

– Денсаулығы жарамаса, 27 жастан асып кетсе, отбасында оның көмегіне жүгінетін немесе жалғыз асыраушысы болса, туыстары мүгедек болса (оны арнайы комиссия тексеріп, анықтайтын болады), үйленсе (бала-шағасының бар жоғына қарамастан) сондай жағдайларда борышын өтеуден босатылады. Ал егер ол азамат арнайы әлеуметтік қорғау бөлімдерінен туыстары көмекке мұқтаж емес деген анықтама мен нотариалды түрде үйленгеніне қарамастан өз еркімен әскерге барғысы келетінін көрсетсе онда ол азамат әскер қатарына қабылданады.

Әскери борышты қысқа мерзімде де өтеуге болады– Әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыру қандай жағдайларда қолданылады?

– Отбасы жағдайлары бойынша, білім алуды жалғастыру үшін, денсаулық жағдайы бойынша және өзге де себептермен рұқсат етіледі. Бұдан бөлек, ауылдық жерде орналасқан білiм беру ұйымдарының орта білімнен кейінгі немесе жоғары педагогтік білiмi бар және мамандығы бойынша жұмыс iстейтiн оқытушыларына, тиiстi бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық жерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге, ҚР Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына, оларға қатысты алдын ала тергеу немесе қылмыстық істер жүргізілетін адамдарға, тиісті білімі бар кеме экипаждарының мүшелеріне беріледі. Мұндай жағдайларда мерзімін кейінге қалдыру жұмыстың барлық кезеңіне беріледі, ал қылмыстық іс жағдайында – сот шешімі бойынша тергеу аяқталғанға дейін ұсынылады.

– Соңғы уақытта қолданысқа енген қырық күндік оқу-жаттығу әскердегі бір жылға татиды ма? Мұндай мектепте білім алу үшін қандай талаптар қойылады?

– Қырық күн бойы әскери мектепте оқып, білім алған сарбаз арнайы емтихан тапсырғаннан кейін сертификатқа ие болады. Сарбаз ол сертификатпен жергілікті жердің қорғаныс бөліміне барып әскери билет ала алады. Демек, әскери билет қолға тигеннен кейін келісімшартпен әскери бөлімшелерге немесе құқық қорғау органдарына, прокуратураға да жұмысқа орналасуына мүмкіндігі бар. Яғни, бір жыл бойы борышын өтегенмен бірдей дәрежеде саналады. Ол үшін 22-27 жас аралығындағы азаматтар тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істер бөліміне арыз жазуы тиіс. Содан кейін барып медициналық комиссияның тексеруінен өтеді. Салмағы, бойы, денсаулығы жарамды болса, осында келіп, әскери борышын өтеуге мүмкіндік алады. Бастысы 263 318 теңге ақы төлейді. Осы тұста айта кетерлігі, күнделікті үш мезгіл тамағы, киетін әскери киімі, жатын орны міндетін өтеушінің төлеген төлемақысы есебінен алынады. Ескеретін жайт, егер басқа елге көшіп, сонда қалатын болса бұл әскери билет жарамсыз болып табылады. Ол азамат сол елдің әскери бөлімшесіне тіркеуге тұрып, қайтадан борышын өтеуге міндеттеледі.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Айнұр Ақбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *