Әлеуметтік желіде ғайбаттау заңмен қудаланады

Елімізде жала жабу, көпе-көрнеу, жалған ақпарат тарату, азаматтың намысын қорлау қылмыстық кодекстегі ауырлығы орташа қылмыстар болып саналады. Сонымен қатар, бүгінде «жалған екеніне сенімді бола тұра өсек таратқан» жандар да жауапқа тартылуда. Болған оқиғаны бұрмалап, ушықтырып жіберетіндер де заң алдында жауап береді. Мәселен, жуырда ғана Шымкенттегі «Мәскеу» түнгі клубында орын алған төбелес соңы кісі өлімімен аяқталғаны көпшілікке мәлім. Артынша әлеуметтік желіде қос бойжеткен марқұмды жақсы танитынын жазып, оның өліміне тәртіп сақшылары себепші болғанын хабарлаған болатын.

Джохар Өтебек

Джохар Өтебек

Осыдан кейін бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны анықталды. Ал жалған хабарлама таратқан бойжеткендердің үстінен іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Дәл осындай жағдай Алматы қаласында да тіркелді. Сел алу кезінде үйлер қирап, төрт адам өлді деп «WhatsApp» желісі арқылы жалған хабарлама мен басқа бейнетүсірілім таратқан азамат та құқық қорғау органы қызметкерлерінің құрығынан құтылмады. Енді елді дүрліктірген тұрғын он жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін. Ақтөбеде «WhatsApp» желісі арқылы терроризмді насихаттаған 8 адам да сотты болды. Олар «WhatsApp»-та «Оқы, қара, тыңда. Амал жаса» деген атпен топтық чат құрып, мазмұны радикалды-экстремистік сипаттағы аудио, бейне-роликтер жариялап келіпті. Бұл чатта 57 адам болған. Чатты ашқан ақтөбелік азамат жазасыз қалмады.

Жалпы, әлеуметтік желіде «бір елі ауызға екі елі қақпақ қоя» білмегендер, біреуді ғайбаттағандар айыппұл төлеп, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл шара арнайы сараптама негізінде жүзеге асырылып жатыр. «Қолданысқа енген бұл заңнамалар ешкімнің құқығына қол сұқпайды, керісінше азаматтардың бір-бірінің ар-ожданын, азаматтық беделін құрметтейтін жағымды ахуал қалыптастырады», дейді құқық қорғау өкілдері. Яғни адамдардың іс-әрекеттерін реттеп, белгілі аядан шықпауын қамтамасыз етіп отырады. Заңнаманы толық түсіндіру үшін заңгер, қорғаушы Джохар Өтебекпен (суретте) болған сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Ғаламтордағы Фейсбук, Твиттер, Вконтакте сияқты әлеуметтік желілерде жағымсыз пікірлер айту, жала жабу бұл екінші азаматтың ар-намысына тию болып саналады ма? Егер расымен де ар-намысына тиген болса, ол үшін қандай жаза қарастырылған?

– Егер де ол азамат шынында да екінші адамның ар-намысына тисе, ғайбаттағаны дәлелденсе, ол үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл жазаның ішіндегі ең қатаң түрі болып саналады. Әрі тәжірибеде жиі қолданыла бермейді. Мұндай жағдайда мен азаматтарға шағым түсіргенде әкімшілік жазаға тартуын сұраған дұрыс деп кеңес берер едім. Яғни, моральдық шығын төлеуді талап еткен тиімді. Менің тәжірибемде мұндай істер жиі болып тұрады. Онда тіл тигізу, намысын аяқ асты еткені үшін 50-ден 300 мың теңгеге дейін моральдық шығын төлеткен жағдайлар болды. Кейбір істерде шығын көлемі 500 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл негізінен қай аймақта, әрі қалай намысына тиген деген мәселелерге тікелей байланысты болады. Қылмыстық кодекспен жазалау жағдайлары да кездесіп жатады. Әсіресе талап-арыз беруші танымал тұлға болса мүмкін.

– Егер бір адам екінші адамның ғайбаттау сөздерін, ар-намысына тиетін пікірлерін көпшілікке таратып жіберсе не болмаса басқалармен бөліскен жағдайда қандай жазаға тартылуы мүмкін?

– Алдымен бұл адамның не себепті өзгелермен бөліскені, таратқаны сараланатын болады. Қандай мақсатпен жасағаны зерттеледі. Содан кейін жазаға тартылуы мүмкін. Яғни мұндай әрекеті үшін де азаматтар алғашқы автормен бірдей жазаланады. Кейбір азаматтар «менің мәтінім емес, мен жазбадым» деп ақталғысы келгенімен жазадан құтылмайтынын білуі керек. Ең дұрысы жазбағаны, бөліспегені абзал. Ал экстремистік мазмұндағы ақпараттарды не болмаса ой-пікірлерді бөлісуге қатаң жаза қарастырылған.

– Яғни экстремистік ұйымдарды насихаттау, шақыру, үгіттеу не болмаса террорлық әрекеттердің сілтемелерін таратқаны үшін, онымен бөліскені үшін жазалай ма?

– Ия, мұндай азаматтар көп жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мәселен мұндай істер қазір Ресейде көптеп кездесіп жатыр. Оны жергілікті БАҚ-та күнделікті көрсетуде. Ал біздің елде осындай мазмұнда ақпаратты не үшін таратқаны, қандай мақсатпен бөліскені тексеріледі. Егер оның ісі құзырлы органдар өкілдерінің назарына іліксе, онда жазаның қатаң түріне ілігіп кетуі әбден мүмкін.

Әлеуметтік желіде ғайбаттау заңмен қудаланады

– Әлеуметтік желілерде азаматтардың жазған ойларын, пікірлерін қандай да бір мекеме, мамандар саралап отыра ма? Мәселен бұл пікірлер ұлтараздық қақтығыс, ұлттың қауіпсіздігіне қатысты болса…

– Менің білуімше ҰҚК мен әкімдіктерге қарасты ішкі саясат бөлімдерінде, әлеуметтік желілерде ақпараттық сараптама жүргізетін мамандар бар. Айталық, ұлтараздық қақтығыс туғызатын хабарлама жарияланса соның бәрі назарға алынады. Десе де арнайы құрылым бар деп естімеппін. Көп жағдайда азаматтардың өзі теріс пиғылды материалдар байқап қалса, құқық қорғау органдарына хабар беріп жатады. Содан кейін ғана нақты бір шаралар көріледі.

– Ал шенеуніктер мен полицейлерді ұялы телефонға суретке не болмаса камераға түсіріп, ғаламторға, әлеуметтік желілерге жария етуге рұқсат беріле ме?

– Ия, әрине. Өйткені олар қызмет бабымен жүр ғой. Бұл жерде олардың азаматтық құқығы емес (бұл жерде «Азаматтық кодекс» азаматтардың бейнесін жария ету жөнінен қорғалады), қызмет барысымен жүргені ескеріледі. Яғни шенеуніктер де, тәртіп сақшылары да қызметін атқарып жатыр деген сөз. Азаматтар жолда полиция тоқтатса, олар өздерінің құқықтары тапталмас үшін түсіреді. Сол себепті бұл жерде заңға қайшы әрекет көріп тұрғаным жоқ. Тіптен, ІІМ -і де жолдағы сақшыларды камераға түсіруге болатынын ашық айтып жүр.

– Егер де кез-келген көшеде, немесе бір ғимараттың алдында келеңсіз жағдай орын алса, ондағы азаматтың бейнесі (сурет немесе бейнетүсірілім) сыртта тұрған бақылау камераларына түсіп, ол ғаламторда жария болса не істеуі керек? Сол мекеменің басшысын не болмаса соған жауапты адамды қандай да бір жауапкершілікке тартуға болады ма? Қандай жағдайда және қалай жасаған дұрыс?

– Бұл жерде азамат көшеде, қоғамдық орында, қандай жағдайға байланысты түсіп қалды деген сауалдар туындайды. Заңда азаматтардың өз бейнесін белгілі-бір жерлерде жария етпеу, ондайға рұқсат бермеу сияқты құқығы бар. Ол заңмен қарастырылған. Мәселен ол адам өз бейнесін жария еткені үшін моральдық шығын талап етіп, оны ғаламтордан алып тастауды бұйыра алады. Екінші жағынан алып қарасақ, ол адам қоғамдық жерде болса, өзін дұрыс ұстай алмаса, біреуге зиянын тигізсе онда бұл жерде басты мәселе қоғамның пайдасына қарай қарастырылады. Мәселен, адам халық көп жиналған жерде бұзақылық жасап, біреуді ұрып соқса, оны сол жерде болған қонақтардың бірі ғаламторға салса, онда құқық қорғау органдары тәртіп бұзушының мәселесін қарайтын болады. Егер бейнетаспаға түсіп қалған азаматтың жеке өміріне қол сұқса, біреумен қарым-қатынасын жария етсе, онда ол азамат сотқа жүгіне алады.

Сұхбат «Интерньюс – Қазақстан» ұйымынан алынған

Дайындаған – Айнұр Ақбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *