Әкімшілік жазаға тартыласыз…

Елімізде биылдан бастап «Әкімшілік құқық бұзушылық» заңына бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. Бұл құжатқа сәйкес қоғамдық орындарда тәртіп бұзғандар мен жол ережесін сақтамағандарға қатысты айыппұл мөлшері едәуір өсіп отыр. Дей тұрғамен аталмыш заңның күшейгеніне қарамастан көпшілік арасында былапыт сөйлеу, саябақтарды ластау сияқты ұсақ бұзақылыққа жол беретіндер қатары азаяр емес. Осы ретте
Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Әбдімүтәліп Бектұрғановпен (суретте)сұхбаттасқан едік.

Әбдімүтәліп Бектұрғанов

Әбдімүтәліп Бектұрғанов, Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы

– Әбдімүтәліп Елікбайұлы, соңғы уақытта халық қоғамдық орындарда тәртіп бұзбауға тырысады. Тазалық сақтап жатады. Десе де көпшілік тәртіпсіздік жасаса қандай жазаға тартылатынын біле бермейді. Осы жөнінде кеңірек айтып өтсеңіз…

– Мұндай әрекеттерге заң бойынша 10 айлық есептік көрсеткішке дейін /АЕК/ айыппұл салу қарастырылған. Яғни, ереже бұзушы 19820 теңге төлейді. Не болмаса, он тәулікке деиін қамауға алынады. Азаматтар бұл бапты біле бермейді. Темекі тарту, пісте шағу заңбұзушылық екенін ойламайды. Сотқа келгенде бір-ақ түсінеді. Көбінде студенттер, ауылдан келген азаматтар осындай әрекеттерге бой алдырып жатады. Базбірі «төлей алмаймын, одан да бір-екі күнге қамап қойсаңызшы» деп өтініш жасайды. Жартысынан көбісі екі-үш күнге қамалуды дұрыс көреді. Қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Мәселен, күніне он іс қарасақ, оның бесеуін осындай істер құрайды. Жыл басынан бері аталған баппен 1368 іс қаралып, оның 562-не қатысты айыппұл салынды.  829 адам 10 күнге дейін қамалған. Мемлекет қазынасына 8 млн теңгеден аса қаржы түсті.

– Әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты тағы қандай өзгерістер енгізілді?

– Көші-қон тәртібін бұзу бойынша да бірқатар заңдар өзгеріп отыр. Қазір әкімшілік сотта осы тектес істер де көп қаралуда. Мәселен көктем шыға салысымен құрылыс жұмыстарына көрші елден жұмыс күші ағылып жатады. Заң бойынша елге келген шетел азаматының әрқайсысына бір айға 5 АЕК көлемінде салық төлеу мен бес күн ішінде тіркеуге тұрғызу міндеттеледі. Олар екі ай көлемінде жұмыс істей алады. Осы уақыт аралығында өз еліне қайтуы тиіс. Яғни, жұмыс беруші үйіне бес адамға дейін тіркеуге тұрғызуға құқы бар. Алайда азаматтардың басым көпшілігі заңға мойынсұнғысы келмейді. Мұндай жағдайда әкімшілік кодекс бойынша 15 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Заңды өрескел бұзғандар 15 тәулікке дейін қамалады.

– Көптің көкейінде жүрген мәселелердің бірі жол жүру ережесіндегі өзгерістер екені белгілі. Яғни ереже өзгергенін білеміз, ал жазалауда қандай жаңалықтар бар?

– «Әкімшілік құқық бұзушылық» заңы қатайды. Жол жүру ережесіне қатысты заңдарға да өзгерістер енгізілді. Мәселен, темір тұлпарларын сатқанда сату-сатып алу келісім-шарттарын жасамай, көбісі үш жылға дейінгі сенімхатпен сатып жібереді. Екінші алған адам ереже бұзады. Ал бұрын айыппұлдардың көліктің заңды иесі төлейтін. Ал жаңа заң бойынша сенімхатпен сатқан адам емес, сатып алған жүргізуші төлеуге міндеттеледі. Яғни полицияның қаулысына қатысты әкімшілік сотқа шағым келтіріп, айыппұл төлеуден бас тартуға құқыңыз бар. Қазір біз осындай қаулыларды қарап, айыппұлдарды қысқартып жатырмыз. Ал сату –сатып алу келісім – шартын түзбей, сенімхатпен сатқан жағдайда көліктің бұрынғы иесі кейінгі иесін сотқа ертіп келіп, рольде болмағанын дәлелдеуі керек. Сонда ғана айыппұлдан босатылады.

Әкімшілік жазаға тартыласыз...

Сурет yvision.kz сайтына алынды

 

 

– Жол көлік оқиғасын жасағандар қалай жазаланады?

– Ия, орынды қойылған сұрақ. Соңғы кезде жол көлік оқиғалары жиілеп кетті. Бұрындары осындай жағдайлар салдарынан материалдық шығын келсе, кінәлі жүргізуші оны төлеп, екі жақ ымыраға келетін. Артынша екі тараптың ортақ мәмілеге келуіне байланысты мұндай істерді қысқартып тастайтынбыз. Қазір екі жақ бір-біріне қарсылығы болмаса да жол көлік оқиғасын жасаған азамат 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Жолаушылар не болмаса жаяу жүргіншілер жеңіл жарақат алса, 15 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Кей жағдайларда бір жылға жүргізуші құқынан айырамыз.

– Көлікті мас күйде жүргізгендер көп жағдайда кісі өліміне себепкер болып жатады. Жалпы рольге ішімдік ішіп отырғандарға қатысты заңда нендей өзгеріс бар?

– Жаңа заңда автокөлікті мас күйде жүргізуге қатысты жазалау күшейтіліп отыр. Бұрын кей жағдайларда жеңіл жазаға тартылса, яғни айыппұл төлесе, қазір тек жүргізу құқына шектеу қойылуда. Не болмаса темір торға қамалады. Мәселен, бірінші рет масаң күйде көлікке отырса 3 жылға жүргізу құқынан айырылады. Егер сол адам жол апатына ұрынса, 4 жылға дейін көлікке отыра алмайды. Жол көлік оқиғасын жасаса, бес жылға дейін жазаланады. Сондай-ақ, осы жылдар өткеннен кейін тағы бір жыл ішінде дәл осындай заңбұзушылыққа жол берсе, алты жылға дейін көлікті тізгіндей алмайды. Тіпті, он жылға дейін көлік тізгіндеуге тиым салатын баптар да бар. Егер де жүргізу құқынан айырылғанына қарамастан ереже бұзатын болса, онда ол жүргізушінің ісі қылмыстық жазаға тартылады. Бұдан бөлек азаматтар көлікті куәліксіз айдаса, он бес күнге дейін қамау қарастырылған.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айнұр Ақбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *