Әйелді сүйсең, күн боп сүй!

татьянаНаурыз айының алғашқы күндерінің бірі. 5 наурыз. Көктем ерте келген Шымкентте мерекелік шаралардың басталып кеткен шағы еді бұл күн. «Түркістан» салтанат сарайына жиналғандар сәт санап көбейіп жатыр. Қазақтың халық әндерін, жаухар жырлары мен мазмұны терең термелерін құйқылжыта орындайтын орыстың қызын Оңтүстіктегі көрермені сағынып-ақ қалыпты…

Сөйтіп, әдемі кеш басталып кетті. Сахнада Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрова.
Оңтүстіктің аналары мен қыз-келіншектерін көктем мерекесімен құттықтап, кең сарайды әуезді әнге бөледі. Қазақтың халық әнін әуелеткен орыстың қызы, қазақтың келіні екі жарым сағат бойы «Түркістан» салтанат сарайының ажарын ашып, көрерменінің көңілін бір демдеді. Татьяна біздің жерлесіміз. Бұрынғы Алғабас, қазіргі Бәйдібек ауданында туып өскен. Мамандығы – дәрігер-психиатр. 10 жасында қолына алған қара домбырасын күні бүгінге дейін тастаған емес. Осылайша, «қазақ өнеріне, оның әні мен жырына деген ықыласымды, халыққа деген шынайы көңілімді қос ішекті сырласыммен қосыла шырқап жеткізіп келем»,-дейді. Үлкен сахнаға шығып, «Алтыбақан», «Тамаша» ойын-сауық отауларында ән айтып, көрерменмен қауышқан сәттердің әрбірі оның әлі есінде. Сол кезден бері 40 жыл бойы патша көңіл тыңдарманының ықыласына бөленіп келеді.

Қазақ осы — дала дейтін, күн дейтін,
Қазақ осы — «Өнер алды — тіл» дейтін.
Қазақ осы — қарасың ба, ақсың ба,
Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін.
Қазақ осы — көргенінен танбайтын,
Той-думансыз оты түзу жанбайтын.
Қазақ осы — алудай-ақ алатын,
Ал беруден алдына жан салмайтын.
Қазақ осы — ашық жарқын қабағы,
Қонақ келсе шабылып бір қалады.
Байқа да тұр, саған да ол кетерде,
Ат мінгізіп, жібек шапан жабады.

Көктемгі кеш Қадыр ағаның сөзіне жазылған «Қазақ осы» әнімен ашылды. Татьяна Бурмистрованың өмір жолынан мағлұмат беріп, көрерменге кештің басталғанын хабарлаған жүргізушінің сөздерінен кейін, сахнаға жар ете шыққан ару сөздің бісмілләсін да әннен бастады. Залдағы отырғандардың жігеріне жігер қосып, рухтандырып-ақ тастады бірден. Сөйтіп, үзіліссіз Естай Беркімбаев, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев сынды біртуар азаматтардың өлеңдеріне жазылған әндерді орындады. Термеден құйқылжыта жыр төкті. Термелерде халықтың философиялық дана ойлары айтылады. «Тәнді емдейтін дәрігер көп, сен біздің жанымызды емде әніңмен, домбыраңды ала жүріп. Адамның көңілі жақсы болса, ауруын да ұмытады, дегені ағаларының сөзін еске алып, көрерменді әдемі сөздерімен баурады. Бұхар жыраудың «Ой заман-ай, заман-ай» , Мақатаевтың «Тағдырыммен бетпе-бет», Кенен Әзірбаевтың «Келінжан» әнін құйқылжыта орындай отырып, оңтүстіктің келіндеріне құлаққағыс етіп, аналық тілегін де жеткізді. Кей өңірлерге барғанда «Оңтүстіктің қыздарын мақтайсыз, бірқатарын байқадық» деген әңгімені естіп, ыстпалап қалғанын да Татьяна бүккен жоқ. Олай болмас деп, жерлестіеріне, қыз-келіншектерге сенім артатынын құлаққағыс етіп айтып кетті…
Осы кешке Татьянаның анасы да келді. Асыл анасына арнап, көктем мерекесі қарсаңында «Мама, милая мама» әнін шырқады. Ананың ақ сүтімен бойына дарыған мейірімділікті, шаршамай халыққа қызмет етуін көрермен қауым ерекше бағалайтынын білдірді. Құшақ-құшақ гүл сыйлаған жерлестердің біразы сахнаға шығып, онысын жасырмай микрофонды алып айтып та жатты. Өнердегі несібесін қазақ халқының ықыласымен байланыстыратын Татьяна көрермен қашан да өзі орындағанын қалайтын «Әйелдің жасы он сегіз» әнін сыйлады аруларға.

…Әйелдің жасы он сегіз
Гүл солар ерте, келсе күз.
Әйелді сүйсең, күн боп сүй!
Сөзіме менің сенсеңіз.
Айналса Күнді Жер-ана,
Байласа өмір тұра ма?
Әйелдің жасы он сегіз-
Әйелдің жасын сұрама!

Бурмистрова (18)

«Көп тіл білгенің, ол сенің мерейің»

«Қасиетті топырақ… Маған күш, жігер беретін де сол. Мысалы, Баянауылға барсаң, бізден 28 академик шықты деп мақтанады. Бізде де бар шығар…академик, жыраулар шықпаса да, елінің қуанышын бөлісетін, оның қасиетін дәріптейтін ұл-қыздары барына сенемін. Маған бәрінен осы өңірдің топырағы ыстық. Сол киелі топырақтың киесі, жердің киесі болар бойыма қайрат, жігер беретін. Бойыма қасиет атадан қонды деп жатады кейбіреулер. Орыс атамның қайсысынан домбыра тартып, ән айтуды үйренді дейсіз? Сондықтан, туған жердің қасиеті болар менің бойыма дарыған. Кейде анам маған: осы сені мен тудым ба? — дейтіні бар…
«Шаянға барсаң әншімін деме» деп, Мұхтар Әуезов ағамыздың бекер айтпағанының дәлелі осы болар. Жеріміздің қасиетті топырағының киесі деп білем мен қанымызға, өн-бойымызға сіңген бұл қасиетті. Терменің жөні бір бөлек. Тіл-адамның жан дүниесіндегі сеізмді сыртқа шығаратын құрал болса, терме маржан сөздерден құралады, ол-халықтың қазынасы. Ал, енді, сөз маржаны су бетінде жүрмейді, түбінде , тереңінде жатады. Оны теріп айту үшін өзіңде қасиет болу керек. Сол бойыңа қасиет дарымаса, асыл сөздерді көрерменнің жүрегіне жеткізе алмайсың, жай ғана оқуменен жеткізу мүмкін емес. Топырақпен дарыған сол қасиетті бағалап, мәнерлеп айтуға тырысамын халқымның алдында. Елді неғұрлым жүрегіңмен сүйсең, соғұрлым әнің әдемі шығады. Көрерменнің көзіндегі нұрды көріп, одан сайын шабыттанам, тағы да айта түскім келеді».
— Жерлестеріңіздің сағынышын сездіңіз бе?
— Иә, әрине, сағынышын байқадым халқымның. Сахнаға шыққан сәтте «жарықты өшірмеңіздерші, мен көрермендерімнің көзін көріп, мейірімін сезіп, қуана қауышайын»,- дегенім сол ғой… Кей кезде, әнші көп, қоя қояйын осы деп те ойлаймын. Бірақ, халықтың көкейіндегі ойды қозғайтын, дәстүрлі әндерді орындайтындар тым аз. Домбыра жалықтырады дейтіндер бар. Ал, қазақтың табиғатын оятатын, рухын көтеретін осы қазақтың термесі мен халық әндері. Осы кешке жиналған тыңдарманымның көздеріндегі қуаныштан мен еріп кеткім келді. Сондықтан, мен бұл әндерді орындауымды қалай қоямын? Қоя алмаймын…

«Қазақ қыз баланың тұсауын кеспеген»

Әндердің арасында үзіліс жасап, сахна сыртына демалуға кететін әнші емес Татьяна. Ол сәттерде өмірде түйген ойларын ортаға салып, дәстүрдің озығы мен тозған түріне қатысты пікірін жеткізіп үлгерді. Мәселен, «қазақ қыз баланың тұсауын кеспеген, кезбе болып кетеді, қыдырымпаз болады деп», деген сөздері көңілге қонды. «Қырық үйден, қала берді күңнен тыю жасалатын қыз баланың» тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген ұлтымыздың құндылықтарының қадіріне жетіңкіремей жатқан бұл шақта осындай әңгіме қажет болып-ақ тұр. «Елу жылда — ел жаңа» деп, талай салтты, дәстүрді асырыңқырап, толықтырып, жаңалап жатқан өзіміз. Талайын, тіпті, түрлендіріп те жібердік. Ұмытпасақ болды, дегендей… Тәңірім ақырын берсін!
Махаббаттың символына айналған қос ғашық Қыз Жібек пен Төлегенді «өзге қырымен танытқысы келген» сатира қырандарына назын білдірді әнші Татьяна. Әлемдік деңгейде мойындалған қазақ эпосының образдарын келемеждеуімізден, сырттағыларға күлкі болған тұстарды да ашына айтты. Ел қадірін, оның ұлдары мен қыздарының қадірін білгенде ғана, бір-біріне демеу, пана, қолдау бола алатынымыз қанша айтылса да, тірлікте қарын аштыратын жағдайларды көзі жоқ та байқап жүр.
Осы кештің тағы бір ерекшелігі, Татьяна Бурмистрова халық әндерін Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Сүгір» атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен де орындады. /дирижері Ғалия Жомартова/. Филармония директоры Әбдіхан Нұрмағамбетовпен қосылып ән шырқады.
«Әйелді сүйсең, күн боп сүй» атты кешті ұйымдастырған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі болатын. Облыс басшысы Б.Атамқұловтың құттықтауы мен өңір жұртшылығына сыйлаған әдемі кеші үшін ризашылығын білдірген хатын облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков арнайы табыстап, сый-сыяпатын жасады. Облыс халқы атынан жанға шуақ сыйлаған сәттер үшін ықыласын білдірді.

Әбдіманап Сәрсенов,
ұстазы
— Ол — өте ізденімпаз, айтқаныңды ұғып алатын шәкірт болды. Енді міне, ұстаздарынан озған шәкірт. Онымен мақтанамын, қай концертінде болмасын менің есімімді айтып, ән айтып, көрерменге жеткізуді үйретті деп айтып отырады. Ризамын. Қазақтың өнерін, мәдениетін барынша терең меңгеріп, дәріптеуден жалықпайды. Өте ризамын.
Лесбай Ержанов,
Бәйдібек ауданының тұрғыны
— Бұл қызды кішкентайынан білемін. Әкесімен қызметтес болған едім. Оны мақтаныш тұтамын. Татьянаны бірегей деп атар едім. Теледидардан көрсем де мақтанып, құрметтеп отырамын. Біздің ауылдың қызы, біздің Татьяна деп… Керемет демалыс болды. Отбасыммен, немереммен келдім. Елге Татьяна келді дегенді естіп, осы концертке міндетті түрде барамын деп, келіп отырмыз. Тамаша. Дауысы қандай?! Қазақтың қыздарының арасында осылай жүрекке жағымды етіп, қазақ әндерін, халық әндерін нақышына келтіріп, жүрегіңді тебірентіп айтатындары санаулы.
Жолтай Аштаханов,
Созақ ауданының тұрғыны
— Татьянаны кішкентайынан білеміз. Көз алдымызда өсті. Міне, ол — нағыз қазақтың қызы деймін мен. Анасына ризамын. Осындай перзентті тәрбиелеп, өсірген. Қазақтың әні арқылы халыққа қызмет етіп, алғысын алып келеді. Әрбір айтқан сөздері, мақал-мәтелдерді пайдалана білуі көпке үлгі дер едім.

Зәуре ОРАЛБАЕВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *