Әйелдердің сыры ма, әлеуметтің жан айқайы ма?

Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық театрында түркімен драматургі Б. Абдураззаковтың «Әйел сыры» пьесасын Сая Қасымбектің аударуында режиссер Қуандық Қасымов сахналанды. Спектакль әлеуметтік рух күйретер қайшылық тақырыбын жаңаша қырынан көрсетіп, ойтолғаққа салды. Жүрек түбінде сыр сақтамаған адам жоқ шығар. Бірақ, неге әйел сырына ғана көңіл бөлінген? Басқа сырлардан оның артықшылдығы, ауыртпалығы неде? Оны сақтау, жасыру қажет пе немесе жария қылу орынды ма? Әйел жанын жарақаттан сақтау амалы қандай? деген сұрақтар қойылып, шешімін табуға ой тастайтын спектакльден алған әсер жайлы ой бөліссек.

Театрға келсек, көрермендер сахнадағы орындықтарға жайғаса бастапты. Шымкент театрларында болмаған оқиға. Бұл театрдың қойылымдарына көрермен тартудың амалы болатын. Спектакль ерекше форматта қойылған. Көрермендерді актерлық әрекеттермен етене араластырып, барлығын бір сахнада, камералық атмосферада қойылымға қатынастыру – режиссерлық шешім. Әйел жанының нәзіктігін ескере отырып, бастарына түскен қияметтік мәселелерді дабыра қылмай, шағын ортада, бірін-бірі нақты көріп, тыңдай алатын, жан айқайды ести алатын мүмкіндік туғызғандай көрінді.

Әйелдердің сыры ма, әлеуметтің жан айқайы ма?

Спектакльдің кадр сыртындағы ақ киімдегі арулар шеруімен бастауы өте нәзік мәселенің алға тартылатынынан хабар берді. Сахнаға шыққан кейіпкерлер тек әйелдер болды. Сахнада олардың жеке-дара орналасуы, тек өзінің жан дауасын іздеп азапқа түсуі, жанына келгендермен емес, тек бейтаныс көрермендермен ғана қарым-қатынас жасауы, қасынан сырын ашар адам таппай, жанын күйдірер арпалыста жападан жалғыз қалғанын сезіндіреді. Жан түршіктірер жағдайларды бейнеледі. Жол серіктес адамдар өзгеге айтылмайтын сырын жайып салатын жағдаймен таныспыз. Ол көптеген адамға тән қасиет. Француз философы Жан Поль Сартр: «Көкейді тескен шер тағдырыңның тәлкегін шығарады. Сондықтан оны сыртқа шығару мүмкіндігін табу қажет» деген екен. Режиссерлық шешім де осы тұрғыдан қарастырылғандай болды. Көрермен – бейтаныс адам, жол серігі. Кейіпкерлер — заман тәлкегіне ұшыраған әйелдер.

Мектепті «Алтын белгіге» бітіреді деп үміттеніп отырған қызынан айрылған әйел зары. Алғашқы рет туған күнге сұранып кеткен қызын екі ай бойы іздеумен жүр. Үмітін үзбей сұрастыру, қатыгездікке ұшыраса да, кешірім жасайтынын, қызын қайтарып беруді сұрануын бей-жай тыңдау мүмкін емес. Актриса Ә.Қарабекованың қазақ әйеліне тән жамандыққа жол бермеу, жақсылықтан күдер үзбеу қасиетін өзі қаншама нәзік болса, соншама қуаттылықпен жеткізе алды. Кенеттен оның қызының қайтып оралмасына көзі жетіп, көкейінде жатқан күдіктің расталғанын білген болып шықты. Опасыздық жасағандарға лағнет айтты. Ондай шешімі қашан, неліктен туындағаны түсініксіз, «ояну» себебі анықсыз болып қалды. Дегенмен, бүгінгі күні қасіретке айналған қызды қарындасындай қадір тұту, әйелін балаларының анасы ретінде құрметтеу еркектік қасиет деп білмейтіндерді еске түсіріп, ана лағнетіне еріксіз иландырды.

Әйелдердің сыры ма, әлеуметтің жан айқайы ма?

Келесі көрсетілімде тағы да ер адам тарапынан жасалған опасыздық. Жұбайы жұмыста, әйелі үй тұрмысын түгелдей мойнына алған. Қашанда бала тәрбиесімен айналысып, отағасының «ауыр жүгін жеңілдетемін» деп бәйектеп жүр. Ол әйел парызын солай түсінді. Дәстүрлі өмір салтын жалғастырған азамат болса, шүкіршілік етіп, тәубе дер еді. Қазіргі қазақ отбасына бұл көрініс оғаш. Еркек отбасылық өмірден бөлек, жұмысбастылыққа салынатыны бар. Яғни, «жеңілдің үстімен жүріп» тек сырбаздық қуып, жүргендер баршылық. Күйеуі құмарынан шығып, ермек іздеп жүрген бір сылқымның жетегінде кете барған. Тоқтатуға әлі келмей, көз жазып қалған өкінішін айтып салды. Бұл әйел монологын орындаған республикалық театр өнері байқауының лауреаты, әйел рөлін үздік сомдаушы актриса атағының иегері Н.Қаламбаева бақыт пен бақытсыздықтың әрқилы сырын жеткізе білді. Тек бұл образдың режиссерлық шешімі мен актерлық талқылауда бір түсініспестік қатты толғандырды. Неліктен өз қасіретін, аяққа тапталған сезімін, тірідей жетім қалған балаларының намысын есепке тізбей, ерінің арын жоқтайтын әйел жұбанышын бір шөлмек коньяктан тапты екен?

Үшінші әйел күйлесу, әуейлікке салынған. Ерінің кеңдік қасиетін босмінезділікке балап, ерінің жігерсіздігіне қорланса да қасынан кетпегенін жария етуі — көз жасына бұланған өкініш пе, әлде күйеуіне басымдылық танытқанда қайратты қарсылық көрсете алмаған еркектің мінезіне деген реніш пен өкініш пе? Азамат үстемдігі басым болуы табиғат заңы. Гендерлік саясат мақсаты азамат пен әйелдің теңдігін емес, үйлесімділігін орнату. Сондықтан, ерінен күткен мінезді төмендету арқылы емес, қайраттандырып бағу – әйел парызы. Масаңдау әйел образындағы актриса ҚР мәдениет қайраткері Ғ.Қасенова монологы күйеуінің көзіне шөп салғанын мақтаныш емес, әйелдік бақытқа жету жолын таппаған, өкініштен күйінген адамның мұңды сыры болар еді.

Бүгінгі етек алып келе жатқан әлеуметтік қасіреттің бірі — әйелдің өзінен жасы кіші адамға ғашық болуы. Бұл рөлді ҚР мәдениет қайраткері, актриса А.Айнабалаева сомдады. Қоршаған орта тазалығын дәріптеуші ұстаз өз шәкіртінің паңдық қылығына ессіз ғашық болғанын, райынан қайтқан сырымен бөліседі. Сезім сиқырынан оянуға себеп болған ұстаз рухының экологиясы болатын. Отбасын құрған азаматтарға қарағанда, өз ойы мен пікірін әлеуметтік тұрғыдан сараптап, бағалай алатын жастың орнын ұстаз-әйел ұғынды, бағалай білді. Ессіз сезімін тежей алды. Сондықтан әйел заты биіктігінің өлшемі– ар-намыс, ұяттан құрылатын адам қасиеттерінің өзекті негіздері екеніне мән бере алды. Осы қасиеттерден аспауы арқылы әуелі өзінің, ерінің, одан қалды барлық ортасының ар-намысын сақтау қуанышымен бөліскен ұстаздың монологы ұтымды көрінді.

Әйелдердің сыры ма, әлеуметтің жан айқайы ма?

Келесі образда мемлекеттік қызметте жүрген әйелдің отбасы мен балалары жұбайының қарамағында қалып, өзі билік басында туғандай өмір сүріп жүргендердің кейпі көрсетілді. Бір кезде күйеуінің мінезінен өзгерістер байқайды. Ері сөзіне құлақ асатын, басына билік жүргізбейтін әйел тауыпты. Билік орнату мен оны сақтау қасіретіне ұшыраған әйел өз үстемділігінен ажырамайтын амал табады. Әлгі әйелдің қол сандығына наша салып, соттатып жібереді. Күйеуі қасында жүр. Бірақ, аралары өте алшақ. Еркектік биіктен орын таба алмаған азамат, қоғамдық қасіретке қарсыластық білдіру амалын тапқан сыңайы сол болып отыр. Азаматтарды осындай дәрежеге жеткізу қасіреті неден басталды? Әйелінің қатыгездігіне көнбістік білдіру еркектік пе? Оның өкініші қоғамда кездесетін отбасы күйреуінің көкейіндегі отты өшіре ала ма? Актриса Қ.Байымбетова орындауындағы біртұтас монологтан гөрі бірнеше үзіктерден құралған жариялау болып көрінді. Монолог мәтінінен өз бойына сіңіргені сонша, өз қылығына қынжылған адам байқатты. Басшы әйелді қиналтқан ерінің ез болғаны емес, оның қарсыластық білдіргені болды. Қатыгездігі соншалық күйеуіне назар аударған қыздың тағдырын тәлкек етуі арқылы азаматын да қорлағаны үшін еш өкінбейді. Оның өкініші тек өзінің елеусіз қалғаны. Бір жылулық танытып, адамдық, әйелдік сезім байқатар кезі болмағаны қалай?

Ер кінәсы, әйел осалдығы, опасыздық пен сатқындық, табиғи мінезден аулақтау, көп ортасындағы жалғыздық – бәрі осы заманда өршіп тұрған проблемалар. Әйелдердің сыры ғана емес, қоғамдық қасірет, әлеуметтің жан айқайын Ж.Шанин театры осылай жеткізді. Драматургиялық мәтінді қазақ өмірінен өзі байқап сипаттағандай етіп, түркімен тілінен аударған Сая Қасымбек әйел сырын тереңінен толғаған. Әр монолог жеке сахналық шығарма етіп қоюға лайықты. Әрбір әйел монологы өзімен-өзі, қарсыласымен тартысқа түсуі, тығырықтан шығу шешімін іздеуде әлеуметпен сыр бөлісуі бастауы мен аяқталуы бар дара шығарма.

Н.Камалова, көрермен, М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессоры

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *