Әйел баласына жиһад жасау парыз ба?

Әйел баласына жиһад жасау парыз ба? Қазір мұсылман елдерінде талқыланып жатқан ең өзекті тақырыптың бірі осы. Сауд Арабиясының академиялық зерттеулермен айналысатын тұрақты комиссиясы бұған «әйел баласы жиһадқа қатысуы міндетті емес, мұсылман баласы әйелді жиһадқа шақырмауы тиіс» деген қорытынды беріпті. Бұған дәлел ретінде комиссия мына бір хадисті алға тартады: Бірде пайғамбарымыздан (оған Алланың нұры жаусын) әйелі Айша «О, Алланың елшісі әйел баласы жихадқа қатысуы міндетті ме?» деп сұраған. Сонда Алланың елшісі әйел баласының тек соғыссыз жиһадқа қатыса алатынын, мысал ретінде қажылыққа және умра қажылығын жасауына болатынын айтқан. Хадистерге қарағанда, ислам дінін кеңінен тарату мен одан кейінгі аралықтағы жиһадттың мәні екі басқа сияқты. Алланың елшісі ислам жолындағы жаугершілік соғыстар аяқталған соң үмбеттеріне енді жиһад деп нәпсіге қарсы күресті түсіндірген.

¦йел баласына жи³ад жасау парыз ба?Алайда Сирияда жарияланған жиһадты әлемнің мұсылман дінбасыларының, дін ғалымдарының қолдамауына қарамастан  Шам жеріне жиһад жасауға аттанушылар көп. Олардың арасында әйелдер де жетерлік. Сириядағы жиһад ортағасырлардағы крест жорықтарын да еске түсіреді. Өйткені жиһадшылардың арасында ислам дінін қабылдаған еуропалықтар жетерлік. Мәселен Францияда. «Француз исламшылары» деп аталатын кітаптың авторы Давид Томсонның жазуына қарағанда бүгінде Сириядағы содырлардың арасында шамамен 100-150 француз әйелі мен балалар бар.  Сирияға француз әйелдері мынадай сценарий бойынша аттанады.  Бойжеткен алдымен әлеуметтік желілер немесе «Skype» арқылы санасына жиһадизм идеясын сіңіреді. Бойына әлдебір желік бітеді. Сол жақтағы мұсылман бауырларына барып көмектесуді өзіне парыз санайды. Интернеттегі уағыздардың әсерінен көз алды тұманданып, Жаратушының өзі осылай істеуді бұйырып тұр деген ой қалыптасады. Оқ пен оттың ортасында жүру, өміріңді тәуекелге тігу, сол жақтағы автомат асынған  содырға тұрмысқа шығу керемет романтика болып көрінеді. Ақыр аяғында ол жиһад жасау үшін Сирияға жасырын аттанып кетеді. Сол жақтан өзіне жарды еш қиындықсыз табады. Мына жақтағы ата-ана қыздарының Сирияда жүргенін ол үйленуге рұқсат сұраған кезде бірақ біледі. «Ислам мемлекетінде» үйленуден оңай нәрсе жоқ. Онда жиһадшы бойжеткендерді содырларға үйлендіретін арнайы неке агенттіктері де жұмыс істейді.

Француз журналистері Сирияға аттанып кеткен бойжеткеннің анасымен де тілдесіпті. Оның айтуынша, қызының осы уақытқа дейін дінге деген қызығушылығы болмаған. Бәрі күрт өзгерген. Қызы құрбысының діни уағызына сеніп, хиджап киген. Осыдан кейін интернет арқылы өзіне Бельгиядан жар тауып алыпты. Сол жарымен бірге ақырында Сирияға аттанып кеткен. «Мен оған хабарласып, қайтып оралуды өтіндім. Бірақ осы кезден бастап оның не өлі, не тірі екенінен хабардармын. Оның нөміріне күніне жүз рет телефон шаламын. Ешқандай хабар жоқ.  Дегенмен, оның жағдайы жақсы деп үміттенемін. Осы үмітпен өз-өзімді жұбатып келемін» депті бейшара ана.

Француз сарапшыларының айтуынша, «Ислам мемлекеті» әйелдерді соғыс олжасы деп есептейді. Оларды тұтқынға алады да өзге содырларға күң ретінде сыйға тартады. Өзін-өзі жариялаған ислам халифатында әйел мемлекеттің тең құқылы азаматшасы емес, үй шаруасында күң немесе қалауынша пайдалана беретін тіршілік иесі ғана. «Ислам мемлекеті» аумағында әйел бет-аузын оранбайынша көшеге аттап шыға алмайды. Үйден тек күйеуінің, әкесінің немесе бауырының рұқсатымен ғана болмаса солардың алып жүруімен шығады. «Ислам мемлекеті» халифының жарлығымен 11 және 46 жас аралығындағы барлық әйелдер «сүндеттелуі» тиіс. Әйелді «сүндеттеу» ислам қағидаларына қайшы келеді және ол исламға дейінгі пұтқа табынушылардан қалған әдет-ғұрып деп есептеледі. Сонда мұны қалай түсінуге болады?   Бір ғана Ирак жерінде «сүндеттелуі» тиіс әйелдердің саны 4 миллионға жетеді. Күйеуінің көзіне шөп салды деп айыпталған әйел таспен ұрып өлтіріледі. Иракта «Ислам мемлекеті» басып алған аумақтарда тұтқынға түскен әйелдерді күштеп ислам дінін қабылдату, одан кейін содырларға мәжбүрлеп күйеуге беру жалғасып келеді. Бұл романтика ма, жоқ па?

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Ұлттық қауіпсіздік комитеті былтыр Сирияда соғысып жүрген 300 қазақстандықтың тең жартысы әйелдер екендігін жариялады. 150 нәзікжандыны Сирияға қандай тағдыр айдап барғаны белгісіз. Күйеулерінің соңынан еріп барғаны қанша? Олар да қолдарына автомат ұстап, соғысып жүр ме? Араларында Сирия жеріне жоғарыдағыдай романтика іздеп барған бойжеткендер бар ма? Құзырлы органдардың таратқан мәліметтеріне қарағанда Қазақстанда жастардың жиһад идеясына шырмалуы, Сирияға жасырын қашып кетуі әлі де жалғасып жатыр. Сондықтан күні ертең зарлап қалмаудың амалын қазірден бастап жасап, ұл-қызыңыздың жүріс-тұрысына бір көз салып қойғаныңыз дұрыс, ата-ана.

Б.Ерназар, дінтанушы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *