«Әділдік деген тек табиғатта»

Әнуарбек Айдосов

Әнуарбек Айдосов

Жуырда ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет  қайраткері, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының профессоры, ҚР көркем академиясының корреспондент мүшесі Әнуарбек Айдосов елге есеп беру көрмесін өткізді. Оның шығармашылық жұмыстары ҚР Өнер мұражайында, ҚР Мәдениет Министрлігінде, Өзбекстан Республикасының Өнер мұражайында, Павлодар облыстық Өнер мұражайында, ОҚО Галереясында, АҚШ, Гамбург, Сеул қаласында және ТМД мемлекеттерінің жеке қорларында сақтаулы. Өнер иесі «Қазақ авангарды», «Композиция негіздері» және «Кескіндеме сыры» оқу құралдарының авторы. 60 жасқа толған қылқалам шебері Әнуарбек Айдосовты сыр-сұхбатқа тарттық.

9

«Ұлы дала»

 

— «Алла сүйген құлына өнер береді» дейді. Өнердің шыңы жоқ. Әр адамның өзінің шыңы бар. Ол бойдағы талант деңгейіне байланысты. Өнердің өзі екіге бөлінеді. Кіші өнер, үлкен өнер. Кіші өнер – тапсырыспен орындайды. Ол портрет салу, пейзаж т.б. Үлкен өнер — шығармашылық ізденіс. Өнердің өзі бірнеше түрге бөлінеді: академиялық бағыт, реалистік бағыт, кубизм, сюрреализм, экспрессионизм, футуризм. Мұның бәрі авангард. Мен авангард бағытындағы модерн жүйесін алдым. Өйткені, маған жақын, ой-өрісті осы салада жақсы жеткізе аламын. Мысалы, Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап «Ұлы дала» деген картина жасадым. Соның ішінде байрақтағы үш жүздің символы, яғни мәңгілік қозғалыстың свастикасы. Сол уақытта қазақтар қалай жүрді деп ұзақ ойландым. Сөйтіп, отырықшы болғанымызды, түрлі қалалардың болғанын, жауға қарсы қимылды көрсеттім. Осы көріністің бәрінің алдында жеті қазынаның бірі — төбет отыр. Төбет есіктің алдында, үйдің жанында жүрмей төбеде отырады екен. Ол санасында қорғап жүреді. Адал, қасқырға қарсы шабатын да осы төбет. Басқа иттер қарсы шыға алмайды. Қазақтар қоңыр, ашық алтын мен күміс түске жақын. Сары дала дейді. Іштегі қобалжу, ой мен идеяның формасы болады. Ол дөңгелек, немесе тік төртбұрышты бола ма, бұрыш-бұрыш бола ма, суреткер өзін жайып салады. Соған сәйкес түстердің үйлесімі қағазға түскеннен кейін қандай түспен шешуге болатынын байланыстыра білу керек. Оның формасын табу біліктіліктің, тәжірибенің арқасында шешіледі. Дұрыс шешілген кезде, сенің қазақ екенің білініп тұрады. Егер басқа бір мемлекеттің деталін алып көшіретін болсаң, ол қайталау, ұрланған болып шығады. Біреуді көшіруге болмайды. Әрине, басқа суретшінің қандай идеямен өмір сүріп жатқанын, жолын үйренуге болады. Соның ішінен зерттей отырып, өзіңнің жолыңды табуың керек. Сонда ғана жоғалмайсың. Ал ол шығармашылықтың шыңы деп саналады.

— Бір картина салуға қанша уақыт кетеді?9 Айдосов2

— Әртүрлі. Мысалы ойланып жүресің, рамасын жасайсың, бетіндегі кенепті кересің. Содан кейін бірінші кезең, екінші кезең бояуды кептіресің. Идеяны бір-екі жылда бітіріп қоюға болады. Бірақ сол идеяға жету үшін үш, төрт, тіпті бес кезең де жазуың мүмкін. Яғни бір картинаны толық жазу екі жылға созылып кетеді. Бір жыл тоқтап тұрады кеуіп. Арасында басқа картиналар жазасың. Келесі жылы әлгі картинаға қайтадан оралып, аяқтайсың. Өйткені, өзіңнің идеяң, басыңда сақтаулы тұрады.

— Ең жемісті жылдарыңыз?

— 40 жасқа дейін туады екен. 40 жасыңа дейін шаршауды білмейсің. 60 жас – суретшінің ең жоғары деңгейі. Саналы түрде жасайсың, яғни орысша айтқанда пик.

— Жасқа байланысты тақырып та түрлене ме?

— Уақытқа байланысты түрленеді. Мысалы, 20 жасыңда жазған картинаң мен 40 жасыңда жазған картинаңның айырмашылығы байқалып тұрады. Біреулер өзгермейді, жалғастыра береді. Ол бірінші сананың тоқтап қалғандығы, уақытты сезбейтіндігі. Елуге келгенше бір ғана аттың суретін қайталап сала беретіндер бар. Адам баласы 25 жасына дейін білім жинайды. 30 жасқа дейін жинаған багажымен өмір сүреді. Сен қанша білім мен тәжірибе жинасаң, санаң да соншама үлкен болмақ. Ұмытшақтық білімнің жоқтығынан. Еңбекпен, ғылыммен айналысып жүретіндердің санасы, миы толық істеп тұрады екен. Өйткені, адамды ұстап тұратын бірінші ми, ал, физикалық жағынан омыртқасы.

адилдик

«Әділдік»

— «Әділдік» деген картинаңызға тоқтала кетіңізші.

— Мысалға табиғатта төрт мезгіл бар: көктем, жаз, күз, қыс. Сосын төбедегі күн. Күннің шығуы, айдың жарық беруі, жұлдыздардың пайда болуы, төрт мезгілдің уақытысында келетіндігі табиғаттағы әділдік. Ал, адам баласында өне бойы әділдік болмайды. Айтуы, уәде беруі мүмкін. Орындай алмай қалады, уақыты болмайды, кешір дей салады. Әділдік деген тек табиғатта, соны жеткізгім келді.

— Қазір небір мықты фотоаппараттар бар. Айтыңызшы, сурет өнері қажет пе?

— Бір фотограф дәл осы сен айтқанды айтты. Иә, аппараттың мақсаты көрген нәрсені дәлме дәл түсіріп алады. Бірақ, сен одан рух ала алмайсың. Ал, қолмен салынған суретте терең мағына, тәрбиелеу жатады. Бұл жерде автордың жағымды энергетикасы да қосылады.

9 Айдосов4

— Кейде бір суреттерге қарап ештеңе түсінбеймін. Түсініксіз сурет салудан не ұтасыз?

— Біреу бір суретшіге дәл солай айтыпты. Суретші: «Мен салуын салдым, түсінбесең ол сенің проблемаң» депті. Ал, енді қара, мен математиканы жақсы көрмеймін, түсінбеймін. Химияны сәл-сәл түсінемін. Ал енді мен математикке барып «Сен неге сонша математиканы жақсы көресің» деп айтқым келмейді. Жер бетінде 7 миллиард адамның 1 миллиарды өнермен айналысатын болса, онда ол жақсы болғаны. Неге десең, өнермен айналысқан адамнан бұзықшылық шықпайды. Мәскеудегі галлереяда халық бір картинаның алдында сағаттап отырып, одан өзін табады, рухани күш алады. Біздің көрермен оған дайын емес. Мысалы, сен реалиссің. Қарбызды қарбыз күйінде көресің. Адамдардың бәрі бірдей ойлана бермейді. Сол сияқты, суретшінің не айтпақ болған түйінін шешкісі келетіндер, түсінетіндер бар. Бірде мынадай суретті салдым. Үш ағаш, оның үстіне жұмыртқа. Бір кісі шеберханаға келді. Оған сізге тау, пейзаж керек шығар, менде ондай жоқ дедім. Сосын ол маған: «Жоқ, маған идея беретін картина керек» деді. Сол кісі «Мына картинадан көп нәрсе көріп тұрмын» деп, сатып алды. Бұл жерде айтпағым, үш ағаш үшінші мыңжылдықтың, үш жүздің символы. Жұмыртқа – адамның өмірі. Үш мыңжылдық бізге не береді, үшінші жұмыртқадан не шығады? Оны қалай сақтауға болады дегенді тұспалдағанмын.

— «Құс базары» картинасына неге быжырқай, бұлыңғыр түсті таңдағансыз. Қараймын деп көзім ауырып кетті.

— Бұл экологиялық тақырып. Адамның емес, табиғатты қалай сақтап қаламыз деген құстардың әңгімесі бейнеленген. Құс арқылы табиғатты сақтап қалу керек деген мәселе жатыр онда. Біреулерге осы картинам ұнапты.

кус базары

«Құс базары»

— Әңгімеңізге рахмет!

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *