Ұлттық идеология отбасыдан басталады

Еліміз тәуелсіздігін алып, әлемдік өркениеттегі өз орын анықтауға бет алғанына да 24 жыл болды. Осы әлемдегі біздің алатын орынымыз қандай, ертең қандай болмақ деген мәселеге тоқтар болсақ, ол да ұлттың ертеңі. Оның бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне, біліміне, тыныштығына, ұлт алдындағы жауапкершілігін сезінуіне тікелей байланысты екені анық. Мен осы ұрпақ тәрбиесіндегі діннің маңызды екенін айтқым келіп отыр. Өйткені діни сауатсыздық және дінсіздік адамзатты құрдымға алып барады. Сол мәселелерді болдырмау үшін өскелең ұрпақты дұрыс арнаға бұру керек. Онымен қоса ата-бабаларымыздың бізге қалдырып кеткен құндылықтарды бойларына сіңіру аға буын өкілдеріне басты міндет деп санаймын. Дін мен дәстүрдің үйлесімді бірлігін берік қалыптастыра білген ұлттың ғана ғұмыры ұзақ болады. Өткеннен өнеге алу- ұрпақтар сабақтастығының кепілі.
Ұрпақ тәрбиесі бірқатар қиыншылықтарға тап болып отырған қазіргі кезде тәрбиенің маңыздылығын, оның ішінде діни тәрбиені атап өту керек сияқты. Себебі дін тақырыбы қоғамымызда күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Дін арқылы елді біріктіруге және бұзуға да болады. Қазіргі таңда біріктіруден гөрі бұзу жағы көп көрініс тауып жатқан сияқты. Осыған орай діни экстремизм, діни терроризм деген атаулар жиі аталуда. Жалпы дін сөзінен кейін экстремизм, терроризм деген тіркестер қосу ақылға сиымсыз нәрселер. Өйткені дін – адамға адам болуды, ұлттарға бірлік пен тұтастықта өмір сүруді үйретеді. Жауапкершілік түсінігін, құлшылық білімін және мінез құлықты қалыптастырады. Дін – отбасы, мемлекет және қоғам құрылымын мықты негіздермен қамтамасыз етеді. Дін — жеке адам мен қоғам үшін қажет.

Ұлттық идеология отбасыдан басталады Тәрбие – адамзат баласының ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық әлеуметтік тәжірбиесін жас ұрпақтың бойына сіңіру, аға ұрпақ пен жас ұрпақтың өзара бір-бірімен әректтесу процесі. Мінез- құлықты қалыптастыру үшін тәрбие үдерісін ұлттық таным негіздерімен үйлестіре жүзеге асыру керек. Тәрбие — ұзақ және күрделі үрдіс. Адамзат дамуының қай кезеңінде болмасын, тәрбие тиімділігін жетілдіру ісі жүзеге асырылып, бұл процесс әрбір қоғамдағы мемлекет қажеттілігіне бағындырылады. Сондықтан бала тәрбиесіне аса көңіл бөлу қажет. Себебі олар біздің болашағымыз. Біз қанша зайырлы мемлекет болсақ та, мұсылман екенімізді ұмытпауымыз керек. Ислам тәрбиесі дегенде ұлттық тәрбие екеуі бір дүние десек болады. Ал оның қазіргі таңда біздің қоғамымыз үшін аса қажет. Өйткені ата-бабаларымыз дінмен дәстүрді қатар алып жүрген. Сол дәстүрді жаңғыртуымыз жаңарған заманның талаптарына қалтқысыз жауап беретін әлеует-қуатын күшті тетікке айналдыра білуіміз керек. Өкінішке орай кейбір (батыстық немесе өзге) «құндылықтар» дінімізден, ұлттық тәрбиемізден, дәстүрімізден жоғары болып тұрған сияқты. Онымен қоса ақпараттық технологиялары дамып тұрған тұста, ғаламтор қол жетімді дүние болып тұрған кезде, ұлттық ұстанымдарымызға, дінімізге пайдадан гөрі зиян жағы тиіп кететін сияқты. Олай дейтініміз біз өз балаларымызды тәрбиелемесек, ғаламтор сол функцияны атқаруы мүмкін. Бұл жерде ғаламтордың немесе әлеуметтік желілердің пайдасынан зиянын көп көруіміз мүмкін және жаһандық үдерістердің ағысымен кетуіміз, ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалуымызға ешкім кепілдік бере алмас.

Қазіргі таңда біздің қоғамда әлеуметтік топтардың ішінде ең әлсіз буыны – жастар. Олар: сенгіш, еліктегіш, сезімге тез берілгіш келеді. Сондықтан болар, дін атын жамылған немесе дәстүрлі емес ағымдардың жетегінде кетуі орын алып жатады. Ал мемлекеттің болашағы жастар. Жастарсыз мемлекеттің болашағын елестету қиын. Кешегі «кеңестік» бүгінгі бос кеңістіктерінде кейбір сыртқы күштердің көмегіне сүйенген топтар, ертең еліне қызмет ететін және оны қорғайтын жастарымызға түрлі адамға жат, қоғамға теріс сенімдермен мәдениеттерді тықпалау арқылы олардың саналарын улауда. Ол топтарды немесе ағымдарды дін деп айта алмаймын. Олар дінді саяси немесе қаржы көзін табу мақсатында пайдаланады. Осыған байланысты қоғамда көтеріліп жатқан мәселені дер кезінде бағамдай білген Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы халыққа жолдауында арнайы бір тармақты дін саласына арнап, Қазақстандағы дін, діни үдерістер туралы тоқталып өтті. «Қазақстан-2050» стартегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды. Өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз», — деп қоғамдағы халқымызды тұтастай алғанда, діни сауатының төмендігін назарға ала отырып, кез-келген діни бірлестіктің үгітіне еріп кету себебіне тоқталып кетті. «Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс. Әркімнің таңдау құқығы бар. Діни таңдауға үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланыс-ты» – деп баса айтып өтті.

Сол үшін діни дәлірек айтсақ, ислам тәрбиесі арқылы қоғамдағы келеңсіз жағдайлардан арылуға болады. Оны тал бесіктен бастау керек. Ал оны отбасында қалыптастырған жөн. Ұлттық идеология да отбасыдан басталады. Қарапайым адамдардың өз қарым-қатынастарында да оны қолдану аса қажет. Мәселен, ислам дініндегі сәлемдесудің өзі үлкен тәрбие. Пайғамбарымыз (с.а.с) ол туралы өз хадистерінде былай деген: «Сендер толық иман келтірмейінше — жәннатқа кіре алмайсыңдар. Ал өзара сүйіспеншілікте болмайынша — толық иманға келмейсіңдер. Өзара сүйіспеншіліктерінді арттыруға септігі тиетін нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер, араларыңда сәлем жайыңдар. «Көлікте отырған адам жаяуға, жаяу адам отырғанға, аз адамдар — көпшілікке, жасы кіші – жасы үлкенге сәлем берсін». «Сәлем» – Аллаһ Тағаланың көркем есімдерінің бірі. Сәлем беру — сүннет болса, алу – парыз.

Қарапайым қоғамда отбасы – бірден-бір шынайы ақиқат жұмыс істейтін институт. Ата-ана, ерлі-зайыпты және балалардан тұратын ең кішкене адамдар тобы «отбасы» деп аталады. Балалардың алғашқы дамуы, қалыптасуы, әлеуметтік қарым – қатынасы, байланыстары, іс-қимылдары мен мінез-құлық нормаларын меңгеруі отбасыдан басталады. Отбасы баланың адамгершілік, тұлғалық қасиеттерін, жеке қабілеттерін дамытып, белсенділікке, шығармашылыққа, жігерлі қайратты болуға тәрбиелейді. Отбасы ұғымы тек ұрпақ жалғастырумен өлшенбейді. Отбасы – қоғамның маңызды бір бөлігі, ұлттың бүгіні мен ертеңі. Отбасылардың бірлесуінен ұлт пайда болады. Ұлт үшін отбасының маңызы өте зор. Өйткені, ұлттың кемелденуі – отбасыдан басталады. Отбасы ұлтты ұлт ететін, ұлттық және рухани дәстүрлерді үйрететін мектеп. Аллаһ, отан және ұлт алдындағы борыштарымыз алдымен осы жерде үйретіледі. Кішкентайлар отбасыда үлкендердің іс-әрекеттерін қайталайды, осылайша үнемі көріп жүрген әрекеттер рухында жақсылап орнығады да, әдетке айналады. Осылайша баланың адамгершілік табиғаты мен тұлғасы қатыптасады. Демек, отбасы ұлт өкілін жөргегінен жасытпай, ұлттық құндылықтардан шет қалдырмай, этикалық әдеп, әдет, мінез-құлықтардың ұлтқа тән бірегей тәсілі мен таусылмас қайнар бұлағы діни-рухани тамырларына жалғасқан қасиетті, киелі мекен.

Абай атамыз: «Адамның бір қызығы бала» деген. Отбасының көркі мен бақыты, шаттығының көзі болып табылатын бала – ата-анаға Аллаһ Тағаланың берген аманаты. Адам мінезінің белгілі түрде қалыптасуы оның қоршаған дүниеге қатынасына байланысты. Балалардың ақ және таза жүректері бір гауһар. Таза бір топырақ сияқты. Таза топыраққа не ексең соны аласың. «Әр бала Исламды қабылдайтын табиғатпен (жаратылыс) туады» дейді пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с). Балалар – адам өмірінің қуанышы, олар өмірді мағыналы етеді. Әрі солардың арқасында адам игілік пен жақсылыққа кенеледі. Алайда бала бақыт көзіне айналу үшін оларды дұрыс тәрбиелеп, үлгілі азамат етіп калыптастыру қажет болады. Егер адамның балалары жақсы болса, ол жер бетіндегі ең бақытты адам бола алады. Бұл туралы Құран Кәрімде былай дейді: «Мал мен балалар — дүние тіршілігінің сәні» (Кәһф 189-46). Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы — оны жақсы тәрбиелеу» дей отырып, бала тәрбиесінің қаншалыкты маңызды екенін атап көрсеткен. Балаларына дінін үйретпеген ата-аналар дүниенің ең мейірімсіз адамдары болып есептеледі. Егер ата-ана мейірімді болса, балаларын сүйетін болса, ең алдымен дінін үйретеді. Содан кейін осы дүниемен байланысты білімдерді үйретеді. Осыған орай Әзіреті Али былай деген: «Балаларыңды өздерің болмайтын уақыт үшін тәрбиелеңдер, өйткені олар сендер болмайтын уақыт үшін жаралған». Ата-ана баласының тәрбиесіне Аллаһ Тағаланың алдында және халқының алдында да жауапты.

Жалпы жастарымыз ата-бабаларымыз ұстанған құндылықтарды құрметтеп, оны дәріптесе, дініне де берік болары еді. Ата-бабаларымыз Ислам дінінің сүнниттік жолымен өмір сүрген халық. Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан -2050» стартегиясында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанған сунниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны жөн» деп атап өтті. Дәстүрсіз ел, халық, ұлт өмір сүре алмайды. Бұл – мойындалған дүние, яғни дәстүріне берік болған адам, дініне де адал болады.

М.Бесбаев,
дінтанушы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *