«Үздік оқырман — 2017» жеңімпаздары анықталды

 

Ұстаздардың ұстазы Ыбырай Алтынсарин атамыз «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар» деп алдағыны көрегендікпен болжаған. Мұндағы «шамы» тұңғиық терең білім мен ғылым болса керек. Осынау білім деген шамның жарқырай түсуі үшін кітаптың, сол кітаптың жинақталар жері кітапхананың қашанда тұғыры биік болуы тиіс. Мектеп кітапханасы «мектептің жүрегі», оқушылардың ғылыми негіздеріне үйренуіне, оқу-тәрбие процесіне белсене араласып, ақпараттық білім кеңістігінің дамуына, мәдени дәрежесінің өсуіне көмектеседі.

Кітап оқитын қоғам қашанда бәсекеге қабілетті болары хақ. Осыған орай, Шымкент қаласындағы №49 жалпы орта мектебінде мектеп жасындағы жас ұрпақты кітап оқуға тәрбиелеу мақсатында мектеп кітапханашылары А.Елтаева мен З.Медетбектің ұйымдастыруымен «Үздік оқырман — 2017» сайысы өтті.

Сайысты оқушылар арасында өткен «Ең үздік жүргізуші» байқауының жеңімпаздары Н.Томан мен С.Үсенбаева жүргізді. Сайысқа үш адамнани құралған төрт топ қатысты. Әр топта бір мұғалім өзінің екі оқушысымен қатысты.

«Кітап» тобының жетекшісі — қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Ғ.Әшіров,

«Білім» тобының жетекшісі — өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі М.Мамаева,

«Бұлақ» тобының жетекшісі — информатика пәнінің мұғалімі Д.Боранбаева және

«Дарын» тобының жетекшісі — математика пәнінің мұғалімі Ж. Серікбаевалар өз шәкірттерімен сайысқа түсті.

Сайысты ашып беру үшін мектеп директоры С.Е.Утебаева сөз алып, «Кітап-өмір ұстазы. Сондықтан, жастар кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыруы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес» деп айтқан қазақ сахна өнерінің майталманы Серке Қожамқұловтың сөзін еске салып, барлық оқушыларды кітап оқуға шақырып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

 

Сайыс төмендегі шарттардан тұрды.

  1. «Менің сүйікті ақын-жазушым» (өзі қалаған автордың шығармасынан үзінді оқу);
  2. «Бейнелер әлемі шақырады» (образды сомдау арқылы өздерінің актерлік шеберліктерін көрсету);
  3. «Тапқыр болсаң…» (суреттер арқылы мақал-мәтелдер айту, жұмбақтарды шешу);
  4. «Ойлы жанға өріс кең» (сұрақ-жауап).

Сайыс барысында «Кітап» тобының жетекшісі Ғ.Әшіров Мұхтар Шахановтың «Жігерлендіру немесе өзін бақытсызбын деп есептеген жігітке жауап» өлеңін оқыса, «Білім» тобы М.Шахановтың «Отырар» дастанын, «Бұлақ» тобы Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін, «Дарын»тобы Ж.Молдағалиевтің «Мен қазақпын» өлеңін нақышына келтіріп оқыды.

«Бейнелер әлемі шақырады» бөлімі бойынша «Кітап» тобы Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Білім» тобы Р.Ақтемірдің «Ана махаббаты» әңгімесін, «Бұлақ» тобы «Алдаркөсе» әзілін, «Дарын» тобы М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» шығармаларынан көрініс қойып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар оқырмандарымыз мақал-мәтел, жұмбақ, сұрақ-жауап сайыстарында да өздерінің шапшаңдығын, білімділігі мен кітап құмарлығын көрсетті.

Сайыс соңында қазылар алқасының әділ бағасымен «Кітап» тобы бас жүлдені иеленсе, «Білім» тобы I-орынды, «Бұлақ» тобы II-орынды, «Дарын» тобы III-орынды алды.

Кітап – ақылына ақы сұрамайтын – алтын қазына екенін ұмытпайық , қадірменді оқырман қауым.

А.Елтаева,

49 мектебінің кітапхана меңгерушісі.

Ғ.Әшіров,

Қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *