Үш жыл бойы қызын зорлап келген

11 педофил фотоШымкентте өз қызын үш жылдан астам уақыт бойы зорлап келген ер адам сотталды. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты нәпсісін тыя ал­ма­­­ған әкені 15 жылға бас бостан­ды­­ғынан айырды. Сот барысында оның біраз жылдан бері жеткіншекпен тө­сек қатынасында болып келгені толы­ғы­мен дәлелденген.
Айта кетейік, нәпсіқұмардың ұятсыз әрекетін алғаш болып мектеп ұстаздары әшкерелеген. Олар оқушы қыздың өмірден түңіліп жүргенін байқап қалады. Себебін сұраған психолог пен мектеп директорына жасөспірім бәрін баяндап беріпті. Айтуынша, анасы жоқ кезде әкесі ішімдікке тойып алып, қызын жалаңаштайды екен. Сөйтіп қалаған кезде зорлап келген. Әкесінің бұл әрекетін қызы анасына айтқанымен, ол да аса мән бермепті. Өз өміріне ашынған қыз тіпті бұл өмірмен қоштаспақ болғанға ұқсайды. Алайда, ұстаздардың арқасында оқушы қыз аман қалды. Тәртіп сақшылары 55 жастағы азғынды тұтқындап, қамауға алған.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Даурен Мадалиевтің сөзінше, күдікті қылмысын толығымен мойындап, өкінген. «Бәрі ішімдіктің кесірінен болды» депті. Яғни, араққа сылқия тойып алғанда өзінің не істеп, не қойғанын білмейтін көрінеді. Алайда, бұл сөздері оның жазасын жеңілдеткен жоқ. Сотта жәбірленушінің анасы күйеуін кешірмек түгілі, өмір бойына қамауды сұранды. Бірақ мұндай қылмыстар үшін өмір бойына жаза қарастырылмағандықтан, сот оны ұзақ мерзімге түрмеге тоғытты. Қазір 55 жастағы айыпталушының жазасы заңды күшіне енген. Ал жасөспірім арнайы оңалту бағдарламасынан өтіп жатыр.
Осы аптада облыстық қылмыстық істер жөніндегі маман­дан­дырылған ауданаралық сотында тағы бір педофилге қатыс­ты сот отырысы басталды. Ол он жастағы қыз баланы ұстап алып, ауыл сыртында зорлаған еді. Еске сала кетейік, оқиға Мақтарал ауданында болған. Кешкі сағат бес жарымдар шамасында қоғамдық көлікпен келе жатқан шекарашы Красный луч ауылы маңынан бір ер азаматты және оның қасындағы он жас шамасындағы қыз баланы байқап қалған. Әрі ер адамның қимылы күдік туғызыпты. Қыз балаға зорлық көрсеткендігі оның жүрісінен, қимылынан байқалған. Осыны сезген шекарашы қоғамдық көлікті тоқтатып, оқиға орнына барады. Сол жерде жеткіншектің киімі жыртылғанын, үстінде қан дақтары барын көреді. Шекарашы бірден ер азаматты ұстап, аудандық ішкі істер бөліміне хабар беріпті. Екі айға созылған тергеу барысында сезіктінің қылмысы толығымен дәлелденіп, іс сотқа өткен болатын. Енді нәпсіқұмардың ісін сот қарайды.
Биылдан бастап елімізде сотталған педофилдерді тіркейтін электронды базасы құрылды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Базада елімізде 1991 жылдан бастап жасөспірімдерге қатысты жыныстық қылмыс жасағандардың тізімі жарияланады. Ондағы мәліметтерді кез-келген азамат оқып біле алады. Бүгінде мұндай тәжірибе Ұлыбритания, Канада, АҚШ сияқты елдерде бар екен.

Дайындаған – Айнұр АҚБАЕВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *