Үш тілде оқыту – заман талабы

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2007 жылы 28 ақпандағы Қазақстан халқына «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» екендігін жеткізген.

Үш тілде оқыту – заман талабы

Осыған орай ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылы 7 тамыздағы бұйрығымен 2007-2008 оқу жылында республикамыздың барлық аймақтарында үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептер ашылды.

Қазіргі мектеп дәстүрлі білім беру қызметін атқарумен шектелмейді, оның қызметі жыл санап кеңейіп отыр. Атап айтқанда, мектепте жеке тұлғаны рухани қалыптастыруға жоғары басымдылық беріліп, үш тілде еркін сөйлейтін тұлғаларды тәрбиелеп шығару көзделген. Бұл ретте күнгейде үш тілде оқытатын төрт бірдей мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп бар. Олар Шымкент қаласындағы №1 және М.Тасова атындағы №12 мектеп-интернаттары, М.Х. Дулати атындағы №8 гимназия мен Түлкібас ауданындағы мектеп-интернаты.

Бегалы САРДАРҰЛЫ, облыстық мамандан-дырылған үш тілде оқытатын №1 мектеп-интернатының директоры:

– Үш тілде оқыту – бүгінгі заманның сұранысы. Кеңес дәуірі кезінде екі тілде оқысақ, қазіргі таңда үш тілді білуіміз қажет болып тұр. Уақыт өте келе қытай тілін де меңгеруге мәжбүр болатын шығармыз…

Бағдарлама бойынша біз үш тілді терең оқытамыз. Олар қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі. Мектебіміз үш тұғырлы тілде оқыту статусына 1997 жылы ие болды. Бұл негізінде аяқ астынан қабылданған шешім болатын. Бізге 25 тамыз күні министрліктен бұйрық келіп тұр. Шынын айту керек, бастапқы кезде қатты абдырап қалдық. Сөйтіп, мектебімізде ағылшын тілінен сабақ беретін ұстазымызды амалын тауып математикадан қосымша оқыттық. Осылайша қиындықтарды жеңіп, жұмысымызды жүйелеп алдық.

Осы оқу орындарының арасында облыс орталығындағы мамандандырылған үш тілде оқытатын №1 мектеп-интернаты көптеген білімді жастарды тәрбиелеп шығаруда. Білім мекемесі алғаш 1997 жылы Елбасымыздың жарлығымен аудандағы жетістікке жетіп жүрген білімді, озық оқушыларға арналған мектеп-интернаты болып ашылған. Ал үш тілде оқыту модуліне 2007 жылы көшіпті. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Жаңабекқызының айтуынша, Білім және ғылым министрлігі мен облыстық білім басқармасының бұйрығымен үш тілділікке көшкен кезде біршама қиындықтар кездескен. Атап айтқанда оқу бағдарламасын, жоспарын толықтай өздері түзген. Маман тапшылығы туындауына қарамастан, мектеп-интернатының ұстаздары көп ізденіп, еңбектенудің арқасында оқу жүйесін бір ізге қоя біліпті. «Оған дәлел ретінде жыл сайын Астанадан келетін республикалық тексеруді алға тартуға болады. Комиссия мүшелері сабаққа қатысып, бақылау жұмыстарын өткізіп, үш тілде оқытуға қатысты білім сапасын көреді. Зерттейді. Талқылайды. Нәтижеміз жақсы болмай, олардың бізге төмен баға берген кезі болған жоқ. Сонымен қатар, ғылыми жарыстар, облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларда жеткен жетістігіміз де аз емес. Осы ретте ҰБТ-ға 100% қатысатынымызды айта өтейін. Жыл сайын түлектеріміздің 70-80%-ы жоғары оқу орнына грантпен түседі. Былтырғы жылы орта балымыз 101-ге жетті» – дейді, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Сондай-ақ, Гүлнәр Мырзабекова бұрындары мектепке балалар 7-сыныптан қабылданса, былтыр 6-сыныптан, биылдан бастап 5-сыныптан қабылданып жатқанын тілге тиек етті. Орынбасардың сөзіне сүйінсек, 5-6-7-сыныптардан қабылдар кезінде үш тілде диктант алып, математикадан бақылау жұмыстары, қазақстан тарихынан жазбаша емтихан және психологиялық тест алынады екен. Бүгінде мұнда 590 оқушы білім алуда. Олардың 34-і бесінші сыныпқа қабылданғандар. Білім ошағы орыс тілін қазақ мектептеріне арналған бағдарлама бойынша емес, орыс мектептеріндегі жоспар бойынша оқытады. Алайда бұл жүйе әсіресе аудандардан келетін ауыл балаларына қиын соғып жатады екен. Басқа пәннен бағалары жақсы болғанымен, орысшаны жақсы біле бермейді. Ал ұстаздар оларға жоспар бойынша теориялық сабақтарды өтуі қажет. Осындай кезде тілді жетік білмей, қиналып жататын кездер кездеседі. Салдарынан баланың оқуға деген қызығушылығы да төмендейді. Сол себепті мамандар жеткіншектерді қосымша шығармашылық сабақтарға тартып, бір жыл бойына қосымша дайындық сабақтарын өтеді. Содан кейін ғана балалардың білімі бір деңгейге келіп, жоғары сыныптарға өткенде үш тілде де еркін сөйлей алады екен. Әрине, бұл әдіс-тәсілдер көп еңбекті қажет етеді.

Үш тілде оқыту – заман талабы

Оқу озаттары

Үш тілде оқытатын мектеп-интернатының оқушылары оқу бағдарламасының қиын болуына қарамастан, кез-келген пәннен жақсы жетістіктермен көрініп жүр. Олар республикалық пәндік олимпиада, президенттік олимпиадаларда, халықаралық білім сайыстарында үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Жансұлу Арыстанова, М.Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырыл-ған №12 мектеп-интернатының ағылшын тілі пәні мұғалімі:

– Бізде оқитын балалардың басым көпшілігі аудандардан келеді. Сондықтан араларында орыс тілі мен ағылшын тілін меңгеруге қиналатын оқушылар көптеп кездесіп жатады. Дегенмен біз оларға қосымша сабақтар өтіп, білімі жетік балалардың қатарына қосып аламыз.

Болашаққа бастар жол

Үш тілде оқытатын мамандандырылған мектептердің негізгі мақсаты – бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік анықтауға қабілетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Ал міндеті – дүниежүзі халықтарының мәдени құндылықтарын сыйлауға тәрбиелеу, ақпараттық кеңістіктің дамуын қамтамасыз ету, білім беру мазмұнының сабақтастығын және оқушылардың көплингвистикалық даму орталығына жағдай жасау. Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік болып отыр. Қазақстанда білім
саласында қазақ, орыс, ағылшын тілдері оқу тілі ретінде де қолданылады. Яғни еліміздің қарыштап дамуындағы экономикалық, әлеуметтік саяси өзгерістері білім мекемелерінің алдына жаңа міндеттер жүктеуде.

Облысымызда үш тілде талай білімді балаларды тәрбиелеп жүрген білім ордасының тағы бірі – М.Тасова атындағы мамандандырылған №12 мектеп-интернаты. Спабек Мамешов басшылық ететін білім ошағының негізі 1961 жылы қаланған. Айта кетейік, білім мекемесі 2003 жылдан бастап «Еңбек ері» орденінің иегері Маржан Тасованың есімімен аталады. Ол осы мектепте ширек ғасыр директор болып қызмет атқарған. Бүгінде білім ұясы оқушыларға үш тілде білім беріп келеді. Мамандандырылған мектепте 485 оқушы білім алуда. Онда қатардағы ұстаздармен қатар 2 доцент, 3 кандидат сабақ береді.

Үш тілде оқыту – заман талабы

Директордың оқу ісіндегі орынбасары Әтіркүл Жасұзаққызының айтуынша, оқу бағдарламасына жаңа оқыту жүйесі енгізілген. Мәселен, қазақ тілі мен ағылшын тілін тереңдетіп, жаратылыстану бағытындағы пәндерді (физика, биология, зоология) ағылшын тілінде оқытады. Сонымен қатар, 2-6-сынып аралығында тілдер базасын жасап, 7-сыныптан бейімдік пәндер енгізіледі. Ал, балаларда мектепке қабылдау кезінде конкурс жариялап, 2-4-сыныптарға бақылау жұмыстары жүргізіліп, жоғары сыныптағылардан тест алынады екен.

Әділхан АБАЙҰЛЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *