«Қыранның» арманын «Мақтарал» орындады

2011 жылы Атакент ауылында «Мақтарал» футбол клубы құрылғанда жетісайлықтар команданы үздіктер қатарынан көрінеді деп армандамаған да еді. Бастысы жергілікті жастардың кәсіпқой лигаға шыққанына қуанды. Әр матч сайын стадион жанкүйерге лық толды. Атакенттің алаңында өтетін әрбір ойын салтанатты мерекемен теңесті.

Жерлестері қолдау көрсетіп жатса да алғашқы екі жыл бойында мақтаралдықтар бірінші лига командалары арасында жолы болмады. Олар 15-16 орынды қанағат етті. Алайда, 2015 жылы клубтың тізгінін алған азаматтар ауысып, «Мақтарал» футболшыларының алдына басқа жоспар қойылды. «Үздіктер қатарынан көрінеміз»- деп Мейіржан Есенғараев бастаған ұжым 2016 жылға үмітпен қарады. Алайда, бұл мақсатқа жету оңай еместігін мақтаралдықтар маусым бастала салысымен-ақ сезінді.

Биыл бірінші лига командалары арасынан осалдары болмады. Оның үстіне шығысқазақстандық «Алтай» мен Қызылорданың «Қайсар» аяқдопшылары аудандық футболшылар былай тұрсын облыс құрамаларының өзіне жасыл алаңда үлкен проблема тудырды. Дегенмен, жерлестеріміз алған бағытынан қайтпайтынын анық аңғартты. Команда құрамы епті футболшылармен толықты. Аудандық командаға да үздік алтылықтан орын бар екенін мақтаралдықтар дәлелдей білді де.

Тіпті, маусым бойында олар алғашқы үштіктен де көрінді. Әрине, бұл қуаныш көпке созылмады. Дегенмен, мақтаралдық жанкүйерлер қуанып, телпегін төбеге лақтырып бір жасап қалды. Нәтижесінде «Мақтарал» бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының бесінші орнынан көрінді. Аудан әкімдері кезекпен ауысып жатса да — жоспар орындалды.

«Мақтаралдық Асқар Абутов 8 гол соғып, доданың үздік бомбардирлерінің қатарынан көрінді. Сабырхан Ибраев, Константин Задорожный және Алег Перзаде де кем дегенде қарсылас қақпасын бес рет бағындырды. Бұл да болса мақтаралдық команданың беделін арттыра түсті. Тәжірибелі футболшылармен жаттығып жүріп, жергілікті ойыншылардың да шеберлігі артты» деп клуб басшылығы ойыншыларын мақтанышпен тізбектеуде.

Мейіржан Есенғараевтың сөзіне жергілікті жас ойыншылар Олжас Құлымбетов, Сәкен Орынбаев және Диор Арипов пен Қуандық Илимовтың жетістіктері дәлел. Оңтүстіктің өскелең аяқдопшылары биылдан бастап бірінші лиганың азулы футболшыларына қарсы ойында ептілік танытқан. Алғаш рет «Мақтаралдың» ойыншысы Қазақстанның жастар құрамасына ілінген.

– Мақтаралдың жас ойыншылары команданың болашағы. Аудандық футболды қаламен салыстыруға болмайды. Әсіресе, Мақтаралда ала допқа деген көзқарас тіпті өзгеше. Біздің жанкүйерлер Республикаға өзінің белсенділігімен белгілі. Матч болатын күні жергілікті футболсүйер қауым үйіндегі жұмысын тастап, стадионға асығады. Әр ойынға кем дегенде 1500 адам жиналады. Әрине, мұндай қолдауды көрген футболшылар жанкүйерлерін голмен қуантуға тырысады. Содан болар, сарапшылар бізді «Өз алаңында жеңілмеген команда» деп атайды екен. Бұл біздің команда үшін мақтаныш. Әрине, сәтсіз ойындар да болады. Алайда, жанкүйерлердің қолдауы бар кезде бағынбайтын белес болмас. Бірліктің арқасында ғана 2 жылдың ішінде алғашқы үздік алты команданың арасынан көріне алдық деп есептеймін,-дейді клуб директоры Мейіржан Есенғараев.

Расында, ойынға келген жанкүйерлердің саны бойынша мақтаралдықтар Республикада бесінші орында. Ең қызығы бірінші лига командалары арасынан бюджеті жағынан ең аз клуб та осы «Мақтарал» екен. Алайда, еліміздің өзге клубтары төбесі жабық екі стадионымен мақтана алмайды. Ал, мақтаралдық футболшылар болса биыл Атакенттегі және Жетісайдағы стадионда ала допты қуалауға мүмкіндік алды. Оңтүстікте, тіпті бас алаң «Қажымұқан» стадионының да төбесі жабылмаған.

«Бапкерлер құрамын да мақтанышпен айта аламын. Шайзидин Кенжебаев соңғы екі жыл бойында команда құрамын жасақтады. Жетістіктеріміз сол азаматтың арқасы деп түсінеміз. Оның үстіне, биыл Шайзидин Камалұлына көмекші ретінде Қуаныш Қарақұловты шақырдық. Кука — жылдар бойы «Ордабасы»-ның капитаны болған және бапкерлер арасында «Про» санатындағы Ширмялис, Кумыков және Пасулько сынды азулы мамандармен бірге жұмыс жасап, тәжірибе жинақтаған.

Олар барда футболшылардың дайындығына сенімдіміз» деген Мейіржан Есенғараев бапкерлерге қатысты сауалға осылай деп жауап берді.

2017 жылға жоспарды да мақтаралдықтар түзіп қойыпты. Енді жерлестеріміз ел чемпионатының бесінші орнынан да жоғарылап, Мақтаралда футболды жаңа сатыға қоюды мақсат етіп отыр.

Сарбиназ АЛДАБЕРГЕНОВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *