Қолжетімді көліктер

Көлік – алысты жақындататын мініс құралы. Әрбір жүргізуші бағасы қолжетімді, сапалы әрі үнемді көлікке ие болғысы келеді. Ал бұл мәселені әркім өзінің қалтасына қарай шешеді. Бізде қалталы азаматтар қымбат көлікті байлығын көрсету үшін мінсе, шетелдіктер керісінше қарапайым әрі тиімді көлікке ұмтылады. Дегенмен, қазір көлік міну соншалықты бір мақтанатындай дүние емес. Қымбат көлік алуға шама жетпесе, оны несиемен де алуға болады. Бұл туралы кейінірек айтармыз.

 

Қолжетімді көліктер

Бүгінде Қазақстанда тұратын халық саны 17,3 млн адам болса, тіркелген жеңіл автокөлік саны 4 миллионға жеткен. Бұл дегеніңіз елімізде автоәуесқойлардың көптігін білдіреді. Тіпті, көлігі жоқтардың өзі арнайы курстан өтіп, жүргізуші куәлігін алып жатады. Содан соң талғамына сай көлік қарастыра бастайды. Мәселен, «Колесо.кз» сайты арқылы «Тоyота» маркалы көлігін — 1 175 253, «Huyndai» — 2 710 004, «Nissan” — 2 279 141, LADA (ВАЗ) – 2 110 907, «Mercedes-benz” көлігін 1 813 656 адам іздеу жүйесімен қарап шығыпты.

Еліміздегі автобизнес нарығы қалай?

Қазақстан автобизнес қауымдастығының сарапшылары елімізде автокөлік нарығы 31 пайызға дейін төмендегенін айтуда. Биылғы жылдың 6 айында 53 081 көлік сатылыпты. Ал маусым айының өзінде 8 889 көлік иесін тапқан. Бұл көрсеткіш автокөлікке деген сұраныстың өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға төмендегенін көрсетеді.

Рубльдің құлдырауы мен қазақстандықтардың Ресей көліктерін көптеп сатып алуы отандық автонарыққа кері әсерін тигізді дейді сарапшылар. Оған қоса доллар бағамының өсуі де көлік саудасын тежеген.
Бейресми деректерге сүйенсек, Қазақстанға алғашқы жартыжылдықта көлеңкелі жолмен 150 мың жеңіл автокөлік әкелініпті. Осыған орай, 26 мамыр 2015 жылы ҚР даму және инвестиция жөніндегі министрліктің ЕЭКО мүше елдерден Euro-4 стандарты мен Кедендік одақтың «Дөңгелекті тасымалдау құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне сай келмейтін көліктерді әкелуіне тыйым салды. Десе де, осынау көлеңкелі бизнес отандық автонарықтың дамуына тұрақсыздық әкеліп отыр. Мәселен, жол полициясы органдарына тіркелген, импорттық жолмен келген көліктердің үлесі жыл басынан бері 46 пайызға жеткен.

Қолжетімді көліктерСұраныс «LADA»-ға арта түскен

Мұны «БИПЭК АВТО — АЗИЯ АВТО» тобының жұмыс нәтижесіне қарап айтып отырмыз. Себебі, холдинг биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында 27 015 көлікті 58,6 млрд теңгеге сатқан. Жарты жылдықта холдингтің тауар айналымы 61,6 млрд теңгені (332,5 млн доллар) құраған. Ал, клиенттер саны 27 015-ке жетіпті. Холдинг Ресей аумағындағы Орал мен Сібір нарығын сәтті игеріп, елдегі автоөнеркәсіп кластерін құруды жалғастырып келеді.
Сонымен, сатып алушылардың дені «LADA» көлігіне ауыпты. Мәселен, алты айдың ішінде республикада 16 813 адам Өскеменде құрастырылған және тольяттилық «Ладаны» иемденген. Бұл елдегі әрбір үшінші тұтынушы отандық автосалоннан «Ладаны» сатып алған деген сөз. Ал 248 үлгінің ішінен LADA «Granta»-ның 5402 түрі сатылыпты. Сондай-ақ, республикадағы көліктер сатылымының ондығына Largus – 4022, Priora 3680, LADA Kalina – 2310, LADA 4×4 – 1354 түрлері енген.

Екінші орында «Hyundai» көлігі тұр. Темір тұлпардың бұл түріне 6 637 клиент тапсырыс берген. Бір ғана сәуір айында «Hyundai Elantra»-ның 197 бірлігі сатылыпты. Ал үштікке «KIA» маркасы табан тіреді. Көліктің бұл түрін ұнатушылар жыл басынан бері 5852 бірлігін сатып алып, ең көп сұранысқа ие көліктердің қатарына енді. «Chevrolet» пен «SKODA» брендтері де алғашқы ондықтағы орнын сақтап қалып, сатылымда 1 621 және 1178 көлік өз иесін тапқан. Сондай-ақ, бұл тізімнен (783) «Renault» пен (768) «UAZ» моделіне де сұраныс айтарлықтай арта түскен.

Қолжетімді көліктер

Ернар Бекенов, автоәуесқой:

– Бір байқағаным – баж салығы өскеннен кейін елде ресейлік АВТО ВАЗ өнімдері көбейіп кетті. Сондай-ақ, Хюндай, КИА секілді елімізде құрастырылатын көліктер көп. Бұған сатылым кезіндегі түрлі акциялар (бөліп төлеу, пайызы төмен несие) мен салыстырмалы түрде бағалардың ақылға қонымды болуы себеп болған тәрізді. Мысалы, мен 10 мың долларға ұсталған машина алғанша, зауыттан шыққан су жаңасын алғанды құп көремін.

Сырттан Әкелінген көліктер

Ресей рублі төмендеп, сырттан қаншама көліктер әкелінсе де сәуір айында еліміздегі автобизнес біршама қалпына келе бастады. Жыл басынан бері Ресейден Қазақстанға 195 мыңнан астам авто әкелінген. Яғни, Ресейлік көлік үлесі 71,5 пайыз, Қазақстан 12 пайызбен екінші орынға түсті. Үшінші орынға Жапонияда жасалған автомобильдер 6,6 пайыз, өзбекстандық Daewoo 3 пайыз, беларусьтық Geely 1,7 пайыз үлесті алды. Ал Түркиядан әкелінетін көліктер керісінше 28,16 пайызға кеміді.

Бір әттеген-айы, көрші елде рубль құлдырады, көлікті арзан бағаға сатып аламыз деген қаншама жерлестеріміздің алаяқтарға алданып қалған фактілері де жоқ емес. Сондықтан, отандық автодилерлер әкелген көлікті сатып алған дұрыс сияқты.

Жаңа көліктерді сату бойынша Алматы бұрынғыдай көш бастап тұр. Екінші орында — Астана. Сатылған көліктің 14,17 пайыз соның үлесінде. Одан кейін Батыс Қазақстанның қалалары тұр — Атырау 9,59 пайыз, Ақтау 7,10 пайыз. Үздік бестікті Өскемен 5,96 пайызбен тұйықтады.

33-012«Қазақстанда жасалған» көлікті несиемен ала аласыз

ҚР Үкіметінің қаулысымен ел азаматтарына жеңілдетілген несиемен отандық көліктерді сатып алу үшін 15 млрд теңге бөлінді. Тағы бір 5 миллиард теңге – отандық көлік техникаларын сатып алуға қарастырылды. Бір айта кетерлігі, көлік Қазақстанда жасалған болуы шарт. Несие мерзімі бес жылға дейін, көліктің құны 5 600 000 (30 мың доллардан) аспауы тиіс.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Шымкент Тойота Орталығының» сату бөлімінің бастығы Шерзод Қалменовтың айтуынша, клиент көлікті «Сбербанк», «Каspi Bank», «Цеснабанк», «Еуразиялық банк» арқылы несие рәсімдей алады. Тағы бір жаңалық, RAV 4 CVT U7 «Комфорт 2WD», RAV 4 CVT 1D V0 «Комфорт AWD», RAV 4 CVT 3J W0 «Элеганс AWD», RAV 4 CVT I4 «Престиж» моделі осы жылдың соңына дейін сатылып, сосын тоқтатылады екен. Себебі, келесі жылдан бастап сатылымға жаңа үлгілері шығады.

Қолжетімді көліктер

 

Айтпақшы...

Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында 1 қаңтардан 31 шілдеге дейін тіркелген автокөліктер саны – 64 992 екен. Көбіне ОРЕL, LADA, TOYOTA маркалары тіркеліпті. Қолданыстан 971 көлік шығарылыпты. Тіркеуде Ресей мен Белоруссияның көліктері көптеп кездеседі екен. Бұл сандардан оңтүстіктердің де аталған үш көліктің түрін көбірек таңдағанын байқауға болады.

Түйін:

Рубль түсті, есесіне біздікілер арзан көлікке қарық болды. Бұл плюс, бірақ біздің өндірушілер аздап тоқырап қалды. Бұл минус. Тағы бір минус, біздің сатып алушылар Ресей экономикасына қомақты қаржы тастап кетті, бұл олардың экономикасына плюс. Шамамен 2-3 жылға жетеді деп айтылуда. Қазақстандық автодилерлер нарыққа бейімделіп, шетелдік көліктерге бәсекелес орнату үшін бағаны кішкене болсын төмендетсе сұраныс арта түсер еді. Бір ұққанымыз, Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген соң көліктің бағасы арзандайды деп күткен қарапайым халыққа салоннан су жаңа көлік сатып алу әлі де арман күйінде қалатын сыңайы бар.

Жансая Сыдықбай

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *