Қоңыртөбел тіршілікті көркем еткен қаламгер

__yzyl-topymen«Жақсыда жаттық болмайды» дегенді атам қазақ текке айтпаса керек.

Тіршілікте жүздеспесе де — тілдесу арқылы туыс көңілге ұштасып кететін жандар болады. Марал аға Хасенов — мен үшін соңғы жандардың қатарынан. Дөңгеленген дүниеде адамдар сан-қилы жолмен танысып, табысып жатады. Менің Марал ағамен таныстығым, қилы жолдардың «алыстан орағытқан тұсы» — қаламгерлерге тән «бейтанысты – танысыңа айналдыратын» шығармашылық арқылы басталды.

Туасында, Марал аға, жар таңдауда жаңылмаған секілді. Олай дейтінім, менің баспа бетіне жарияланған әңгімемді Марал ағаның қызы Тоғжан оқып, ұнатып, орысшаға аударады. Осыдан бірнеше жыл бұрын, ағаның жары Рымбала апа телефонымды тауып алып хабарласқанда, таң қалғанымды жасырмаймын. Бейне бір бұрыннан бергі танысындай бауырына тарта сөйлейтін Рымбала апаның ашық-жарқын мінезі тәнті етті. «Су түбіндегі маржанды толқын алып шығатыны» секілді, апамен тілдесе келе, Марал ағаның шығармашылығымен таныса бастадым. Марал ағаның Нобель сыйлығының иегерлерінің шығармаларына аударма жасағанын естігенде, өзім жазған пьесаларымды аударма жасауына ұсыныс жасадым. Екі пьесама аударма жасады… Екі пьесама тағдырлас болды… Аракідік хабарласқанымда, асықпай сөйлеп, аз сөзбен — көп жағдайды хабардар ететін парасаты терең қаламгермен әр сұхбатым өз алдына бір академия. Бүгінде, орнымен қария бола алмай жүрген алдыңғы буын жайлы түрлі пікірлер айтылып, кейіне іштей қуансақ, кейіне наразы болып жататынымыз жасырын емес. Марал ағамен телефон шалып сөйлесе қалған жағдайда, тұмадан саф таза су ішкендей жаным рахаттанатын. Парасаты мен мейірімі үнінен ескен ағаның Рымбала апаны әзіліне тиек ете отырып, жағдай сұрасатыны, шығармашылығыма берген бағасы, сөз соңында беретін батасы…

Екінші пьесамның аудармасына азын-аулақ қана ақша салып, ағаға телефон шалдым. Азғантай ақшама қысылып тұрмын. Мені тыңдай сала; «Саяжан-ау, апаң екеуміз Парижге жол тартқалы отырғанда, мынауың қырғын көмек болды ғой?!» деп, жас балаша қуанышын білдіргенде, аз теңгеме іштей қатты қысылдым. Менің күйімді үнімнен ұға білген Марал аға, 80 жасқа толғалы жатқан мерейжылына балаларының қолдауымен француз еліне барғалы жатқанын айтқанда, француз елін неге таңдағанына таңданыс білдірдім. Сәл жөткірінген аға:

— Саяжан-ау, әлемді тәнті еткен француздың аруларын өз көзіммен көріп қайтайын деп едім? деп, әзілдей жауап бергені күні кешегідей.

Уақыт талабымен қоян-қолтық жүретін Рымбала апа, ғаламторға өмірсерігі Марал ағамен фрнацуз елінде түскен суреттерін жариялап тұрды. Ағаның келбетіне қарап тұрып, еуропа еліне қазақ халқының тектілігін паш етуге барғандай әсер алдым!.. Тұрған тұрысы мен жәй ғана отырған отырысының өзінде бекзадалық есіп тұр!.. Фотоға түсіріп жатқан өмірлік жарына қараған көзқарасындағы сүйіспеншілікті аңғару қиын емес. Қас-қағым сәттердегі сыр ұғындыратын көзқарастардан, Рымбала апа екеуінің ғұмырдарияда ескекті қатар ескен тату-тәтті сыйластығын танып, бірге қуанасың. Қаралы хабар жеткенде, ғажайып жанмен жүздесіп үлгермеген күйкі тіршілігіме өкінгеннен басқа амалым қалмап еді. Рымбала апаға телефон шалып, қайғыға ортақтастығымды білдіргенімде, қасіреттен көкірегі қарс айырылған апа, ағаның бірнеше кітабын естелікке беріп жіберетінін айтты. Қолыма Марал ағаның үш кітабы жетті… Неткен еңбек?! Шығармашылық жолын «Орталық Қазақстан» газетінен бастаған қаламгердің тұсында ашылған «Саяси күнделік», «Әлемде не әңгіме?», «Саясаткер келбеті»

деген айдарлармен берілетін желісі әлі күнге үзілмей келеді екен?! Ана тілінен өзге орыс тілінде жасаған аудармалары телегей-теңіз дерсің.

20150801_131923

Нобель сыйлығы лауреаттарының туындыларын қазақшаға аудармаларын көргенде еріксіз тәнті болдым?! Қандай тұлғалар десеңші?! Иван Буниннің «Зұлматты күндер»; Эрнест Хемингуэйдің «Килиманджаро қарлары»; Альбер Камюдің «Үнсіздік»; Ясунари Кавабатаның «Сәулеленген Ай»; Элиас Канеттидің «Конфуций өзінің «Сұхбаттарында» сынды аудармалары басылған кітабының соңында; «Жарты ғасырдан астам қаламымды жаныма серік ете жүріп, кейінгі уақытта тек әдеби тәржімеге көшкен едім. Солардың ең шоқтығы биік туындылары ретінде осы аудармаларымды менің еңбегімді түсіне және бағалай білетін оқырмандарыма өзімнің 70 жылдық мерейтойымдағы алдарыңызға тартқан шығармашылық есебім ретінде қабыл алыңыздар» деп жазған екен, асыл аға. «Демек, одан бері де жасаған аудармаларының арасында менің де туындым бар» деген ой демеуінен толғана отырып, теңізге тамған тамшыдай болса да, осы естелігімді жазғым келді.

1945 жылы Жаңарқа ауданының №5 ауылында (бүгінде Байдалы би ауылы) өмірге келген Марал Хасенов, бала күнінен оқуға зерек болып, орта мектепті алтын белгімен бітіреді. Күйбең тіршілікте қамқорсыз қалатын анасын ойлап, алысқа оқуға түсуге кете алмай, ауыл айналып қалуға мәжбүр болады. 1963 жылы «Жаңаарқа» — «Новая степь» атты екі тілде шығатын аудандық газетте корректор болып жұмысқа қабылданған Марал аға, аз уақыттың көлемінде газеттің жауапты хатшысы дәрежесіне жетеді. Марал ағаның қаламгерлік жолына көз сала қарасаң, жауапты газеттерде жауапты хатшының орынбасары болумен «Ақадыр таңы» — «Агадырская новь» — қос тілді газеттің тұңғыш редакторы болғанын оқығанда, ерен еңбек жолына еріксіз тәнті боласың?!

Өмірде басты ұстанымы – қара қылды қақ жара шындықты айту!.. Газет бетінде шырғалаң жалғандыққа жол бермей, шынайы сөйлете білген Марал ағаның қайсарлығы өз алдына бір дастан дерлік. Ерлан Төлеутаевтың: «Хас журналист мақала жазғанда қаламының ұшын жүрек пен миға кезек-кезек тіреп отырып жазады» деген бір ауыз сөзінен, қаламгердің күллі болмысын тануға болғандай. Ағаның аудармашылық таланты – өз алдына бір дария… Аударма өнерінің шынайы майталманы, таңдауына іліккен жазушының үнін қазақ оқырмандарына бояуын кетірмей жеткізе білген шеберлігіне қалай тәнті болмасқа?!

Замандасымыз Төрехан Майбас өзінің естелігінде: «Маралмен жарты сағат әңгіме-дүкен құрған адамның жан байлығы кәдімгідей тасып қалады. Академиялық білімі бар деп айта алмаймын, алайда энциклопедиялық білімі баршылық. Аузы дуалы. Ел «бірінші» не айтыпты десе, іле-шала «Марал не айтыпты» дейтін. Қазақ, орыс қаламгерлерін түгел қотарды десем біреу сенер, біреу сенбес…» деп, Марал ағаның ел алдындағы қадір-қасиетін тілге тиек ете отырып, әдебиет әлеміне деген шексіз махаббатына назар аударады.

Мен «Марал Хасенов ағаның шығармашылық дариясының жағалауынан қасықпен ғана су іштім» десем болардай. Еркін бойлаған оқырманына берері мол қаламгердің мәңгілік өмірге аттанғанына өкіне отырып, топырағы торқа болсын деп тілек білдірері сөзсіз.

Жаның жәннәтта болғай, Марал аға!

Сая Қасымбек, драматург

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *