Қоқыстан энергия өндіріледі

11Қазақстандағы қай қаланың шынайы кескін-келбетін көргіңіз келсе, алдымен қала маңында орналасқан күл-қоқыс төгетін полигонын аралап көріңіз. Мұнда сол қаланың әлеуметтік жағдайы тұнып тұр. Мәселен, қоқыс арасынан нәпақа тауып жүргендердің қарасы молдау болып, олар тағам қалдықтарын ысырып қойып, темір мен мыс, құрылыс қалдықтарын іздеп жүрсе, қала халқының бақуат тұратындығын көрсетеді. Шымкент қаласында бұл мәселе осыдан он жыл бұрын көтеріліп, осы уақытқа дейін пайдалы бизнестен жергілікті билік те, кәсіпкерлер де шет қалып келген. Қоқысты өңдейтін зауытқа бөлінген қаржы мен  қала ішінде қоқысты сұрыптау бойынша қолға алынған іс-шаралар оң нәтиже бермеді. 

Естеріңізде болса, былтыр Шымкентте тұрмыстық қалдықтарды жинау бойынша жаңа жоба іске қосылған болатын. Яғни, қоқысты сұрыптап, содан соң қайта өндеуге қағаз, пластик және аралас қалдықтарды бөлек жинауға қаламыздағы шағынаудандардың біріне арнайы қоқыс жәшіктері қойылған. «Эко-тазалық Шымкент» серіктестігі қолға алған жоба тұрғындардың да көңілінен шықты. Бұл жоба Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Осылайша қала тұрғындарының мәдениетін арттырып, өркениетті елдегідей өмір сүруге үйретпек болған. Өкініштісі, миллионға жуық тұрғыны бар қаламызда бұл жоба жалғасын таппады. Еуропа елдерінде қалдық заттарды, қоқысты әр түрлі тасымалдағыш ыдыстарға сұрыптап салу баяғыда қалыптасқан дәстүр. Кейбір елдерде мұндай сұрыптағыш ыдыстардың саны 18-ге дейін жетеді екен. Олар мұнда шыныны, полиэтиленді, тұрмыстық қалдықтарды, тіпті, қолданылған батареяның өзін жеке-жеке жинайды. Біздің елде болса, мұның барлығын бір қоқыс жәшігіне төге салады.
Қоқыстан жарық және жылу аламыз

Шымкент қаласында қоқыс қалдықтарын өңдеу соңғы бес-алты жылда өзекті мәселеге айналып, арнайы зауыт салу мәселесі 2004 жылы көтерілді. Содан бері, бірде жер телімін қай аймақтан беру керектігі дауға ұласса, енді бірде ол зауытты кім салатыны нақтыланбай сағызша созылып, қоқыс өңдеу зауыты өткен жылдың көктемінде іске қосылды. Жылына 200 мың тонна қоқыс өңдеуге қауқарлы кәсіпорынды салу үшін мемлекеттен 1 млрд 700 млн теңге қаржы бөлінді. Алайда көпке дейін тірліктің үдесінен шыға алмаған зауыт қоқысты өңдеуден гөрі іріктеумен көбірек айналысуда. Былтыр ол зауыт Шымкент қаласының коммуналдық шаруашылық меншігіне қайта берілген болатын.
Айта кетерлігі, өткен аптада халық алдында есеп берген облыс әкімі Б.Атамқұлов Шымкент қаласында тұрмыстық қалдықтардың зиянды әсерін болдырмау, қалдықтарды қайта өңдеу, шикізат ретінде қайта қолдану үшін жағдай жасау, экологиялық таза өндірістерді дамыту мәселесі биылдан бастап жаңа деңгейде қолға алынып, Шымкентте қоқыстан электр энергиясын өндіретін станса салынатындығын мәлімдеді. Аталмыш станса жоғарыда айтып өткен қоқыс іріктейтін зауыттың базасында салынбақ. Қазіргі уақытта әкімдік пен зауыт Гонконг пен Сингапур тәжірибелерін зерттеп, келешекте барлық қоқысты электр энергиясына айналдырып отыруды жоспарлауда. Қоқыс өңдеу стансасы 50 МВт электр қуатын өндіретін болады. Сонымен қатар, қосымша жылу энергиясы да өндірілмек. Енді зауытта қоқыс алдымен бөліп-сұрыпталып, тиісті әдіс арқылы өңдеу жұмыстарынан өтеді.

Полиэтилен пакет ыңғайлы, бірақ зиян

Ана-апаларымыз бұрындары базарға, дүкенге барғанда қолдарына тор қоржындары мен себеттерін алып-ақ, қанша болса да керек заттарын əкеле беруші еді. Бүгінде Шымкент қаласында саңырауқұлақтай қаптаған супер-гипермаркеттерге дорбасыз-ақ бас сұғып, дүниенің затын сутегін полиэтилен пакеттермен арқалап шығатын болдық. Біріншіден, бұл пакеттер дүкенде тегін, екіншіден, керек-жарақ салуға қолайлы жəне көшеде еш ұялмай ұстап жүруге ыңғайлы, əдемі. Алайда, оның онсыз да адамның қолынан зардап шегіп жатқан табиғат-Анаға зияны шаш етектен болып жатқанын ойладық па?
Адамдар күн сайын күл-қоқысқа тастайтын пластмасса құтылар жер бетінде 500 жылға дейін, кәдімгі полиэтилен пакеттері 200 жылдан астам уақыт бойы шірімей жатады екен. Ал, консерві қалбырлары мен шыны сынықтары 1 мың жылға дейін жер қойнын ластап, «жегі құртша» топырақ құнарын жеп жатады. Қоқыс қалдықтары осылайша жер бетін ғана ластап қоймай, жер астын да құнарсыздандырады екен. Осы секілді көптеген мәселеге себеп болатын қоқыс қалдықтары қайта өңдеуді тез арада қарастыруды талап етеді. Әр отбасы күніне 4 полиэтилен жасалған тұрмысқа қажетті заттарды тұтынады екен, демек биоыдырайтын полиэтиленнен жасалған қағаз пакеттерді елімізде жаппай енгізу кезек күттірмес шаруа. Әр түрлі материалдан жасалған пакеттер кез келген жерде шашылып жатады. Еліміз жасыл экономикаға бет бұрған шақта біз бұл үдерістен қалыс қала алмаймыз.

Сіз не дейсіз?

Біз өзімізді толғандырған мәселе бойынша Шымкент қаласы тұрғындарының арасында кішігірім сауалнама жүргіздік. Сонымен, тұрғындар «Қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін қандай шаралар мен қызметтер ұсынар едіңіз?» деген сұраққа мынадай жауаптар мен ұсыныстарды айтты:
— Қоқыстар мен ағаш жапырақтарын аулада жаққаны үшін, шөлмектерді, қағаздарды арнайы жәшікке салмай, лақтырғаны үшін айыппұл мөлшерін ұлғайту;
— Өздері тұрған аймақтарда сенбіліктерді жиі ұйымдастыру;
— Жазғы уақыттарда, жұртшылық көбірек демалатын жерлерде қосымша қоқыс жәшіктерін орнату;
— Қоқыстар (әсіресе, жеке меншік үйлер маңындағы) шығаруға бақылауды күшейту;
— Рұқсат етілмеген жерлерге төгілген қоқыстарды дер кезінде алып кету;
— Зауыттарда ауаны ластамау үшін сүзгілер орнату;
— Тұрғындар арасында үгіт және ағарту жұмыстарын жүргізу, экологиялық қолайлылық өздеріне қатысты және ол өздерінің балалары мен немерелеріне әсер ететіндігін жеткізе айту;
— Саябақтар мен бақ жолдарында биодәрет-ханалар орнату;
— Қалада баламалы қуат көзін орнату;

Қоқысты өңдеу жолдары

Мәліметке сүйенсек, елімізде жинақталған өндірістік-тұрмыстық қалдықтардың үлесі әр тұрғынға 1,4 тоннадан келеді екен. Яғни, жыл сайын бес миллион тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болады. Оның тек 5 пайызы ғана жойылады екен.
Негізінен, тұрмыстық қалдықтарды бірнеше бағытпен өңдеуге мүмкіндік бар. Мысалы, тыңайтқыш, жанатын газ және синтетикалық мұнай, құрылыс плиталарын, қағаз және тағы да көптеген заттарды алуға болады. Сондай-ақ, полимерлік-пластмасса қалдықтарын өңдеу жолымен:
— теміржол бұйымдары мен белгілерін;
— тозған құбыр жолдардың сыртқы және ішкі жабындарын;
— автожол бұйымдары мен белгілерін;
— терезе және есік блоктарын; аграрлық ауылшаруашылық бұйымдары мен құрылыс материалдарын;
— жиһаз материалдарын өндіруге болады.

Jpeg

Ерлан ЕСІРКЕПОВ

Ерлан ЕСІРКЕПОВ, ОҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары:
— Алдыңғы жылдары Шымкентте тұрмыстық қалдықтарды жинау бойынша жаңа жоба іске қосылып, қағаз, пластик және аралас қалдықтар бөлек жиналды. Пилоттық жоба негізінде «Самал» шағынауданындағы 20 жеке үйге арнайы қоқыс жәшігі қойылды. Алайда бұл тек бастама ретінде қалып, өз жалғасын таппады. Бұл жерде енді көптеген қаржылық және техникалық мәселелер бар. Ал, қала шетіндегі қоқыс полигонының жанынан салынған қоқыс сұрыптайтын зауыттың ары қарай жұмысын дамытуға да техникалық себептер қолбайлау болғаны рас. Енді полигон базасында қоқыстан энергия өндіретін зауыт қолға алынып отыр. Бұл жоба өз жемісін береді.

Дайындаған — Айтқали Садықов

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *