Қоғамдық кеңестің келелі істері

Облыстық прокуратура жанынан екі жыл бұрын құрылған Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңестің жұмысы қашанда халықтың назарынан тыс қалмай келеді. Кеңес мүшелері қадағалаушы орган өкілдерімен бірлесіп, өңірдегі түйткілді мәселелердің оң шешімін табуына үлесін қосып отыр. Кеңестің әрбір отырысында өзекті проблемалар бойынша тексеру қорытындылары талқыға түсіп, оны шешудің жолдары қарастырылуда. Осы орайда, облыстық прокуратура аппаратының басқарма аға прокуроры Ербол Ештаевқа жолығып, қазіргі қоғамдық кеңестің жұмысы жайлы сұхбаттасқан едік.

облыстық прокуратура аппаратының басқарма  аға прокуроры Ербол Ештаев

Облыстық прокуратура аппаратының басқарма
аға прокуроры Ербол Ештаев

– Ербол Амангелдіұлы, облыстық прокуратура жанынан құрылған Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі Қоғамдық кеңестің осы уақытқа дейін атқарған жұмысы жайында айтып берсеңіз…

– 2013 жылы бұл кеңесті құрғанда бізде бір ғана мақсат болды. Құзырлы органдар арасында заңсыздықтарды болдырмау, біздегі ашықтықты көрсету және халықтың сенімінен шығу. Біз екі жыл ішінде алдымызға қойған мақсатқа жеттік. Қазір осындай кеңестер тек облыстық прокуратурада емес, сонымен қатар аудан-қалаларда да ашылып, жұмыс істеуде. Консультативті кеңесші орган ретінде құрылған кеңес бұл күнде елдің заңнамалық сауатын көтеруге өз үлесін қосып, халық пен қадағалау орган өкілдерінің байланысын арттырып отыр. Прокуратура қызметкерлерінің қандай жұмыс атқарып жатқанын көрсетіп, оны ел арасында кеңінен насихаттауда.

– Қоғамдық кеңес мүшелері қатарында кімдер бар? Оларды іріктеу барысында неге мән бердіңіздер?

– Кеңес мүшелері 17 адамнан тұрады. Бәрі де елдің арасында жүрген абыройлы, жанашыр азаматтар. Төрағасы – Роза Пак, қалалық мәслихат депутаты, ал орынбасары – облыс прокурорының бірінші орынбасары Батыржан Жәнібеков. Сондай-ақ, араларында Шәріпбек Жамалбеков, Жеңісбек Мәуленқұлов, Байдулла Қонысбек сынды ел ағалары бар. Айта кетейік, кеңестің құрамы үш жылда бір рет бекітіледі. Десе де сол мүшелердің ұсынысымен құрамына өзгертулер енгізілуі мүмкін.

– Ережеге сәйкес, кеңес мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін атап өтсеңіз…

– Мәселен, прокуратура органы өкілдері қаулы шығарғанда, не болмаса кезекті тексеруге барғанда кеңес мүшелерін міндетті түрде қатыстырады. Сондай-ақ, алқа, үйлестіру кеңесі сияқты алқалы жиындарға да шақырылып, онда тексеру, зерделеу жұмыстарына қатысты өздерінің ой-пікірлерін ортаға салады. Кеңесші ретінде «халыққа былай істесек дұрыс болады» деген ұсыныстарын айтады. Біз ол ұсыныстарды шешім қабылдағанда ескереміз. Тиісті мекеме басшыларын шақырып, кеңес мүшелерімен бірге жауабын тыңдаймыз. Кейіннен осы талқылаулар мен қабылданған шешімдер жайлы кеңес мүшелері басылым беттеріне жариялап, ел арасында кеңінен айтып жүреді.

– Кеңес мүшелігіне тіркелген азаматтар прокуратураның қоғамдық қабылдауларына қатыса алады ма?

– Иә. Облыс прокуроры әр сейсенбі күні қоғамдық қабылдау өткізеді. Сол кезде осы қоғамдық кеңестің мүшелері қатысады. Жай қатысып қана қоймай, арыз-шағымын айтып келген азаматтарға өзінің ұсынысы мен кеңесін береді. Сонымен қатар, жылына кемінде екі рет кеңестің отырысы болып тұрады. Онда мүше азаматтар халықты мазалап жүрген мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын айтады. Арыз-шағымдарын беріп жіберген болса, соны жауапты прокурорларға табыстайды. Кейін біз ол мәселелерді қарап, ұсыныстары негізінде тексеру, зерделеу шараларын жүргіземіз. Нәтижесі туралы толыққанды жауап береміз.

– Жуырда елімізде «Қоғамдық кеңестер» туралы жаңа заңға Елбасы қол қойғаны белгілі. Соған сәйкес, қандай өзгерістер енгізіледі?

– «Қоғамдық кеңестер туралы» жаңа заңда: атқарушы органдарда, Президентке тікелей бағынатын органдарда қоғамдық кеңестер ашылып, орталықтандырылады, – делінген. Мысалы, бұған дейін қоғамдық кеңестердің мүшелері берген ұсыныстар мен тапсырмалар ұсыныс ретінде қаралса, енді ол кісілердің айтқан сөздерін тексеру және оны шешу міндетті делінген. Сол жағынан халыққа тиімді болуы мүмкін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айнұр Ақбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *