Қиял әлеміндегі Қасымбек

9-kasymbek-ataҒұмырдарияда ұрпаққа өнеге боларлықтай мәнімен қариялыққа қадам басу – екінің біріне бұйырмаған бақыт. Барын дабылдатпай, жоғына мойымай, ұлтының өнеріне өшпес үлесін қосып жүрген қарапайым Қасымбек Нұрбекұлы ағамызды көргенде, «дана қариялар» қатарының жоғалмағанына шүкіршілік етесің.

Шаршы топтың алдында өмірлік жарымен қалықтай билеп жүрген Қасымбек… Иә, немересінің тойында өмірлік жарымен жарасымды билеп, сынын бермеген сымбатты аға – көптеген диплом, грамоталардың иегері, «Еңбек ардагері», Қазақстан Суретшілер және Журналистер одақтарының мүшесі, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы, суретші Қасымбек Нұрбекұлы сексеннің сеңгіріне сүбелі шығармашылығымен жетіп отыр.


Мен Қасымбек Нұрбекұлын «әкем» деймін. Таныстығым 2000 жылдың бас кезеңінде сырттай басталған. «Сырттай» деу себебім, сол жылдары «Отырар-TV» телеарнасына сұхбатқа барғанымда, тілшілік жолды жаңадан бастаған Зәуре Оралбаева студияда қарсы алды. Сұхбатты бастамас бұрын: «Сая апай, сіздің фамилияңызды атамай – Сая ханым десем бола ма?!» деп сұрады. «Неге?!» деген сұрағыма – «Атамның аты сіздің фамилияңызбен аттас. Атам, менің хабарымды үзбей көріп отырады. Атын атасам, ыңғайсыз…» — деп жымиды. Жаңа заманның «атасын туып алғандай атайтын» кезеңіне үйрене бастаған маған «келіннің риясыз ілтипаты» жаныма жайлы тиіп, қуана келіскен болатынмын. Міне, сол кезден бастап Қасымбек «әкемнің» шығармашылық жолына зер сала бастадым.

Бүгінде «жұлдыз» сөзі жауырланып кетсе де, әр жұлдыздың өз орыны бары хақ! Өмірде жастайынан «жарқ етер жұлдыздар» мен алыстан өшпей жылтырап тұратын жұлдыздар болады. Жарқ еткен жұлдыздардың шығармашылық ғұмырдарияда табан тіреп қалуы көп жағдайда екіталай. Алыстан көрінетін жұлдыз, қашан қарасаң да «мен бармын!» деп, нұрын шаша күлімдейді. Қасымбек аға «алыстан жарық беріп тұратын» жұлдыздар қатарынан.
Әр шығармашылық иесінің өмірде өшпес із қалдыратын өз жолы бар. Қасымбек ағаның балалық шағы сонау дүниежүзілік соғыс алапатымен тұстас болып, алғаш мектеп табалдырығын аттағанда, қолына ұстаған қаруы – сиясауыт болатын. Бәлкім, гуашьпен салғанды ұнататыны сондықтан болар?

«Балалық шағым соғыстың қияншылық кезеңіне тап болып, сурет салуға қылқалам таппайтынбыз. Сурет салуға деген ынтығымыздың басымдығы сонша — есектің құйрығынан, не, аттың жалынан қылқалам (кист) жасап, сиясауыттағы сияға батырып бояйтынбыз» деп, алыста қалған жылдарды сағына еске алған Қасымбек аға: «Мектепте жүргенде, қабырға газетін сиямен бояп көркемдедік. Ауылдан 7 шақырым жердегі Ақтам мектепке жаяу баратынмын. «Ақтам» деуіміз, мектеп – күллі ауылдағы сырты әкпен ақталған жалғыз үй болатын. Содан болса керек. Ол кезде сағат деген атымен жоқ. Шамамен жобалап барамыз. Жаяудың қай бір жүрісі өнсін?! Кейде кешігіп барамын. Бірде, кешіккеніме ашуланған мұғалім, есік алдындағы арыққа басымды 100 рет батырғаны әлі есімде. Сонда, қазіргідей үйге жылап баруды білмейміз. Керісінше, білімге құштарлана түсеміз» деп, балалық бал шағын еске алғанда көзінен мейірім төгіле әңгімелеген қылқалам иесіне еріксіз сүйсіне қарайсың.

9-kasymbek-ata3-kopiya

Әлбетте, жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп отырған өскелең ұрпаққа, жиырмасыншы ғасыр басында дүние есігін ашқан өнер тұлғаларының өмірдерегі қызықтыратыны белгілі жайт. Бүгінде суретті компьютер бетінде, жаңа техниканың жетістігімен салып үйренген ұрпаққа, «ата буынның» өнер жолы қызықты болары сөзсіз.
«Сурет салуға деген ынтызарлығым мектепке бармай тұрып басталған. Біздің кезімізде бүгінгідей техника жетістіктері жоқ. Сиясауытымызға құйып алған сиямыз ойнап жүргенде үстімізге төгіліп, малмандай болатынбыз. Соғыс қасіретінен халықтың жағдайы нашарлаған кезі, сурет салуға деген құштарлығыма еш кедергі болмады. Тұңғыш көрмемді мектепке дейін – үйдің қабырғасында ашқанмын» деп рахаттана күлген Қасымбек аға:
— Сол кездегі әліппеге басылған арыстан, жолбарыстардың суретін салып, үйдің қабырғасына іліп, күллі ауылды көрмеме шақырдым. Ауыл-үй түгел келіп көріп, мақтайды. Балажүрек мәз боламын. Сол кездегі суретімді қолпаштаған мақтаулар, сурет әлеміне деген сенімділігімді нығайтты, — дейді.

Шынайы өнер, туабітті бойына дарыған жанның шығармашылық ғұмырында, уақытпен бірге «сырласына» айналады. Шеберханасын-да 1000-нан аса туындылары бар суретшінің сүйікті тақырыбы – қазақи ауыл өмірі, ұлтының өткені мен ұмыт қалғанын қылқалам ұшында тірілту.

9-kasymbek-ata2-kopiya

«Тіршілік дегенің ағын судай тоқтамайтын асығыс екен ғой?! Селт етер көрініс іздеп табиғат аясына шығуын шығамын-ау, аяғы асығыс болады. Үйге келген соң, этюдтен картинаға көшесің» деген ағаның үнінен өкініш табы сезіліп, — Шынтуайтына келгенде, «ағын суды жағалап жүгіріп» жүргендер қаншама?! «Жетеміз» деп талпынумен арпалысып жатқан тіршілік. Бұндай сәттерде ең жақын көмекшің – қиял. Көргеніңді қиялыңда тірілтіп, көз алдыңда қанатына мінгізіп жетелеп отырады,-дейді суретші.
Суретшіні тыңдап отырып, тіршілік пәлсапасына басқа қырынан қарайсың. Қасымбек аға жайлы қаншама мөлтексырлар жазылып, қаншама хабарлар берілді. Бірінде қылқаламын қолына ұстап, гуашьпен, акварельмен сурет салса, енді бірде – жансерігіне айналған фотоаппаратымен қас-қағым сәтті обьективіне таспалап жатқаны жайлы баспа беттерінен құлағдар болып жатқанымыз.
Қасымбек ағаның қылқаламнан өзге – фотоөнерімен тәнті еткені қашан?! «Обьективке таспалап» сөзін текке айтып отырғаным жоқ. Шымқаладағы «Тюльпан» фотоклубында фотосүйер жастарға ұзақ жылдар көркемдік жетекшілік етті. Өмір эпопеясы тосын сәттерден құралатынын талмай түсіндіре жүріп, өзі де елең еткізер сәттерді өткізіп алмауға тырысты.

«Қас-қағым сәттері» Халықаралық көрмелердің төрінде ілініп, көрерменнің ілтипатына сан рет іліккенін бүгінде біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ағаның ерен еңбегі далаға кетпей, «Тюльпан» фотостудиясына – «Халықтық фотоклуб» атағы беріледі.
«Өмірдің өзі – қас-қағым сәттің жиынтығы» деп алсақ, өзі байқаған өмір қиындысын — өзгелермен бөліскенде, көңіл тебірентерлік сәтке тамсана қарамайтын жан табылмас…

9-kasymbek-ata4-kopiya
-Шығармашылық адамы тарихтың «тапталған бетін» айналып өтіп, тың парағын ашып отыруы керек. Ол үшін тарихты тереңінен зерттеген абзал. Тарихқа қиянат жасауға болмайды, — дейді суретші аға.
Туған топырағының өткенінен сыр тартатын «Қаратау сілемдері» сериялы суреттерінің туындауы сондықтан болар.
Қылқалам туындысы теңіз асып, жер жаһанды аралайтын елші іспеттес. Матаға, қағазға салынған сурет арқылы ұлтыңның тарихын, мәдениетін, дәстүрі мен өркениетін жатжұрттықтарға таныстырасың. Суретке қарап халқыңның болмысын таниды. Ол үшін, ұлтыңның жанкүйері болу шарт.

Қасымбек Нұрбекұлының «Қыз қуу», «Көкпар» сынды полотналары суретшінің туған топырағына деген махаббатына куәгер туындылар.

Әлбетте, Қазақстан Суретшілер және Журналистер одақтарының мүшесі, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы сынды мәртебелі атақтары суретшінің абыройын асқақтататыны сөзсіз. Әйтсе де, «Қызылқұм сериалдары», «Отырардың күйреуі» т.б. көркем туындылары – ғасырдан-ғасырға уақыт көпірімен өтіп отырары ақиқат. Танымы толықсыған қылқалам иесінің көкейінде жатқан арманы жеткілікті.

-Бүгінде аз айтылып жүрмесе де, сонау 1937-нің «орағында кеткен» боздақтардың бейнесін тірілтсем деген арманым бар. Халқымыздың толығымен аршылмай жатқан тұстары жеткілікті ғой. Әсіресе, бала кезімдегі ауыл өмірін үлкен полотно етіп салсам деймін. Жаймен бастап қойдым, — дейді суретші, өзінің шығармашылық ізденіс жолында екенін хабардар ете отырып.

9-kasymbek-ata-otbasymen

Қасымбек Нұрбекұлы мен жұбайы, ұл-қыздары

Өткеніміз бен өшкенімізді қылқалам шеберлерінің қалдырған ізімен жаңғыртып алатынымызды ескерсек, Қасымбек Нұрбекұлының болашаққа жоспарлаған туындыларының көне тарихымыздың көшіне қосатын лайықты үлес болатынына сенімім шексіз. Тек, деніңіздің саулығын тілеп, зерлі саусақтан – зерделі дүние туындауын күтейік!

P. S. Шымкенттегі Абая саябағында орналасқан Көркемсурет галереясында суретші, Қазақстан Суретшілер және Журналистер одақтарының мүшесі Қасымбек Нұрбекұлының «Қайталанбас белестер» атты жеке сурет көрмесі өтіп жатыр

Сая Қасымбек,
ҚР Мәдениет қайраткері, драматург

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *