«Қазынадан» күтеріміз көп

16 казынаШәмші Қалдаяқов атын­дағы облыстық филар­монияның 6 қыз, 6 жігітінен құралған «Қазына» би тобы тағы да үлкен жең­іспен оралды. Олар Алматыда алғаш рет ұйымдастырылған «Қазақстанның Розасы» халықаралық би байқауында «Халықтық сахналық би» аталымы бойынша Гран при игері атанды. 5 күнге со­зыл­ған сайысқа Қазақ­стан, Ресей, Болгария елдерінен 50-ге жуық топ  қатысқан. Олар 10 шақты аталым бойынша бақ сынасты. Соның ішінен біздің жерлестер ең үздік деп танылып, облыс мерейін тағы бір көтерді. Одан бөлек, топ құрамындағы бір­не­ше биші арнайы дип­ломдарға ие болды. Енді жеңімпаз топ маусым айында    Кипрде өтетін байқауға қатысуға дайындық үстінде. Осы орайда, «Қазына» би ансамблінің көр­кемдік жетекшісі Зәуре Әжібековамен сұхбат­тасқан едік.

16 Зауре Ажибекова

Зәуре Әжібекова, «Қазына» би ансамблінің көр­кемдік жетекшісі

— «Қазына» би тобы өнер сахнасына қашан кел­ді?
— Алғашқы құрамы со­нау 1986 жылы Әл-Фара­би атындағы мәдениет инсти­тутының негізінде құрылған. Ол кезде «Қазына» ансамблі ұлттық саз аспаптарымен бір­ге еді. Ең алғашқы би жетек­шісі — Сәуле Балбаракова, ал көркемдік жетекшісі – марқұм Мұса Жарқынбеков болған.
— Ұжымның ең алғашқы жеңісі қандай?
— 1991 жылы қазақ биінен кәсіби бишілер арасында өткен Шара Жиенқұлова атын­дағы байқауда 3-ші орын­ды иеленген. Ол кезде бишілер тек 8 қыздан ғана құралған болатын.
— Ансамбль құрамы осы уақытқа дейін үздіксіз жұмыс жасап келе ме?
— Жоқ. 1995 жылдары ансамбль тарап, 2003 жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония негі­зінде қайта құрылды. Сол уақыттан бері топтың көр­кем­дік жетекшісімін.
— Бүгінгі жетістіктеріңіз туралы айтсаңыз…
— Біздің бишілер еліміздегі барлық байқауларда үздік өнер көрсетіп шықты. Бірнеше халықаралық байқауларда да еліміздің мәртебесін көте­ріп жүр. Атап айтсақ, «Шабыт» халықаралық байқауында бірнеше рет жеңімпаз болдық. 2013 жылы өткен «Аймақтар аламаны» телевизиялық шоуында да І-ші орын бізге бұйырды. Ал, Шара Жиенқұлованың туға­нына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған 4-ші республикалық қазақ биі байқауында Гран при иегері атандық.
— Алдағы жоспар­лар­ыңыз қандай?
— «Қазына» би тобы мау­сым айында өтетін халық­аралық байқауға арнайы жолдаманы жеңіп алған болатын. Қазір соған дайындық жұмыстарын бастадық. Ол жердегі бәсеке өте тартысты болады. Өйткені әле­м­нің барлық мықтылары жинал­мақ. Бұл жолдама біз үшін күт­пеген жағдай. Өйткені, мұндай жоғары деңгейдегі байқауға қатысудың өзі үлкен мәртебе. Жататын жеріміз, тамағымыз барлығы да ұйымдастырушылар тарапынан. Бізге тек баруға билет керек. Осы тұста бізге қар­жылық қолдау қажет. Сон­дай-ақ, жаз бойы Болгарияда өтетін халықаралық конкурсқа да шақырту алдық. Бұл дегеніміз, қазақ би өнерінің дамуы, алға қарай жылжуы деп білемін.
— Мұндай шақыр­туға ие болу қанша­лықты қиын болды?
— Шынын айтсам, өзге елдерді айтпағанда, Қазақстанның әр өңірінен келетін бишілердің арасында да мықты топтар өте көп. Олардың костюмдері мен дайын­дық­тары жоғары дең­гей­де. Осы тұста мәселе тағы да қаржыға келіп тіре­леді. Өйткені, бізге шетелден кәсіби балет­мейстерлер шақыруға мүм­кіндік жоқ. Сондай-ақ, қым­бат әрі сапалы киімдер тіктіру үшін де бірталай ақша жұмсалады. Дегенмен, қолда бар мүмкіндік пен дай­ын­дығымызды шыңдап, қыз-жігіттеріміздің ерекше таланттарының арқасында, көптен оза шауып шықтық.
— Ендеше, алдағы байқауларда тағы да жеңіс тұғырынан көрінулеріңізді тілейміз. Әңгімеңізге рахмет!

Дайындаған — Гүлнұр Сәтбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *