«Қазына» этносаябағы — киелі кесенелер мекені

IMG_4309

Қай шаһар болмасын тарихымен мәнді, сәулетімен сәнді. Шырайлы Шымқаланың өткені бүгінгі сәулетімен сабақтасып жатыр. Сөзімізге қаламыздағы «Қазына» этносаябағы дәлел бола алады. Шымшаһардың сәулетшілері алдымен Дендробақ пен зообақтың жанынан саябақ жасамақшы болған екен. Алайда, облыстың бұрынғы басшысы Асқар Мырзахметов «Бұл жер кәдімгі жай серуендейтін емес, этнографиялық саябақ болса» деген ұсыныс жасапты. Содан сәулетшілер жұмылып, тарихи этнографиялық саябақтың жобасын жасаған. Нәтижесінде, бұл жер қала тұрғындары мен шетелден келетін қонақтардың демалыс орталығына айналды. Жалпы алаңы 76 гектарды алып жатқан кешенді салуға қазынадан 2 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Сонымен, этно-тарихи кешеннің өзге саябақтардан ерекшелігі неде? Осы мақсатта біз этнобаққа арнайы барып, фотореп жасап қайтқан едік.

IMG_4379

«Қазына» этно-тарихи кешенінің құрылысы 2012 жылы басталған. Кешен екі бөліктен тұрады: тарихи және мәдени-сауықтыру болып. Тарихи бөлігінде этносаябақ, «Қазақ хандығына 550 жыл» монументі, «Бәйдібек би» ескерткіші, 27 тарихи-сәулет ескерткіштің макеті, «Ұлы жібек жолы» сәулеттік композициясы, даналар сөзі топтастырылған.
Мәдени-сауықтыру бөлігінде тарихи-өлкетану мұражайы, әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, «Наурыз» алаңы, Жайлаукөл, Қазақ ауылы мен ипподром орналасқан. Этносаябақтың көрікті жерлерін аралау үшін жаяу жүргіншілерге арналған ұзындығы 2450 метр болатын аяқ жол төселген. 7 ротонда (шатыр астында дөңгелене қойылған сөрелер), 1 субұрқақ, 2 сарқырама және 157 автокөлікке арналған тұрақ орналасқан.
IMG_4299Хош, сонымен «Қазақ хандығына 550 жыл» монументіне жақындадық. Күллі қазақтың рухын көтерген осынау мерейтой құрметіне ашылған монументтің жақтауларына Елбасының «Қазақ хандығының 550 жылдығы ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы» деген сөзі қашалып жазылыпты. Мақсаты түсінікті. Бұл ең алдымен азаматтардың, оның ішінде жастардың патриоттық сезімін арттыру мен елдікті нығайтуға бағытталған. Себебі, қазақ халқының басынан небір сұрапыл замандар өтсе де, ұлттық рухы мен тілін, байтақ жерін сақтаған, өзге ұлттарға да өнеге бола білген батыр бабаларымыздың болғанын көрсету. Шаңырақтың биіктігі — 15 м, ені – 30 м, ал пирамиданың биіктігі — 10 м, ені 8 метрден тұрады.
IMG_4296Бұдан кейін «Ұлы Жібек жолы» сәулеттік композициясына бет бұрдық. Композициядан Ұлы Жібек жолы бойымен тауар тасыған керуеннің нақпа-нақ келбетін көруге болады. Жүк артқан түйе, ат мінген саудагер де осында. Бүгінде сауда айналымын арнайы әуе, жүк тасымалы көліктері әп-сәтте жеткізіп тастайды. Ал жоба авторының сонау ықылым замандарда сауда-саттық Ұлы Жібек жолы арқылы дамып отырғанын бүгінгі ұрпаққа осылай жеткізгісі келгенін аңғару қиын емес. Бұл да қазақ жерінің тарихта маңызды рөл атқарғанын көрсететін бірден бір айғақ деуге болады. Композицияның ұзындығы – 50 м, биіктігі — 8 м.

IMG_4331
Бұдан соң, бабаларымыздың тасқа қашалып жазылған «Даналар» өсиеті» атты аллеяға қарай бет алдық. 33 тасқа Қожа Ахмет Ясауи, Бәйдібек би, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Нұрсұлтан Назарбаев, т.б. тұлғалардың өсиет сөздері жазылған. Бұл да бабаларымыздың ой-өресін, олардың сұңғыла болғандығын көрсетеді. Біздің байтақ даланың көнекөз данышпандары болашаққа хатын осылай жазып кеткендей әсер қалдырады. Баба үнімен үнсіз тілдескің келсе, жерұйық іздеп сенделген Асан қайғының сөзін оқып көр. «Әділдіктің белгісі – біле тұра бұрмаса, Ақылдылықтың белгісі – өткен істі қумаса» дейді. Жөн-ақ. Ұлттық болмысты айқайлап насихаттамай-ақ, сәулет өнерінің айшығымен осылай-ақ дәріптеуге болады екен. Өйткені, көрген жанның кеудесінде еріксіз мақтаныш сезімі ұялайды.

аширбаев (1)

Бақытжан ӘШІРБАЕВ, ОҚО Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Жоба – іште жатқан бала сияқты. Балаңды қалай мәпелеп жақсы көресің, бұл да солай. Жақсы көріп істесең, күткен дүниең ойдағыдай шығады. Қазір жұртты көпқабатты зәулім ғимараттармен таң қалдыра алмайсың. Ал оңтүстік жерінің бір қасиеті бар. Ол – жасыл қала екендігінде. Жеріміз шымнан шықты ма, ендеше атына сай болуы керек. Қарап тұрсаңыз саябақтың  идеологиялық мағынасы да тереңде жатыр. Қалада осындай биік төбешіктің барын көбі біле бермейді. Күн ашық кездері таудың көрінісі керемет әсер қалдырады. Оның үстіне, еліміз бойынша Бәйдібек би ескерткіші ең биік нүктеде орналасқан.  Бұл – Шымкенттің кіндігіне айналатын жер. Шынымды айтайын, Асанбай Асқаров болмаса мына дендробақ пен зообақ, ипподром болмас еді. Кейін әртүрлі әкімдер келіп, бірінен соң бірі ауысып жатты. Содан кейін халыққа қызмет еткен екінші әкім Асқар Мырзахметов деп айта аламын. Себебі, бұл этнокешен – сол кісінің идеясы болатын.

Этно-тарихи кешеннің негізін қалауға атсалысқан бас сәулетші Бақытжан Әшірбаев бір сөзінде өңірдегі киелі саналатын 27 ескерткіштің макетін осында топтастырғанын айтқан болатын. «Себебі, ондай әулиелі орындарға екінің бірінің бара беруге мүмкіндігі болмайды» деген. Сол ескерткіштерді көрудің сәті түсіп, бақтың жоғары беткейіне қарай көтерілдім. Жолай екі сарқыраманы кезіктірдім. Келушілерді бірден баурап алатын бұл туындыдан жылылық байқалады. Мүсіншілер әсем сәулеттің қайталанбас кереметін үзіп әкеліп, осында орнатуға көп күш салғандары көрініп тұр.

IMG_4322

Бұдан соң, Баба түкті Шашты Әзіз, Үкәш Ата, Арыстанбаб, Қарашаш ана, Кемеқалған әулиелерінің макеттері алдымнан бірінен соң бірі тізбектеліп шықты. Ерінбей 27 фотокадр жасадым. Осы өңірдің тумасымын, тарихты бір кісідей білемін деп жүргенім бекер екен. Әсіресе, Ердәуіт ата, Ақсүмбе мұнарасы, Ғайып ерен, қырық шілтен мен Қырық қыз әулиесінің көшірмелері ерекше назарымды аударды. Көшірме болса да бейнебір әулие бабаларымыздың рухының кішкене бөлшегі бір сәт осында келіп орналасқандай көрінді. Өйткені, белгісіз бір тылсымды сезінгенім рас. Соған қарағанда бабаларымыз әулиелерді тектен текке құрметтемесе керек. Айтпақшы, макеттің астындағы тұғырдың биіктігі – 6,65 метр, ал ені мен ұзындығы – 2,7 метр.
Енді осы аумаққа кіре берісте бірден көзге түсетін Наурыз алаңына тоқталсақ. Наурыз мейрамы — қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, жыл басы мейрамы саналған. Сондықтан, алаң Ұлыс күні мерекесін тойлауға арналыпты. Алаңда қазақтың мәдениеті мен тұрмысын сипаттайтын биіктігі 10 метрлік, ені 30 метрлік барельефті панно, артқы жағында «Туған жер – тұғырым» атты барельеф, екі жағында ұлттық ойындар тақырыбындағы 5 аттылы мүсін қойылса, қарама-қарсы тұста мұражай мен орталық салынған. Жалпы алаңы — 1,4 га. Ең алғаш осы кешенді көрген кезде қаланың расымен шырайы артып келе жатқанына қуанғанмын. Себебі, кент сәулетінің дамығаны халықтың да, биліктің де рухани құндылықтарын қадірлеуге бет бұрғандығын білдіреді.
IMG_4411Ең соңында, «Бәйдібек би» ескерткішін суретке түсіріп алдым. 10 метр биіктікке орналасқан бабаның ескерткіші асқақ та, айбарлы болып, алыстан менмұндалап тұр. Бауырына бүгінгі ұрпағын қыса түскісі келетіндей. Бір қарасаң айқара құшағын ашып шаһарға келушілерді қарсы алып тұрғандай. Өн бойына осыншама сипатты сыйдыра алған мүсін авторларына бас имеске амалың жоқ.
Айтпақшы, ескерткіштің салмағы 9 тонна екен. Жақтауына «Еліміздің іргесін бекітіп, ұлы мемлекет құру барысында ұлы бабамыз Бәйдібек бидің әруағы баршамызды қолдап жүрсін!» деген Елбасы Н.Назарбаевтың сөзі жазылыпты.

Түйін:
Шымшаһардың көне тарихын асқақтатпаса төмендетпейтін мұндай этносаябақ елімізде некен саяқ. Бастапқыда мұнда су тарту мәселесі қиынға соғыпты. Қанша дегенмен, төбешік жер болғандықтан жүз метр-ге дейін терең қазуға тура келген. Қазір 5 бұрғылау орнынан бүкіл жасыл желекті суғару жүйесі тыңғылықты жолға қойылған. Соның арқасында ескеркіштер жасыл желекке оранып, саябақтың көркіне көрік қосып тұр.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

фотосуреттер автордікі

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *