Қазақтардың ұзақ жасауының сыры

қазақБірінші байлық – денсаулық. Бұл халқымыздың аузынан ең жиі естілетін сөз. Соның нәтижесі болар кең даланың төсінде, таза ауада өмір сүрген қазақтар ұзақ жасаушы халықтар қатарына жатады.

Бұған дәлелдер жетіп артылады.
Отыз – өз шағы,
Қырық – ер шағы,
Елу  – бел шағы,
Алпыс – дер шағы,
Жетпіс – мәз шағы,
Сексен – шер шағы,
Тоқсан – жер шағы,
Жүз – көр шағы.
Осы өлең сөздерінің бұрынғы ғасырларда пайда болғаны да, көп нәрсені аңғартады. Қазірде де Тоқсанбай, Сексенбай, Жетпісбай есімдерінің иелері әкелері, не аталары сол жаста болғанын білдіреді. Мысалы, менің мектепте бірге оқыған досым Сексенбес есімі туылған кезде атасының жасы 85-те болғандықтан берілген.

Тоқсанды тастап, жүзге шыққан

Тарихи шығармаларға қалам тербеген жазушы Әбіш Кекілбайұлының жазуы бойынша:  «Қолда бар мәліметке қарағанда, Төле би 1663 жылы туып, 1756 жылы қайтыс болған. Тоқсан үш жасаған. Ал, 1763 жылы 11 наурыздағы Сібір губернаторы генерал-майор фон Фрауендорфтың сыртқы істер коллегиясына жазған рапортында 1762 жылдың 11 желтоқсанында Жайық қазағы Размамбет-Дархан мен тілмаш Айдар Сапаров барып жолыққанда, Қаракесек Қазыбек би тоқсан жаста екендігін көрсетеді».
Атақты Саққұлақ би  Мұса Шорманұлының асына барғанда 86 жаста екен. 10 жасынан халық алдына шыққан күйші Дина Нұрпейіскеліні  94 жас өмір сүрген. Қазақтың тарихи тұлғалары арасында ұзақ ғұмыр кешушілер аз болмағаны туралы мәліметтер Н. Төреқұл «Қазақтың жүз шешені», «Абай энциклопедиясы», А.Сейдімбек «Қазақтың күй өнері», Құсымен Игісін «Ұлы дала» т.б әдебиеттерде жазылған. Бұл кітаптарды оқыған кім де болса Әбілқайыр ханның жұбайы, Нұралы ханның анасы Бопай ханым, ғасырдан аса өмір сүрген тұлға. Тарихшы Ирина Викторовна Ерофеева Бопай ханым туралы: «…ол күйеуімен қазақ игі жақсылары жиналған құрылтайларға қатысып, сөзін көпшілікке өткізе алатын, ойын нақты білдіре алатын шешен болды. Шенділер оған қарсы сөйлеуге батпай тыңдайтын. …Ол ұзақ өмір сүріп, 1780 жылдың 31 мамырында 101 жасында дүние салды» деп жазады.
Төменде қазақ тарихи тұлғаларының қанша жасағаны туралы қысқаша тізім көп нәрсені аңғартады:
Әбілқайыр ханның жұбайы Бопай 101 жас;
Жазушы Дүкенбай Досжанның анасы 101 жыл жасаған;
Атақты партизан, жазушы Қасым Қайсенұлының әкесі 100 жас;
Қазыбек — би 100 жас;
Жамбыл Жабайұлы  — ақын, 99;
Шалкиіз жырау, 95;
Төле — би 93;
Дина Нұрпейіскеліні – күйші-композитор, 94;
Кенен Әзірбайұлы — ақын  92;
Сырым Датұлы  — батыр, 90;
Қасым Қайсенұлы — батыр, жазушы, 89;
Әмина Өмірзақ – театр және кино артисі,  87;
Жанақ Сағындықұлы — ақын,  86;
Әлшекей Бектібайұлы — күйші  85;
Нұрқожа Ораз – жазушы, 84;
Құнанбай Өскенбайұлы  — ақын Абайдың әкесі, 82;
Әуелбек Қоңыратбайұлы  — әдебиет зертеуші, 81;
Бұл деректер Н.Төреқұл «Қазақтың жүз шешені», «Абай энциклопедиясы», А.Сейдімбек «Қазақтың күй өнері», Құсымен Игісін «Ұлы дала» т.б әдебиеттерден алынды.

«Сексендегі шалдың» көксегені хас сұлу…

Жазушы Мұхтар Әуезұлының 1928 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Қилы заман» шығармасында: «Албанның тоқсанға, жүзге келген шалы болса да бұл елдің қыс күнінде жұтағанын, жаз күнінде індетке ұшырағанын көрмеп еді» деп жазылған.  Түрлі әдеби дереккөздерде ұлы қаламгердің сөзінің шын екенін дәлелдейтін мәліметтер жеткілікті. Халқымыздың тұрмыс-салтын зерттеуші  ғалым Халел Арғынбайұлы «Қазақ халқындағы семья және неке» кітабында мынадай бір болған оқиғаны келтірген: «..өткен ғасырдың орта кезінде адай руының 1800 жылқы бітіп, жасынан серілігі мен ерлігі қалмай жүрген шалы Қожаназар беріш руының бір үлкен тойына жүзіктің көзінен өткендей әдемі айғыр мініп барып, қыз-бозбала жиналған үйдің жабдығын ат үстінен ашса, 25-ке келгенше күйеу таңдап жүрген сұлу қызға көзі түсіп, қайткен күнде де оны әйел үстіне алмақ болады. Қыз туыстарына сөз салса, олар: Сексенге келген шал екен. 80 қара көк байталды бірден матап бере алса, алсын, депті. Қожаназар бар жылқысын жинап жіберіп 100 қара көк байталды (10 байтал күйеу отына, 10 байтал үйге кіреріне) бірден айдатып қызды алыпты». Бұл сексенге келген ер адамның өмірінен алынған оқиға.
Ғалым Григорий Потанин досы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханның ауылына барған сапары жөнінде жазған естелігінде мынадай қызық дерек бар: «Сұлтан Шыңғыс жасының 85-ке келгеніне қарамастан әлі де бақуат; соңғы уақытқа дейін ол көшкенде арбамен емес атқа мініп жүретін; үш жыл шамасы уақыт бұрын ол тағы бір әйел алды. Шоқанның анасы, бәйбішесі Зейнеппен ол 52 жыл отау құрды».
Жазушы Лев Толстойдың жақын досы, Харьков университетінің профессоры Аркадий Иванович Якоби қазақ халқын жақсы танып былай деп жазған: «Көшпелі өмір мен күшті тамақ, таза ауа қазақтарды кең сахарада кездесетін түрлі аурулардан сақтап қалып отырған. Олардың көпшілігі жүз жасайды. Жетпіске келіп ауырып өлетіндері кемде-кем. …Тымауға онша мән бермейді». Бұл дерек Бейбіт Сапаралының «Адалбақан» кітабында келтірілген.   Жазушы Сәбит Мұқанұлы ғалым Шоқан Уәлихан туралы «Аққан жұлдыз» атты кітабын жазу мақсатымен көптеген дерек жинағаны белгілі. Осы кітапта былай деп жазылған: «Шыңғыстың ордасына орныққан Жаманқұл мен Шәңкіге Балта руынан шыққан, бізге өткен тараулардан белгілі – Тұрсымбай батыр ғана қосылды. Жасы жүзден асқанмен, салт жүруден қалмаған ол, «Абылайдың ордасына шабуыл жасалып жатыр» деген хабарды естіді де, «хан ағам тұсында қырық жыл қорғаған қара шаңырақты талатып, үйде қалай отырам» деп, бір немересін ертіп атқа қонды». Әдебиет зерттеуші Ханғали Сүйіншәлиев «Қазақ әдебиетінің қалыптасу  кезеңдері» еңбегінде ақын Қашаған Күржіманұлының шығармашылық жолы туралы айта келіп былай дейді: «Қашағанды Мұрын жырау көрген. Ол: «Қашаған ірі денелі қара кісі еді… өлеңді суырып салып айтатын. Ойын-тойда сөз бастап, айтысқа түсуге құмартатын… Қашаған Адайдың түрікпендік елінен шыққан ақын. Мен Қашағанмен көп жолдас болдым. Ол 84 жасында, 1924 жылы өлді» дейді. Мұрын жыраудың денсаулығы мықты болған әрі аз жасамаған кісі.  Тілеген (Мұрын жыраудың шын аты Тілеген) Сеңгірбайұлы 82-ге келгенде ғана ұсталығын қояды. Әкесі Сеңгірбай, ағасы Төлеген де темір ұстасы болған. Бұл дерек  «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» кітабының 1-томында келтірілген.

«…Ағаштың ең мықтысы емен деген…»

Келген соң сексен, саған амалым жоқ,
Ер ерттемей мойыныма мініп алды.
Сексен асып, тоқсанға келгенімде,
Бүркіттей шеңгелімен бүріп алды.
15 шумақтай осы өлеңді шығарған Сүйінбай Аронұлы жүз жасаған Жамбыл ақынның ұстазы. Жасы келгенде атымен Алатау бөктерін аралап қымыз ішкен Жамбыл ақын 98 жасында да есте сақтау қабылеті мықты болған. Ақын 98 жасында балдыздарына өлеңмен әзілдегені белгілі.
1944 жылы Бопина есімді келіншекпен айтысқанда Кенен Әзірбайұлы былай деп өлеңдеткен:
Келінжан «кен» деген сөз – Кенен деген,
Ағаштың ең мықтысы емен деген.
Жетпіске сыр бергем жоқ, сыр сұрасаң,
Сексенде де болмайды жүзім төмен.
Жазушы Ғабиден Мұстафин өзінің әке-шешесі жайында «Өмір белестері» атты естелігінде былай деп жазады: «Мұстафа 87 жасында 1962 жылы қайтыс болды. Екі рет хажыға барған, шала сауатты адам.
…Мұстафа мейлінше әділ, момын, мінезі ауыр, қорқуды, асып-сасуды білмейтін, көп сөйлемейтін, бірақ кезі келіп қалғанда өте тілді адам. Құйма құлақ кісі. Егер дін шырмап алмағанда, оқығанда үлкен ғалым болатын түрі бар.
…Шешем Қадиша –Жекебай деген нашар атаның қызы. Барып тұрған ақкөңіл әйел. Жасы тоқсаннан асып бертінде дүние салды».
Бауыржан Момышұлының досы Дмитрий Снегин «Арысым еді-ау, Бауыржан. Өмір белестері» атты кітабында батырдың мына сөздерін келтірген: –  Имаш – менің дегдар атамның аты. Мен дүниеге іңгәлап келгенде, оның жасы тоқсан екіден асса керек. Қазір мен елу екідемін. Дәл бүгін екеуміз жүз елу жасқа толдық. Өткен жылы мен атамның ең кіші қызы Пияш апайымды жерлеп қайттым. Ол небәрі сексен сегіз жасқа ғана шығып еді».
Қытайда өмір сүрген қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы 2006 жылы елбасы Н.Назарбаевқа жазған хатында: «Мен биыл 81 жастамын. Атажұртым – Қазақстан. 1925 жылы бұрынғы Семей облысының Аягөз-Үржар аудандарының шегінде дүниеге келіппін. 1935 жылы ашаршылықта туыстарыммен Қытай жеріне өткенмін». Хатының бір жерінде жазушы былай деп жазады: «Ендігі арманым – кіндік қаным тамған атажұртқа аман-есен оралу. Үржарда 86 жасқа келген туған ағам Қажыакбар Шабданұлы тұрады».
Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова 2011 жылы жарық көрген «Алаштың сөнбес жұлдыздары» кітабында өзінің денсаулығы жөнінде былай деп жазды: «Осы кезге дейін (92 жасым) есте сақтау қабілетім жақсы сақталғандықтан, мектебімізде оқығандардың аттары мен фамилияларын ұмытқаным жоқ, әрине барлығын емес. Санап шықсам қырықтан асып отыр».

ЖҮЗГЕ ЖЕТУДІҢ ҚҰПИЯСЫ

Жоғарыда аты аталған тұлғалардың біразы ғана дәулетті болғанмен көбісі өте қиын өмір сүрген. Олар бүгінгідей газы, жарығы, суы мен жылуы жеткізілген үйлерде тұрмаған. Сонымен ұзақ өмір сүрудің сыры неде?
Қазақтар ғасырлар бойы ауасы таза дала табиғатына бейімделіп, ат пен түйеге мініп қыстау мен жайлауға көшіп-қонып жүріп шыныққан халық. Малдың қайда жайылып жүргенін, алыстан кімнің келе жатқанын қарап көздері шынығып алыстан жақсы көретін, құлағы жақсы еститін болған. Бұлай болуына аңға шығу да көп әсер еткен.
Екінші себебі: бұрынғы кездегі қазақтар еш қоспасыз таза ұлттық тағамдарды пайдаланған. Күнделікті ішкен сусындары – сүт, айран, шалап, қымыз, қымыран, малта. Жегені — сарымай, құрт, ірімшік, ет, бәрі де таза тамақ.
Қазір тіптен басқаша. Адамдар аз қимылдайды. Жұмыстан кейін телесериалдарды бірінен соң бірін көріп бір орында отыра береді. Ең алыс дегенде бес-алты метр жерде тұрған көшенің арғы бетіндегі бағдаршамға ғана қарайды. Қоғамның барлық жастағы мүшелері, әсіресе жастар көп уақытын компьютер мен телефондарына тесіліп отырып өткізеді. Бұның бәрі көздің көру мүмкіншілігін әлсіретеді.
Балалар бұрынғы кездегідей далада ойнамайды. Қазақтың ұлттық ойындары ұмытылды. Жастар қатысатын жамбы ату, бәйге, көкпар, қыз қуу, теңге алу, алтыбақан, асық сияқты ойындарды қазір қала түгілі ауылдарда да ойнамайды.
Қазақтар ұзақ өмір сүруші халық болып қала беруі үшін не істеу керек? Ең бастысы балаларды жас кезінен далада халық ойындарын ойнауға баулу керек. Ұлттық тағамдарды көбірек пайдалану керек. Қалада тұратын жасы үлкендер бұл ойындарды балаларымен бірге ойнауы тиіс. Ауылда тұратындар атқа мінуді әдетке айналдырып, қалада тұратындар жанұясымен ауылға жиі барып тұруы қажет және спортпен айналысуы керек.

Бердалы ОСПАН.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *