Қазақстандағы діни қатынастар арасындағы Ислам төзімділігінің маңызы

Қазіргі таңда әлемде жүріп жатқан жаһандану үдерістері ел тәуелсіздігіне, ұлттық мәдениетке экономикалық дербестікке, жалпы алғанда халқымыздың болашағына қалай әсер ететіндігі баршаны толғандырып келеді. Тәуелсіздігімізді алғалы бері жалпы халқымыз, әсіресе жас ұрпақ дінге ерекше ден қойды.

Қазақстандағы діни қатынастар арасындағы Ислам төзімділігінің маңызы

Себебі адамзат қоғамы пайда болғалы бері адамзат баласының дінге деген қатынасының маңыздылығы ешқашан жойылған емес. Дін адамзат баласының ең терең рухани қажеттіліктерін қанағаттандыратын күш болып табылады. Сондықтан дінді дұрыс, жете түсінбеу қоғамда түрлі сенім негізінде адамдар арасындағы, конфессия арасындағы, халықтар арасындағы қайшылықтарға алып келеді. Асылында бір де бір шынайы дін адамзатты зұлымдыққа, жамандыққа шақырмайды. Керісінше қиын кездер де адамға рухани азық беріп, қолдау болып, қоғамның ұйытқысына айналады. Сол себептен діннің негізін, ішкі рухани дүниесін, шығу тарихын, даму барысындағы түрлі ағым бағыттарындағы көзқарасын, ерекшеліктерін зерттеу маңызды. Сонымен қатар, сол діндегі құндылықтарды әр қырынан тану қажет. Осы орайда Қазақстан халқының тарихи және мәдени діні Исламдағы құндылықтар жүйесін, оның ішіндегі төзімділік мәселесіне бір шама зерттеу жүргізгеніміз мақұл. Себебі тілі мен діні әртүрлі көпэтносты мемлекетімізде татулық пен бірліктің негізгі ұйытқыларының бірі – қазақ халқы, қазақтың жомарттығы мен меймандос көңілі.

ҚР Статистикалық агенттігінің мәліметтеріне сүйенер болсақ Қазақстан халқының жетпіс пайызы мұсылман. Демек біздің полиэтникалық қоғам өмірінде татулық пен төзімділік доктриналарының етек алып, қанат жаюына Ислам мәдениетінің рөлі айырықша деген сөз.

Бұған қоса еліміз ЕЫҚҰ-ға төрағалық етуімен бүкіл әлемге жария еткен төрт «Т» Сенім (trust), Дәстүр (tradition), Ашықтық (transparency), Төзімділік (tolerance) ұрандары исламдағы адамгершілік құндылықтармен үйлесіп жатырған тұстары жетерлік. Мысалы бүгінде БАҚ-та жиі айтылатын «төзімділік» (tolerance) сөзін алайық.

Көптеген мәдениеттерде төзімділік (толерантность) латынның – tolerantia; ағлышынның – tolerantion; немістің – toleranze; француздың – tolerance сөздерінің синонимы ретінде қалыптасқан. Біздер осылардың баламасы ретінде «төзімділік» сөзін алып жүрміз. Ресей энциклопедиялық сөздіктерінде толерантность сөзін – шыдау деп берген яғни, басқалардың пікіріне, іс-әрекеті мен қимылына шыдамдылық таныту, сабырлық көрсету деген мағынаны білдіреді. Ал енді ислам мәдениетінде төзімділік сөзін – әт-тасамух сөзімен баламалайды.
Әт-тасамух араб тілінде бірнеше мағынаны білдіреді. Мұның төзімділікке қатысты мағынасы: өзгенің пікіріне, іс-қимылына сабырлық таныту, оған кешіріммен қарай білу.

Әт-тасамух сөзінің жасалу формасының өзі араб тілі білімінде бірнеше адамдардың арасында болатын іс-әрекетті білдіреді. Адамдар өзара жұмсақ мінезді, мейірімді, бір-біріне кешіріммен қарап, сабырлық танытулары керек деген сөз.

Исламда төзімділіктің мән-мағынасын аша түсетін бұл құндылықтардың әрбірінің мән-мағынасы терең. Мәселен, мұсылманшылықтағы сабырлық сипатына тоқтала кетейік. Сабырлық адам бойындағы адамгершілік құндылықты құрайтын көркем сипаттардың бірі. Оның мынадай түрлері бар:

1. Ислам бұйырған әмірлерге сабырлы болу;

2. Ислам қайтарған әмірлерге сабырлық таныту;

3. Алланың тағдырға жазған қайғы-қасіретіне сабырлы болу.

Ислам тарихында «бабу әл-ильм» (ғылымның есігі) атанған ірі тұлға Әли Ибн Әбу Толибтің адамды сабырлыққа жігерлендіретін мынадай сөздері бар: «Өмірде сабырлық қасиетін, денедегі баспен теңеуге болады. Егер денеден басты айыратын болса, онда дене өледі. Сол сияқты өмірде сабырлық болмаса, іс-әрекет те бұзылады». Мұсылман дініндегі төзімділіктің маңызы мен орнын осы сөзден байқауға болады. Расында да адамның басы болмаса, адам өледі. Егер біздің бойымызда сабырлық болмай, басқалардың пікірі мен ұстанымдарына төзімді бола білмесек, онда біздің қоғамдағы татулық пен ауызбіршіліктің берекесі кетеді.

Қазақта «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» – деген жақсы сөз бар. Бұл сөздің төркіні Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) күйеу баласы дәл осы Әли Ибн Әбу Толибтен шығады. Халық бұл сөзді осы Әлиге қарап шығарған. Әли білімге терең, сөзге шешен болған адам. Оның мұсылман көркем әдебиетінде ойып түрып орын алған «Наһджу әл-Балаға» (Ділмарлық жолы) деген іргелі шығармасы бар. Осы еңбегінде ғалым сабырлық жайында: «Сабырлықтың екі түрі бар: әуелгісі, қаламайтын нәрсеңе сабырлық қылу; екінішісі, жақсы көретін нәрсеңе сабырлық ету». Сондай-ақ, келесі сөзінде: «Ғасыр дегеніміз екі күннен тұрады. Бір күні сенің пайдаңа болса, екінішісі сенің зияныңа болмақ. Сенің пайдаң үшін болған күні – шектен шықпағай, ал енді сенің зияныңа болған күнде – сабырлық қылғай», – деп айтқан.
Құранда адам баласын төзімділік пен сабырлыққа, ұстамдылыққа шақыратын аяттар жетіп жатыр. Дегенмен тақырыбымыз исламдағы төзімділік болғандықтан пайғамбардың хадисінен және оның көзін көрген сахабалардың өсиет сөздерінен бірер мысалдан келтіргеніміз жөн болар.
Әбу Сағид Сағд ибн Мәлик (Алла ол екеуіне разы болсын): «Ансарлықтардың кейбірі Алланың елшісінен (бір нәрсе) сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) оларға сұрағанын береді. Кейін олар тағы сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) сұрағандарын береді. Сөйтіп олар Алланың ешісіндегі сол затты тауысқанша сұрай береді. Пайғамбар (с.ғ.с.) қолындағы заты таусылған соң: «Менің қолымда бар қайырды мен сендерден сақтамаймын. Кім мейірімді болуды сұраса, Алла оны мейірімді қылады. Кім байлық сұраса, Алла оған байлықты береді. Кім сабырлық танытса, Алла оған сабырды береді. Негізінде, сабырдан асқан кең әрі қайырлы нәрсені (Алладан басқа) ешкім берген емес», – деп айтты» деген хадисті риуаят қылған (Бұхари, Муслим).

Пайғамбармен иық тіресіп жүрген, ислам тарихында өзіндік орны бар сахабалардың бірі Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Иман екі жартыдан тұрады: біреуі – сабырлық; екіншісі – шүкірлік», – деген.

Ислам халифтарының үшіншісі, Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) ұстамдылық турасында: «Жақсылықты төрт нәрседе жасырынғанын байқадым: біріншісі, нәпіл құлшылық жасау арқылы Аллаға махаббатты білдіру; екіншісі, Алла тағаланың үкімдеріне сабырлық таныту; үшіншісі, Алланың тағдырына разы болу; төртіншісі, Алланың назарынан ұялу», – деп айтқан.

Хадис пен насихат сөздерден байқағанымыздай Исламда төзімділік, сабырлық пен ұстамдылық деген құндылықтардың мәртебесі жоғары. Расында да, сабырлық – исламдағы мақтаулы мінез. Ислам ғалымдарының айтуынша сабырлық мінезіне арнайы жаттығу немесе жақсы тәрбиесіз ие болу қиын. Сабырлық пайғамбарларға тән және олардың бойындағы ерекшеліктердің ең қажеттісі. Мәселен Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) мүшіриктердің көрсетіп жатқан қиындықтарына сабыр қылуына көптеген аяттар түседі. Мысалы; Ибраһим, Мұса, Иса және Мұхаммед пайғамбарлар, бұлардың барлығы Алла тағаланың дінін насихаттаған пайғамбарлар.

Нух пайғамбар қауымының көрсеткен қиындықтарына сабыр қылды. Ибраһим пайғамбар Намрут патшаның бұйрығымен отқа түсіп, сабыр етті. Мұса өз заманының қысымшылығы мен Перғауынның зорлығына қарсы ұстамды болды. Иса болса, зорлық пен зомбылыққа, соққы мен қудалауға ұшырап, сабырлық етті. Ал Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) құрайыш мүшриктерінің айла-тәсілдеріне және масқаралау мен кемітулеріне, ұрыс пен дау-дамайларына сабырлық танытты.

Сол сияқты Исмайл пайғамбар құрбандыққа шалынғалы тұрған кезде сабырлы болды. Жақып пайғамбар Жүсіп есімді ұлын жоғалтқанда сабырлық танытты. Жүсіп пайғамбар құдыққа түскенде және абақтыда жатқанда өмірден түңілмеді, сабырлылықпен дос болды. Кез-келген пайғамбар өз міндетін төзімділік пен сабырлықтың арқасында атқарған.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін Мұхаммед пайғамбардың өмірінен бір үзінді келтірейік. Әбу Сағид (Алла оған разы болсын): «Мен Алланың елшісіне бардым. Үстіне қара барқыт жабылған ол кісінің қызуы қатты еді. Пайғамбар қолдарын кеудесіне қойған хәлде жатты. Мен: «Басыңызға түскен ауырпалық қандай күшті еді!» – дедім.

Алланың елшісі: «Расында біздерге қатты ауыртпалықтар жіберіледі. Есесіне сауап молынан беріледі», – деді. Кейін мен: «Уа, Алланың елшісі, Адамдардың арасында қатты сынаққа түсетіндері кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Пайғамбарлар», – деді. Мен: «Сосын кімдер?» – дедім. Ол: «Ғалымдар», – деді. Мен: «Сосын кімдер?» – дедім. Ол: «Салих адамдар», – деп әрі қарай: «Алла олардың кейбірін шыбын-шіркеймен сынаған. Тіпті олар өліп кеткен. Басқаларына кедейлік жіберген. Олардың пақыр болғаны соншалық намазды киімдеріне оқыған. Олардың кейбірі Алланың жіберген сынағына қуанатындары сонша, сендер сыйлық алған кезде қуанатындарың сияқты қуанған», – деп айтты» деген хабарды жеткізеді.

Ислам мәдениетінің көрнекті өкілі Әбу Хамид әл-Ғазали Құрандағы сабырлылықты адам бойындағы құнды ізгіліктердің қатарына жатқызған. Ғазали – үлкен тұлға, оның есімімен бүтін ғасыр байланысты. Мұсылман ортағасырының қоғамдық пікірімен айналысқан ешбір ғалым, тарихшы Ғазалиді айналып өте алмайды. Шығыстанушылар мен философтар оның шығармашылығына жүздеген жылдар бойы қызығушылық танытып, оны христиан шіркеуінің әкейлері Августин Блаженный және Фома Аквинскийлермен салыстырған. Оны мұсылман әлемінде «Зейнуддин» (діннің әшекейі), «Ужубату аз-заман» (уақыт талабы) және «Хужат әл-ислам» (ислам айғағы) деп атаған.
Әбу Хамид әл-Ғазалидің пікірінше адам қажеттеріне ұмтылғанда, сырттан келген машақаттармен күрескенде, қиындыққа ұшырағанда және жеңіске таяулап қалғанда сабыр қасиетіне мұқтаж. Бала жасында адамның бағыты мен әрекетін құмарлық қалауы басқарып отырады. Белгілі жасқа жеткенде бұл қалаудың орнын сабырлық күші басады.

Ғалым өзінің «Ихия-у улум әд-Дин» (Дін туралы білімдердің жандануы) кітабында адамдарды ұстамдылығына қатысты үш түрге бөліген:

Біріншісі, сабырлылықтың арқасында қалаған және ұнатқан нәрселерін толықтай бақылауға алғандар. Екіншісі, сабырлық күшін мүлдем қолданбағандары үшін қалау мен еріктің соңында кеткендер. Бұлар көптеген адамдарды өз арқасынан алып кетеді. Үшіншісі, ақыл мен шаһуат сияқты екі күштің арасында толғанып тұрғандар. Бұлар кейбір кезде ақылды тыңдаса, басқа уақытта құмардың соңынан ереді.

Сабыр мінезі жаратылыс арасындағы адамдарға тән қасиет. Жануарларда сабырсыздық басым. Адамның туылғанынан бастап физиологиялық пен жануарлық қалаулары алдыңғы талапта тұрады. Оның ақылы балиғат жасына келген соң, физиологиялық қалауының зияндығын ажырата білетін болады. Сабыр нәпсінің бұл қалауларына еріп кетпей, өзін-өзі тежеуі осыған дәлел – дейді ол.

Себебі ислам өркениетінің даму кезеңінде адамның кемелдігі оның төзімділігі, әділдігі мен ниетінің шынайылығы және құдайшылдығымен есептелді. Кемел адамның жолы – мейірімді жүректі пенденің жолы. Исламдағы кемел адам – рухани дүниесі бай адам.

Енді ойымызды түйіндейтін болсақ, жалпы исламдағы төзімділік мағынасын бір немесе екі адамның қаламымен толықтай қамту мүмкін емес. Ислам – мұсылман халықтарының асыл қасиеттері көрініс тапқан үлкен мәдениет. Адамгершілік құндылықтарын ту етіп ұстанған Ислам ерекшелігін білу өмір сұранысымен туындап отырған рухани қажеттілік.

Бүгін Қазақстан әлемге ЕЫҚҰ-ға төрағалық қылған ел ретінде ғана емес, Бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы есебінде де таныс. Мұнда әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды заманауи діни мәселелерді талқылау үшін жиналады. Олар осындай кездесулерінің соңғы бірінде еліміздегі конфессияаралық келісім мен диалогтың маңыздылығы ерекше аталып, олардың негізгі принциптері айқындалды. Олар: төзімділік, өзара құрметтеу мен түсінісу, ұлтаралық келісім.

Қазіргі таңда зайырлы мемлекет үшін азаматтық бірегейлік басты белгі болып табылғанымен, діннің де қоғамдық процестерге пәрменді ықпал ететінін естен шығармаған дұрыс. Діндердің қоғам өміріндегі орны мен маңызын мойындай отырып, қоғамның ішкі бірлігіне нұқсан келтіріп, ыдыратуға бағытталған тенденциялардың да алдын алатын шараларды жүзеге асыруымыз керек. Бұл бағыттағы маңызды шара – дәстүрлі діндер мен әлемдік діндердің көп ғасырлық тәжірибесі, сұрыпталған құндылықтары мен білімі, діни дәстүр мен тәжірибені жүзеге асыра алатын білгір мамандары мен дағдылары бар екенін естен шығаруға болмайды және осы әлеуетті мемлекет қоғамның рухани кемелін арттыруға тиімді қолдануы тиіс. Қоғамда рухани құндылықтар мен идеялар, адамгершілік бастаулар туралы жиі айтылып, олардың мазмұны БАҚ беттерінде жарияланып тұрса, сол арқылы қоғам азаматтарының діни сауаты ашылар еді.

Дін, даусыз, біріктірудің, интеграциялық процестердің күшті факторы бола алады. Ол үшін діндердің қайшылықтары емес, керісінше ортақ белгілері мен принциптерді, ортақ негіздер мен құндылықтарды, біріктіруші бастауды іздеуге, дінімізді жақсы білуге міндеттіміз.

Қоғамда туындаған осы қажеттіліктерді қанағаттандыру тұрғысынан және полиэтникалық Қазақстандағы халықтар достығының маңыздылығын ескерсек, онда исламдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды дүрыс танып-білуге тиіспіз.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *