Қазақ тілі — айбыным, дәстүрі оның – байлығым

005№38 Н.Д.Оңдасынов атындағы гимназия мектебімізде мемлекеттік тілдің құрметін арттырып, мәртебесін көтеру, қолдану аясын кеңейту мақсатында өзге ұлт өкілдері арасында дәстүрлі «Ана тілі және отбасы» байқауы бірнеше жылдан бері үздіксіз өткізіліп келеді. Бұл өзге ұлт өкілдері отбасыларының арасында дәстүрлі үрдіске айналды десек те болады. Мектебіміздің басшысы Жусупова Айман Сұлтанбекқызының бастамасымен қолдау тапқан бұл байқау биыл да өткізілді.


Байқауға 4 сайыскер отбасы қатысты. Олар: Паткуллаев, Цай, Корчагин, Халметовтар отбасылары. Байқау шарты үш кезеңді қамтыды. І кезең бойынша әр үміткер отбасы мемлекеттік тілде өздерін таныстырды. Сайысқа қатысушы отбасылар өздерін таныстыра отырып, мемлекеттік тілде еркін, толық сөйлей алатындықтарын, қазақ тіліне деген аса қызығушылықтары мен құрметтерін көрсете білді. ІІ кезең бойынша қазақтың салт-дәстүрінен сахналық көрініс дайындады. Цай отбасы «Ат тергеу», Корчагиндер отбасы «Саумалық» салт-дәстүрлерін көрсетсе, Паткуллаевтар отбасы «Беташар», Халметовтар отбасы «Тұсау кесер» дәстүрлерін көрсетті. Мұнда әр сайыскер отбасы қазақтың атадан-балаға жалғасып келе жатқан асыл мұраларының бірі – салт-дәстүрлерін қаншалықты меңгергендерін, күнделікті тіршіліктерінде қолданып жүргендерін байқатып, барша көрермендердің таңданыстарын одан әрі арттырды. Ал, ІІІ кезең бойынша әр сайыскер отбасы өз өнерлерін тарту етті. Корчагиндер отбасынан анасы «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін скрипкада нақышына келтіре отырып ойнаса, Паткуллаевтар отбасының ұлдары қазақтың ұлттық «Қара жорға» биін биледі. Халметовтар отбасының бүлдіршіндері «Аққудың» әуезді әуеніне мың бұрала биледі. Цай отбасының ең жас мүшесі қазақтың қара домбырасында ойнап, «Әридай» атты халық әнін керемет орындады.
Барлық сайысқа қатысушы топтар үлкен ықыласпен дайындалып, жоғары деңгейде өз өнерлерін көрсетті. Сайыс қызықты да тартысты өтті. Көрермендер тарапынан үлкен қошеметке ие болды.
Нәтижесінде Цай отбасы бас жүлдені, Халметовтар отбасы І орынды, Паткуллаевтар отбасы ІІ орынды, Корчагиндер отбасы ІІІ орынды иеленді.
Сайыс соңында байқауға қатысқан отбасылар аталмыш мектептің ата-аналар комитетінен құрылған әділқазылар алқасы мен мектеп әкімшілігі тарапынан мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

С. Ширинбекова, Г. Салимбетова,
№38 Н. Оңдасынов атындағы гимназия-мектебінің мұғалімдері

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *