Қазақ операсына жарнама жетіспейді — Үралхан Сейілбекова

%d2%afralxan-7Таяуда Қазақстан мәдениеті мен өнерін әлем сахналарында паш етіп жүрген жерлесіміз, өнер майталманы Үралхан Сейілбекованың ән кеші өтті. ҚР мәдениет қайраткері, облыстық опера және балет театрының әртісі «Әнім саған, нұрлы елім» атты алғашқы ән кешін Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнады. Кешті Сүгір атындағы ұлт аспаптар оркестрі мен облыстық опера және балет теартының симфониялық оркестрі сүйемелдеді. Үралхан Сейілбекованың әсем де жұмсақ дауысы, айрықша тембрі опера өнерін бағалаушылардың назарын бірден өзіне тартады. Жоғары дәрежедегі вокалы опералық және концерттік репертуарды таңдаудағы ізденісінің жоғары екендігін көрсетеді. Әнші концертінде ұлттық және әлем композиторларының шығармаларын нақышына келтіріп орындады. Осы орайда біз де әншінің өз әлеміне саяхат жасап, тұщымды ойларын жазып алдық.

Өзім Мақтарал ауданының тумасымын Отбасымызда 5 ұл, төрт қыз өстік. Әкем Каналбай Сейілбекұлы — термеші әнші, Мақтарал ауданының Құрметті азаматы, өнер адамы. Кішкентайымнан әкемнің әнін естіп, өнердің ортасында өстім. Анам Тұрғанкүл Әділқызы – балабақша меңгерушісі. Анам бізді, инабаттылыққа, сыпайылыққа, әдет ғұрпымызды сақтауға тәрбиеледі. Ата-анамыз бәрімізді оқытты, жоғары білім иегері етіп, құтты орнымызға қондырды.
1993-1997 жылдар аралығында қазіргі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «музыкалық білім» мамандығы бойынша Галина Қарамолдаеваның класында вокал пәнінен дәріс алдым. Отбасым тарапынан өнер жолында жүруіме қарсылық болмады. Өйткені менен үлкен әпкем өнер жолын таңдап, музыка мамандығы бойынша білім алам дегенде әкеміз қарсы болған еді.

Институт қабырғасында жүріп «Ұлар» ансамблінің солисті болдым. Шет елдерде өнерімізді көрсеттік. Бала кезімнен мектеп қабырғасында домбырамен ән салдым. Кейін институт қабырғасында вокалдан классикалық орындаудан дәріс алған себепті толықтай вокалдық ән салуға көштім.

%d2%afralxan-ata-anasy

Әкем екеуіміздің өнер жолымызда ұқсастық бар сияқты көрінеді. Ол қазіргі Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының құрылуына, қалыптасуына өз үлесін қосты. Сол театрдың ең алғашқы әртістерінің бірі. Сол секілді мен де бүгінгі облыстық опера және балет театрының негізін қалаушы вокал әртістерінің бірімін. Сахнаға шығуды мектеп қабырғасынан бастадым. Алматыдағы үлкен сахналарда студент кезімнен ән салдым.

Қазақ операсына қазіргі таңда жарнамалау жетіспейді. Әр өнердің ерекше орны бар. Соның ішінде классикалық опера «Бекзат» өнер деп саналады. Егер біз бұл өнерді жақсылап дәріптесек, тыңдармандары көп болар еді. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы бойынша қойылған Еркеғали Рахмадиевтің операсы – тарихы өте тереңде жатқан шығармалардың бірі. Осындай шығармаларды жақсылап дәріптеп, жарнамалау керек. Біздің қазіргі жастарымыз жан-жақты өте талғампаз. Оған дәлел ретінде айтарым бізде Пушкиннің шығармасының негізінде жазылған П. И. Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсын мектеп оқушылары келіп тамашалады. Сол кездегі оқушылардың сүйсініп тыңдағаны менің әлі күнге дейін жадымда сақталып қалды. Өйткені мектептегі бағдарламада Евгений Онегин шығармаларын олар оқиды, біледі. Оны театрға келіп операмен ұштастырған кезде шығарманы түсінді. Олар тіпті сахнаға шығып ойларын да білдірді.

%d2%afralxan-2

Қазір телеарналарды қоссаңыз, эстрада әншілерінің клиптері, әндері, концерттері беріліп жатады. Ойымның түбінде жүрген үлкен мәселенің бірі — неге операны көп көрсетпеске, неге операдан үзінділер көрсетіп, көбірек жарнамаламасқа?! Егер осының бәрі өз дәрежесінде жасалса, операны сүймеу, оны түсінбеу мүмкін емес. Қазақстанда 3 опера театры бар. Алматы, Астана және Шымкентте. Бұл қазақ операсы үшін аз. Бұған әлі де көбірек көңіл бөлінсе, опера театрлары салынса деймін. Өткен жылы Италияға барған сапарымызда біз әрбір орталықтан опера театрын көрдік. Мұның бәрін көріп ойы-ма түйгенім: бізде әр облыста опера театры болса ол артық болмас еді.

Оңтүстікте қазіргі таңда операны сүйсініп тыңдайтын жұртшылықтың қатары күннен-күнге артып келеді. Алғаш 2007 жылы театр ашылған уақытта операның санаулы ғана көрермендері бар-тұғын. Ал қазір көрермендер саны молайған және оларда талғам қалыптасқан. Өздерінің ұнататын опера әншілерінің қойылымына келгісі келеді. Қай опера қойылып, онда кімдер басты рөлді сомдайтынын сұрайды. Бәріне аса талғампаздықпен қарайды. Бір сөзбен айтқанда оңтүстік халқы опера өнерін сүйіп тыңдай бастады.

koncert-kez%d3%99nde-8

«Әнім саған, нұрлы елім» атты ән кешімнің өтуіне қолдау көрсеткен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжановқа және қалалық мәдениет бөліміне алғысымды білдіремін. Облыстық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспанәлиева ханым концерттің өтуіне үлкен қолдау көрсетті. Сондай-ақ концерттің жоғары деңгейде өтуіне барынша ат салысқан облыстық опера балет театрының көркемдік жетекшісі Ерлан Жандарбайға алғысым шексіз.

Жалпы мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы аз. Бұл — бәріне белгілі. Сондықтан да әрбір әнші қосымша табыс көзін іздеуге тырысады. Опера әншілер үлкен сахналарға, басқа театр сахналарына бас партияны орындауға шақырып жатады. Ондай кезде әрбір әншінің өз гонорары болады. Осылайша опера әншілері қосымша табыс табады.

Қазақтың классикалық опера өнеріндегі шығармаларды сүйіп орындаймын. Мен өз репертуарымдағы шығармалардың барлығын жақсы көремін. Солардың ішінде өзіміздің халық әндері негізінде алынған опера шығармаларын және ұлы композитор Джузеппе Вердидің шығармаларын сүйіп орындаймын.

Эстрада бағытында ән айтпаймын деген ұстанымым бар. Эстрадалық-классикалық сүйемелдеуде ән шырқайтыным бар. Бірақ менің дауыс қойылымым – классикалық бағытта. Сондықтан сол бағытта ән айтамын.

%d2%afralxan-3

Біздің театрдың көркемдік жетекшісі Ерлан Жандарбайдың ұйымдастыруымен 2015 жылы Италияға барып қайттық. Джузеппе Вердидің туған еліне барып академиясынан дәріс алдық. Шеберлік сабағын алғаннан кейін есеп беру ретінде XVI ғасырда салынған опера театрында және Джзуеппе Вердидің еңбек жолын бастаған театрында концерт бердік. Одан әрі Польшаға бардық. Онда конкурсқа қатысып жүлделі орынға ие болдым. Польша еліндегі үлкен сахнада мемлекеттік оркестрдің сүйемелдеуімен «Бұлбұл» әнін орындадым. «Бұлбұл» әнін орындап тұрып «музыка тіліне ешқандай аударманың қажеті жоқ» дегенге көзім жетті. Халық онда сөзін түсінбесе де әуеніне өте тәнті болып, керемет қабылдады. Сол тұста қазақ өнерін дәріптеп жүргенім үшін бойымды мақтаныш кернеді.

otbasymen

Жолдасым – Дәулетхан Болысбаев өнер жолында маған ешқашан шектеу қоймады. Керісінше әрдайым қолдап отырды. Ол үшін жолдасыма басымды иемін. Бүгінде Гүлайым, Алмат, Батухан атты перзенттерімізді тәрбиелеп отырмыз. Мен бақытты адаммын.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *