Нұрқанат Жақыпбай: Қазақ өнері режиссурадан ақсап жатыр

18-16-1

Нұрқанат Жақыпбай – 69 жаста, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Астана «Жастар театрының» көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері.

Астананың Жастар театры Шымкентке келіп, бір жеті ішінде оңтүстік жұртшылығына алты спектакль ұсынды. Театр залы көрерменге толып, Жастар театрының өнеріне жұрт сүйсінді. Әр спектакльден кейін ұзағынан шапалақ соғып, актерлерді сахнадан жібергісі келмеді. Мұның бәрі де театрдың негізін қалаушысы әрі көркемдік жетекшісі, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың еңбегі. Жасы 70-ке таяған режиссердің  қимылы ширақ. Дөңгеленген жүзі, нұрланған өткір көздері, кірпік қағысы, бәрі-бәрі баяғы жастықтың жалынын сақтап қалған. Сахнада ұшқыр ой мен тың ізденісті талап ете білетін азаматтың жалқаулыққа жол бермейтіні білініп-ақ тұр. Көз айналасындағы әжімдерінің өзі қарттыққа жеңіс бермеген. Маған солай көрінді…

 

Араға 8 жыл салып Оңтүстікке келдік. Кезекті гәстрөлдік сапарды алдын-ала жоспарлағанымыз да жоқ! Ұжымдағы белсенділердің бірі «Ағасы, Шымкентке барайықшы», — деп қолқа салды. Ұсыныс сол уақытта-ақ қолдау тауып, баршамыз бірауыздан келісіп, келіп қалдық. Алғашқы күні «Асауға тұсау» комедиясын көрген көпшіліктің қошеметі ерекше болды. Қол соғып, әртістермен бірге рөлге енгенін байқадым. Өнерсүйер қауымның мұндай әсері, берген бағасы бізге қанат бітіреді. Осыған қарап-ақ, гәстрөлді Шымқаладан бастағанымыз дұрыс болғанын марқая айтамын.

Қоғамды тәрбиелеу үшін – жастарды бағындыру қажет! Жас толқынның бос уақытын тиімді өткізу, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру және тек жастардың танымын қамту үшін осындай өнер ордасын ашқым келді! Еңбегімді, шығармашылығымды жастарға арнағым келді. Алла қолдап, 9 жыл бұрын мақсатым жүзеге асты. Сол уақытта Елордамызда опера және драма театрлары бар-тын. Бірақ жастарға арналған мәдениет ошағы болмады. Мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қолдап, әкімдік өкілдері маған ұсыныс айтты. Бас тартпадым. Міне, Жастар театры осылай дүниеге келді.

Өзім Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында педагогпын, сондықтан маған театр актерларын жасақтау қиынға соққан жоқ. Өз шәкірттеріммен жұмысты бастап жібердім. Қазір де ұжымда 100 пайыз жастар қызмет етеді. Көрермендеріміз де – жастар. Сондай-ақ, мектеп оқушылары мен бастауыш сыныпта білім алатын шәкірттерге түрлі ертегілер мен шытырманға толы шығармаларды да сахналаймыз. Бұл үшін бізге Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп келеді.

18-16-2Шәкірттерім – қанаттарым! Бар байлығым, мақтанышым! Бүгінге дейін, қателеспесем, 150 шәкірт тәрбиеледім. Олардың алды қазір қазақ өнерінде өз қолтаңбасын қалыптастырған азаматтар. Мейрамбек Бесбаев пен Әділ Ахметов, тағысын-тағы. Жастар театры да басқа да өнер ұжымдары секілді алғашқы кездерде қиындықтарды бастан өткерді. Жеке ғимаратымыз болмады. Мата сатып алып, сахналық киімдерді көз ілмей өзіміз тігіп, таңертең спектакль қоятынбыз. Ақша деген жоқ. Декарацияларды да қолмен түні бойы дайындадық қой. Актерлар небәрі 17 мың, ал мен 21 мың теңге жалақы алдық. Бұл қиындықтар 2 жылға жалғасты, бірақ мойымадық, көрермендер үшін іздендік, еңбектендік. Сосын қаладағы опера жане балет театрын күрделі жөндеуден өткізіп, бізге 1 жыл бұрын жекешелендіріп берді. Қазір шүкір, театрдың әлеуметтік ахуалы жақсарды. Ұжымдағы 43 әртістің тең жартысына әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, баспаналы болды. 100 мың теңгедей жалақысы бар. Қосымша киноға да түсіп, бұйырған гонорарларын алып жүр.

Алдын өзге аудан-қаладан келген талапты да талантты жастарды жұмысқа алдым! Бірақ олар менің әртістерге қоятын ереже-заңыма бағынудан бас тартты. Мұндағы тәртіпке шыдаған жоқ! Қиындыққа төзбей, 1 айдан соң кете барады. Ал театр сахнасы – бүгін келіп, ертең бой тасалайтын мекен емес, қасиеті жоғары өнер ордасы! Мәселен, біз күн сайын таңертең сағат 8:30-дан, түнгі сағат 10-11-ге дейін үзіліссіз жұмыс жасаймыз. Айлап демалысқа шықпай тер төгетін кездер де көп, жексенбіні де ұмытамыз. Бұл – өнерге деген құрмет, махаббат! Әлі күнге ешқайсысының маңдайын сипап, сен жақсысың деп мақтаған емеспін! Олай мақтамаймын да! 12-13 жыл бұрын менің сыныбымды тәмамдағандары да менен жылы сөз естіген емес! Себебі актерды мақтаған күні — ол сахнада сөнеді! Өспейді! Ізденуді қойып, даңдайсып кетеді! Жақсылық пен сұлулықтың шегі болмайды, сол сияқты өнердің де шекарасы болмауы тиіс! Болдым-толдым деу – ол әртістің қанатын қырқатын дүние, қиянат! Құлдырау да содан басталады.

Ұжымдағы қырық үшінің ешқайсысын бөліп-жарған емеспін. Басты рөл деп бекітілгенімен, оларды өзгелерімен теңдей етіп көрсетемін көпке, сахнада да солай. Өзімді қаталмын дей алман, бірақ ұжымға үлкен талап қоямын! Әртіс ең алдымен кәсіби әнші болуы керек, әнді шебер орындауы міндетті.Бізде жәй ғана «әлулеукум» деген жасанды нұсқа мүлдем жүрмейді.Жұмысқа жанымен берілуі маңызды.Хореографиядан хабардар болғаны жақсы, себебі күн сайын таң сәріден қара кешке дейін айналысатын жұмысымызда бидің орны ерекше. Сайып келгенде, вокал, би, хор, цирк – театрда тоғысатын өнердің Ұлы көрінісі!

Театрға шектеу қоюға болмайды, қалыпқа сыймайтын жанрлар арқылы ойды жеткізіп, көрерменнің назарын ұрлауға болады. Мүмкіндік көп, оны тиімді пайдалана білу – біздің еркімізде! Себебі залдағы көрерменді, әсіресе жастар қауымының көзайымы болу үшін жалқаулықты ұмыту қажет! Бір сөзбен айтқанда, интернет өмірімізге еніп, жаңа технология көш ілгері дамыған заманда жастар қызықты шеттен іздемеуі үшін біздің театр аз еңбектеніп жатқан жоқ. Жылына 5-6 премьера қоямыз, ал жалпы қоржынымызда 33 спектакліміз бар.

Нағыз актерге ең бірінші тазалық қажет. Өнерге деген тазалық керек. Жан дүниенің тазалығы. Адамның шынайылығы, адалдық қасиеті, ақыл-парасаты биік болуы маңызды, актерлік шеберлік пен еңбекқорлық қажет.
«Оңтүстік Рабаттың» оқырмандары алдында жан-дүниемдегі жәйтті жасырмайын. Өзімді мақтағаным емес, бірақ мен тума талант шығармын! Себебі мынау жалғаннан тек жақсылық пен сұлулықты ғана көремін. Кез келген дүниеден әдемілікті іздеймін де тұрамын. Ал анам мені босанар шағында үйден қашып шығып, далада кәнігі шөп-шалаңның ортасында дүниеге алып келіпті. Балалық шағым, жастық өмірім таулы аймақта, табиғаттың ең сұлу жерлерінде өтті. Ең керемет дүниелерді жаныма сіңірдім. Соның әсері болса керек, мен өзгелерге мүлдем ұқсамаймын. Жүзден, тіпті мыңнан бірі кәсіби режиссер бола алмайды.

Режиссер деген – өзгелерден жүз бас жоғары ұйымдастырушы, суреткер деген ұғым!. Оның қолында адамның, актердың, қоғамның тағдыры тұр. Кітаптағы шығарманы оқып отырғанда, көз алдыма бейнелер елестеп, құлағыма сазды әуендер естіледі. Спектакльді сол сәтте тірілтемін, жан бітіремін, сондай ерекше қасиетім бар. Ал автордың ойын сол қалпында құрғақ ұсынуға болмайды, оны көрермен көруі қажет қой. Сондықтан, ән-би қосамын, сахнадағы әртістердің әрқайсысы өз алдына қимылда болуы керек. Бірінші пландағы кейіпкер тіл қатып жатқан күннің өзінде, оның арқасындағы адам жәй қарап тұруына болмайды. Уақиғаны заманға сәйкестендіріп ұсынамын.

Елімізде, мен білетін, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті режиссерлер дайындайды. Жыл сайын бұл мамандықты талай түлек тәмамдап жатыр. Бірақ соның бірі де салмағы ауыр саланы әкете алмады. Олар бірден атақты, танымал режиссер болғысы келеді. Бірақ, ізденіс пен еңбек болмай, жетістік жоқ. Өкінішке қарай, мен бүгінгі толқыннан кәсіби режиссерді көргенім жоқ. Ал республика бойынша бас-аяғы 54 театр бар, онда кемінде 108 режиссер қызмет етуі керек. Бұл жоқ қой! Шындық осы!

Өнерсіз өмірімді көз алдыма елестете алмаймын, екінші рет дүниеге келсем де режиссер мамандығын таңдар едім. Кей кездері неге осы салаға ертерек келіп, қызмет етпедім деген ой мазалайды, әттеген-айлар да бар. Сондықтан болса керек, сөздік қорымнан «Мен шаршадым» деген ұғымды мүлдем алып тастағанмын. Шәкірттерім де мұны жақсы біледі. Әрдайым жастардың жанынан табылып, білген-көргенімді үйретемін. Іштарлық, көреалмаушылық, пендешіліктен ада болуға шақырамын. Олардың менің жақсылығымды ешқашан ұмытпайтынына сенемін…

Жазып алған — Мөлдір БЕКЕЕВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *