Қауіпсіз Жаңа жыл

Жуырда Мексиканың фейерверктер сататын алпауыт базарында жойқын жарылыс болды. Рождество мерекесін түрлі отшашулармен өткізетін мексикалықтардың бұл жолғы дайындықтары қайғылы оқиғамен аяқталды. Тультепек Мексикадағы ең ірі пиротехникалық өнімдер өндіретін қала. Сан-Паблито базарында сол шақта 300 тоннадан астам пиротехникалық заттар болған. Жарылыстан 300-ге жуық фейрверктер сататын дүкен жанып кетті. Салдарынан 26 адам сол жерде көз жұмып, үш-төртеуі ауруханаға жетер жолда жан тапсырған. 70-тен астамы жарақаттанған, 100-ден аса адам туралы нақты дерек жоқ.

Жаңа жыл мерекесі таяп қалды. Мерекенің сәні болатын отшашулардың кесірінен кейде қайғылы оқиғалар орын алып, соңы мүгедектікке жеткізетін жағдайлар жиі кездеседі. Шырша, электр шамдары, отшашулардың сан түрімен балалардың мерекелік көңіл-күйін көтерген жақсы-ақ. Олай болса, қауіпсіз Жаңа жылдық мерекені төтенше жағдайлар саласының мамандарының кеңесінсіз өткізбеуге шақырамыз. Бұл кеңестер мерекені атап өтетін ұжымдық не болмаса отбасылық адамдардың өмірі үшін маңызды…

Шыршаны целлулоид ойыншықпен безендірмеңіз
Төтенше жағдайлар саласының мамандары ұжымдық жаңа жылдық мерекені атап өтуде шырша қоюдың өз талабы бар екендігін айтады. Жаңа жылдық мерекелерді өткізетін орынның жобалау нормалары қауіпсіздік талаптарына сай болуы қажет екен. Айталық, шырша қойылған нысанның кемінде екіден кем емес эвакуациялық есігі болуы тиіс. Мәселен, шыршаны қоятын ғимараттың терезелерінде торлары жоқ болуы қажет. Тез тұтанатын жабындымен қапталған нысан болған жағдайда онда 2-ден жоғары қабаттарға қоюға болмайды. Бұдан бөлек, жасыл желекті орналастырудың өзіндік ережелері бар.

— Шырша орнатылған жайларда қауіпсіздік үшін кілем және кілемшелер жиналып тасталады. Егер жайларда электр жарықтандыруы болмаған жағдайда, мерекелік шаралар күндізгі уақытта өткізілгені дұрыс. Шыршада электрлік жарықтандыру желісін азайтатын трансформаторсыз пайдалану кезінде гирляндалар кернеуі 12 Вт-қа дейін шамдар бірінен кейін бірін қосылып пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан, шамның қуаты 25 Вт-тан аспауы қажет, — дейді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Нұрдәулет Бексеитов.

Осы ережелермен қатар, шыршаны безендіруде, шараны өткізу уақытында Нұрдаулет Мейрамбекұлы мына жайларды да ескерген жөн екендігін атап өтті:
— Шыршаны целлулоид ойыншықтармен, дәке және мақтамен безендірмейді.
— Көпшілікпен өтетін шараларды жүргізу алдында сырлау және жарылыс жасауға негіз болатын жұмыстарды жүргізбеген дұрыс.
— Спектакль мен көріністер кезінде жарықты толық өшіруге болмайды.
— Шамдар, тарсылдақтар, отшашуларды ғимарат ішінде жағу өрттің туындауына басты себеп болады.
Есіңізде болсын: Шараларды өткізу кезінде өрт бақылау қызметкерлерінің кезекшілігі міндетті түрде ұйымдастырылуы қажет. Шырша тұрған орын бастапқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілсін.

 

Электр желісінің залалы….
Толық өшпеген сіріңке, жанып тұрған май шам, бенгаль оты, ұшқындар, петардалар — тілсіз жауға жол береді.
— Өрт шығуының басты себебі — электр энергиясы. Егер электр өткізгіш зауытта жасалған болса, одан өрттің туындауы мүмкін емес. Алайда, электр желісінің зауыт сақтандырғыштарымен қорғалуын тексеру керек, — дейді маман.
Барлық жағдайларда жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін электр энергиясын өшіруді әдетке айналдырмайынша, келеңсіз оқиғаларға тоқтам болмайтындығын да атап өтті.

 

Пиротехникалық өнімдер… қайғылы оқиғадан сақтану…
Жаңа жылдың тағы бір «сәні» – пиротехникалық өнімдер. Жыл басында мерекелік күндерде 40-қа жуық бала пиротехникалық өнімдерден жарақат алған. Оның сегізі ауыр жарақаттанған. Яғни, балалардың көзіне зақым келіп, терісін күйік шалған. Жыл сайын пиротехникалық өнімдерді қолдануда сақтық шараларын айтып дабыл қаққанмен зардап шеккендер саны азаяр емес. Бұл жағдайлардың соңы өлім-жітім жағдайларына жетпесін делік.

Пиротехникалық өнімдерді тарату және қолданумен байланысты объектілер мен орындарға қойылатын талаптар Өрт қауіпсіздігі ережелерінде, Қазақстан Республикасының өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттерінде баяндалған. Оның талаптары мынадай:

-Пиротехникалық өнімдерді мамандандырылған жеке тұрған ғимараттарда сатуға рұқсат етіледі. Пиротехникалық өнімдер қоймаларда өртке қарсы аралықпен бөлінген металл шкафтарда сақталуы тиіс. Аталған шкафтарды жертөле жайларында сақтауға жол берілмейді.
— Пиротехникалық өнімдерді пайдалану кезінде қауіпсіздік шаралары: ПӨ базистік, аралық сауда объектілерінде, сондай-ақ ПӨ санатына байланысты осы объектілердің қойма жайлары мен сөрелерінде сақтауға рұқсат етіледі.
— Пиротехникалық өнімдерді сатуды мамандандырылған дүкендерде және мамандандырылған бөлімдерде жүзеге асыру қажет. Бұл ретте пиротехникалық өнімдерді сату бойынша бөлімдер (секциялар) дүкендердің жоғары қабаттарында орналасуы қажет. Ғимараттың шығу жолдарына жақын орналасуға рұқсат етілмейді.
— Пиротехникалық өнімдердің қауіпсіздік сертификаты болуы міндетті.
— Механикалық зақымдалған, өнім туралы ақпарат толық болмағанда, сақтау мерзімі өткен өнімдерді пайдалануға жол берілмеуі тиіс.

Нұрдәулет БЕКСЕИТОВ, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бас маманы:Әр отбасындағы мерекенің қауіпсіз жағдайда өтуіне азаматтардың өздері жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Өртке, пиротехникалық өнімдердің қауіптілігінен сақтануда қажетті ережелер мен талаптар бар.  Оларды сатып алғанда және пайдаланғанда алдымен сапасына, сосын қауіпсіздігіне мән беріңіз. Ата-аналар осының әрқайсысына ұқыпты болып, балаларының басы-қасында болғаны жөн. Осы ретте, келеңсіз жағдайлардың алдын алуда халыққа түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде.

Пиротехникалық өнімдерді сатушылардың назарына:
— Өрт қауіпті тауарларды сату бойынша жеке секцияларды шығу есіктері, саты торлары, тамбурлар мен көшіру жолдарында 4 м жақын орналастыруға;
— пиротехникалық өнімді сауда залдарында және көшіру жолдарында сақтауға тиым салынады.
Пиротехникалық өнімдерді пайдаланушыларға:
— Қатты жел соққанда, құрылыстар, ағаштар, тез жанғыш заттарға 20 метр жақын қолдануға;
— пиротехникалық өнімді бұзуға;
— отшашуды адамдарға, жануарлар мен құрылыстарға қарай атуға;
-пиротехникалық өнімді басқа жанғыш заттар мен материалдармен бірге ұстауға қатаң тиым салынады.
Мерекенің өз отбасың, жақындарыңның жанында тыныштықпен өткізгеннен артық бақыт жоқ. Тек, рұқсат етілмеген сауда арқылы сапасыз, сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерден «проблема» сатып алудан сақтаныңыз.

Дайындаған –
Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *