Қарасорадан қағаз өндірілмек…

4-kagaz-kopiyaЕлбасының жолдауы-на сай отандық шикізатты пайдаланып, толықциклді өнім жасауды дамытуға көңіл бөлініп жатыр. Кезінде Шу алқабынан жинап алынған қарасора шөбінен кендір жіп және өте сапалы кендір майын дайындайтын ірі өндіріс орындары болған. Әскери теңіз флоты осы қарасорадан дайындалған кендір жіптерді пайдаланатын. Бір арнаға келтірілген сала жүйе бойынша жұмыс істейтін. Бұл — арнайы өндіріс орны, жұмыс күші, бюджетке түсетін салық… Осындай тізбек бойынша жұмыс істейтін жүйе бірін бірі толықтырып тұратын. Кеңеспен бірге кендір жіп те келмеске кетті. Пайдасы мол кәсіп түрін қолға алып, ары қарай дамытуға ден қойғандар баршылық. Дегенмен орасан зор қаржыны қажет ететін салаға Үкімет тарапын қолдау қажет-ақ.

Қарасорадан қағаз жасап шығаратын күн алыс емес

Шымкенттен қағаз шығарыла бастағанда жарты әлемге жар салып сүйіншілеген едік. Енді ше, осы уақытқа дейін қағаз біткенді шеттен тасып, шеке майымыз шылқымай-ақ қойған еді. Дағдарыс кезеңінде кеңсе қағаздары тіптен «ғарыштық жылдамдықпен» шарықтап кеткен болатын. Енді отандық өнім өндіріле бастаған соң айға аспандаған баға бұғауланып, қолжетімді болар деген үміт те жоқ емес-тін. Тірлігін тәп-тәуір бастаған «Қағаз шаһары» кәсіпорыны А4 форматты кеңсе қағаздарын шеттен келетін қағаздардан 10-15 пайызға арзан сата бастағанда расы сол қуандық. Әрі отандық өнімді қолданып, әрі арзанға сатып алып бір жырғап қалдық. Расында бұрын соңды отандық ақ қағаздар шығарылмағандықтан да ма алғашында таң көрінгені де рас. Бірақ отандық өндіруші шикізатты шетелден тасып, біраз қиындықты еңсеріпті. Қағаз өндірісіне арналған сүректі Финляндия мен Ресейден тасымалдаған. Бұл әрине өнімнің өзіндік құнын өсіріп жіберетіні белгілі. Компания басшысы Максим Скрынник тығырықтан шығатын жолды тауыпты. Ол қарасора өсіріп, шикізатты содан алмақ. Әрине есірткітұқымдасына жататын өсімдік өсіруге рұқсат алу оңай болмаған. Бір ғана өсімдіктен қаншама өнім өндіруге болатынын әлем ғалымдары әлдеқашан-ақ дәлелдеген. Кәсіпкер қағаз өндірісіне пайдалану үшін техникалық қарасораның кәдімгі марихуанадан айырмашылығы болатынын құзырлы органдардың алдында дәлелдеп, жобаны қорғаған. Ішкі істер министрлігі арнайы сот-медициналық сараптама жүргізіп, қарасораны егуге болады деп рұқсат беріпті. Биылғы көктемде Алматы, Павлодар облыстарындағы гектарлаған жерге алғаш рет қарасора еккен. Техникалық мақсаттағы қарасора отандық өндірісті сапалы әрі арзан шикізатпен қамтамасыз ететін болады.

Қарасорадан не жасауға болады?

«Қарасорадан не жасамауға болады» деген сұрақ дұрысырақ сияқты. Күнбағыстан май жасап шығарғанға дейін қарасора майын пайдаланғаны белгілі. Кейінірек одан өндіріске қажетті бояу жасай бастады. Фармацевтика саласына да таптырмайтын шикізат болып табылады. Қарасора экстрактынан глаукома ға қарсы қымбат дәрі, сондай-ақ жүйке жү йесін тыныштандыратын дәрілер жасайды.
Автокөліктің есік жақтауларын, салон қаптағыштарын қарасорадан алынған талшықтардан жасайды. Житомирдегі «Hemps» кәсіпорны аяқкиім жасап шығаруда. Ол экологиялық жағынан таза өнім саналады. Кендір жіптен жасалған киім өте мықты, көп киіс береді.
1853 жылы ең алғаш рет Ливай Страусс Levis джинс шалбарын тікті. Тез тозып кетпейтін, жуған сайын өңі ашылатын джинс шалбарлар бүгінге дейін сәннен қалған жоқ. Тіпті қарасора қалдығының да пайдасы бар. Қалдықсыз технология ендіріліп жатқан кезеңде бұл тіптен оңтайлы болары сөзсіз. Одан балықтарға, құстарға жем жасайды.
Сабын, сусабындарға қарасора майы қосылады. Міне, есті алып, еліктіретін есірткі шөбінің қараңғы жағынан гөрі, жарата білсек, пайдасы да көл-көсір екен. Қарасора шикізаты қағаз шығаратын өндірісте де қолданылады.

Ұсыныс қолдау тапса…

Дариға Назарбаеваның Астанада Үкімет отырысында қарасораны қайта өңдеу өндірісін дамыту жөнінде ұсыныс тастағаны есте. Ол өсімдік шикізатын қайта өңдеу арқылы целлюлоза және медициналық дәрі-дәрмектер өндірісін дамыту қажеттігін айтқан болатын. Елімізде қағаз шығарылмайтынын еске салған ол осы өндірісті қолға алсақ ұтарымыздың мол болатанын да айтқан еді. Мұның алдында Парламент мәжілісінің депутаты болып жүрген кезде Шудағы қарасора алқабын ірі фармацевтикалық компанияларға қайта өңдеуге беруді ұсынған болатын. Сол кезде Назарбаева қарасораны өңдеуші зауыттар дәрі-дәрмек шығарып қана қоймай, елге жаңа жұмыс орындарын ашып беріп, бюджетке салық төлейтінін де еске салған-тын. Енді айтылған сөз айтылған жерінде қалып кетпей дер кезінде қолға алынса, дұрыс болар еді. Ол үшін әрине Үкімет тарапынан қолдау қажет.
Кезінде украиналық селекционерлер құрамында есірткісі жоқ қарасораның тұқымын алған болатын. Отандық компания украиналықтардан осы тұқымды әкеліп отырғызған. Бүгінде аталған компания уақытша тоқтап тұр. Шикізат қорын толықтырып, алдағы уақытта толық қуатында жұмыс істемек. Әрине отандық қанатқақты жобаға Үкімет тарапынан үлкен қолдау қажет.

Гүлжан ЖҰМАШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *