«Қапланбек» шарап зауыты неге тоқтап қалды?

Кезінде жылына 20 мың тонна жүзім сұрыпын өңдеп, танымал шарап түрлерін шығарған «Қапланбек» шарап зауытының қазіргі жағдайы мәз емес. Кеңес заманынан тоқырап қалған зауыт жекенің меншігіне өткенімен, өндірістің аяқ алысы алысқа бармай-ақ қойды. «Қапланбек», «Жібек жолы», «Ркацители», «Тамада», «Талас», «Портвейн», «Кагор», «Саперави», «Херис» — мұның бәрі аталмыш зауыттың жаңадан шығарған шараптары. Бұлардың әрқайсысының сапасы шетелдік өнімдерден кем емес. Оларға деген сұраныс та жоғары. Десек те, қазіргі кезде шарап зауытының жұмысы тоқтап тұр.

Зауытта ішімдіктің 9 түрі ашытылады. Күніне 40 тонна, яғни 5 мың бөтелке шарап шығаруға қауқары жетеді. Бүгінде зауыттың тоқтап қалуы шикізаттың жетіспеушілігінен туындап отыр екен. Оның үстіне зауыттың құрылтайшысы жиі ауысады. Соңғы рет бұл істі қолға алған кәсіпкер лицензия алған соң байырғы мамандарды шақырып, істі жандандыруды көздеген. Желілерді іске қосып, жергілікті тұрғындардан 200 тонна жүзім сатып алғанымен өндіріс аяқтан тік тұрып кете алмады.

«Қапланбек» шарап зауыты неге тоқтап қалды?

Бүгінде өндіріс орны тек қоймаларда сақтаулы шарапқа тапсырыс түскенде ғана бөтелкелерге құйылып сатылады. Қоймадағы үлкен бөшкелердің әрқайсысында 1000 литрден шарап бар. Олардың сақталу ұзақтығы жылдармен есептелінеді. Дегенмен, оның да қоры көпке жетпейтін түрі бар. Мұндағы мамандар шарапқа қажетті жүзімнің сорттарын өздері егіп-жетілдіруді қолға алмаса, зауыттың бұдан әрі құлдырай беретінін айтады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін зауыт қожайындары Сарыағаш ауданы әкімдігімен келісімшарт түзіп, жер алуды көздейді. Алайда, «зауыт басшылығы шикізат тапшы, деп қол қусырып отырса, өндірістің жүрмейтіні анық. Бүгінде жүзім өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарымен ертерек келісімшартқа тұрғанда кәсіпорын мұндай қиын жағдайға тап болмас еді», – дейді аудан әкімдігі.

Есбол Күзенбеков, «Қапланбек» шарап зауытының бас технологы:

– Бізге қажетті жүзім сортының мөлшері аз және жүзім егетін жер де тапшы. Сол себепті, биылғы маусымда бізде жергілікті өнім өндірушілерден жүзім қабылданған жоқ. Біздің өндіріске қажетті жүзімнің сұрыптары жоқ десек болады. Мәселен, жақсы «Мускат», «Ақбұлақты» дайындау үшін жүзімнің «Саперави», «Мускат» секілді түрлері қажет. Екіншіден, шаруалар жүзімнің жақсыларын сатып жібереді де, бізге қалдықтарын алып келеді. Ал, бұлар жақсы шарап дайындауға жарамсыз.

Жалпы, Сарыағаш ауданында жүзім шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары көп. Айталық, биылдың өзінде ауданда 2209 гектарға жүзім егілген. Оның 1646 гектарынан өнім алынады. Мұның 600 гектарына шаруалар жүзімнің асханалық «Тайфун», қалғанына шарап алуға арналған түрлерін егіпті. Ал, аудандық әкімдік мамандары «Қапланбек» зауытындағы келеңсіздікті бағамен байланыстырады. Мәселен, диқандар асханалық «Тайфун» жүзімін сыртқа жіберетін болса, оны 150-180 теңгеге өткізетіндігін айтады. Ал, жергілікті зауыттар жүзімді небәрі 56-57 теңгеден қабылдайды екен. Сондықтан шаруаларға өнімін сыртқа саудалау тиімді болып тұр.

«Қапланбек» шарап зауыты неге тоқтап қалды?

Түйін:

Кезінде «Қапланбектің» өндірген шараптары кеңестік елдер арасында мәшһүр болғанын білеміз. Одан кейін де зауыт бір ашылып, бір жабылып тұрғанда Францияда өткен бір халықаралық жарысқа бір-екі шарап түрін жолдайды. Сол кезде өнімнің ерекшелігіне қызыққан француздар, сарапшыларын арнайы жібереді. Француз мамандары зауытты өз көзімен көріп, отандық өнімнің сапасына оң бағасын беріп, жеңімпаз деп таныған болатын.

Асқар Әтенқұлов, Сарыағаш аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің маманы:

– Кезінде «Қапланбекке» қарасты мыңдаған гектар жер болатын. Кеңес дәуірінің ыдырауымен, шаруашылықтың жұмысын тоқтатуынан жерлер сатылып кетті. Расында, бүгінде аталған зауытта жер жоқ. Өндіріс орны өз ісін дамытуға қажетті егіс алқабын алуға құқы бар. Бізде жер бөлу жөнінде арнайы комиссия шешіммен олар агрокешенге жақын аумақтардан жер ала алады. Бүгінде бізде шаруалардан жүзім қабылдайтын «Жетісу» және осы аталған зауыт бар. Дегенмен, диқандардың дені жүзімдерін «Жетісу» зауытына өткізеді. Бұл жерде бағаға қатысты «Қапланбектің» талаптары басқаша.

Ал, өткен жылы Шымқалада осы зауыттың шараптарын сататын арнайы дүкен ашылды. Құрылтайшылар осындай дүкендерді Алматы, Астана қалаларында да ашуды көздеген. Дегенмен, отандық өнімді қолдаушылар жоқ па, әлде кәсіпкер істің көзін таппады ма, биыл «Қапланбек» шарап зауыты тағы да тоқтап қалды.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *