Қаны бір, тәні бөлек


10-1Ақтөбедегі терактіден жараланған  бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалу үшін қазақстандықтар қан тапсырып, көмек көрсетті. Ақтөбе жұртшылығы жаралы жерлестері үшін қан берді. Алдымен полицейлер донор болуға келсе, олардың бастамасын студенттер жалғастырды. Тіпті, қарт кісілер де келді. Жарақат салдарынан қан жоғалту әр адамның басына түсуі мүмкін жағдай. Сондықтан да донорға сұраныс әрдайым бар. 

14 маусым — Дүниежүзілік донор күні. Атаулы датаның дәл осы күнге тұспа-тұс келуі де тегін емес. Қан тобын алғаш ашқан австриялық ғалым Карл Ландштейнер 14 маусымда дүниеге келген.
«Донор» — латын сөзі, қазақша аудармасы «сыйлау» дегенді білдіреді. Облыстық қан орталығында жылына 25 мыңға жуық адам донор болса, оның 150-200-і белсенді донор екен. Олар кез келген уақытта адам өмірін сақтау қалу үшін қан тапсыруға дайын. Араларында 100 реттен аса донор болғандары бар.
Облыстық қан орталығы директорының медицина жөніндегі орынбасары Жайнар Орынбасарқызы донор болу арқылы – бір жанға қуаныш сыйлаудан бөлек, адам өз денсаулығындағы жақсарта алатындығын алға тартады. Облыстық қан орталығында қанға сараптама жасату арқылы вирусты гепатит С, В, ВИЧ, мерез, сарып, аллергия, бактериялық аурулар, гельминтоз секілді 15 шақты аурулардың бар-жоғын білуге болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, донор болушылардың жүрек-қан тамыр ауруларымен ауырмайтындығы анықталған. Тағы бір жақсы дерек, адам қан тапсырғанда, оның орнын толтыруда жаңа қан жасушалар пайда болып, нәтижесінде ағза жасарады. Қан тапсырудың денсаулыққа бұдан өзге де пайдасы орасан.

Шекарасы жоқ дәнекер ұлпасы

Ересек адамның бойында шамамен 5 литр қан болады. Ол тамырды қуалап, бүкіл ағзаның жұмысымен байланыста жүреді. Айталық, қанның төрттен бір бөлігі бұлшықетте, бүйректе, 15%-ы ішек қабырғаларындағы тамырларда, 10%-ы бауырда, 8%-ы мида, 4%-ы жүректің тамырларында, 13%-ы өкпе және басқа да мүшелердің тамырларында жүреді. Бір сөзбен айтқанда, қан — тамырларды бойлай ағып тасымалдау қызметін атқарады. Барлық мүшеге оттегі мен қоректік зат жеткізетін де қан.
— Қанның құрамы өте күрделі. Оның негізі бөлігі плазма. Ал, плазмада қан жасушалары – эритроциттер, лейкоциттер, қан пластинкасы — тромбоциттер болады. Көпшілікке аты таныс гемоглобин мәселен, оттегін тасымалдайды. Бұдан бөлек, қанда біз біле бермейтін қаншама заттар бар болса, олардың әрқайсысының атқаратын қызметі бар, — дейді Жайнар Орынбасарқызы.

Сирек кездесетін қан тобы

Қан тобы адамның нәсіліне, жынысына, жасына қарамайды. Ол тұқымнан беріледі. Ең көп кездесетін қан тобы — І қан тобы. Яғни, әлемде халықтың 45%-ы бірінші қан тобына, 33%-ы ІІ топ, 13%-ы ІІІ тобына жатады. Ең аз кездесетін қан тобы — ІV топ, ол 7%-ды ғана құрайды. Қан тобында сирек кездесетін түрлері бар. Мәселен, адамдардың 85%-ы эритроцит құрамында оң резус, 15%-ы теріс резус фактор болады. Теріс резус факторлы адамдарда сирек кездесетін қан тобына жатады. 100%-ы халық десек, оның қазір 10-12%-ы теріс резус факторлы топқа жатады екен.

Кімдер донор бола алмайды?

Кез келген адам донор бола алмайды. Денсаулығында кінәраты бар адамдар донорлықтан шеттетіледі. Оның үстіне, бүгінгі таңда әрбір адамның денсаулығы жайлы ақпараттар базаға енгізілетіндіктен, қан орталығының мамандары донор болуға келген жанның денсаулығы жайлы мағлұматтарды толық біліп отырады. Сонымен, мына аталған дерт кезінде қан тапсыруға болмайды:

Гепатит В, С
ВИЧ/СПИД
Мерез
Сарып
Тері аурулары
Жүрек-қантамыр аурулары
Асқазан жарасы
Қан аурулары
Жүйке аурулары

Германияда қан тапсырған адамға мемлекеттен 15-20, ал плазмаға 45 евро төленеді екен. Сондықтан, онда қанды жылына 26 ретке дейін өткізуге рұқсат етілген. Ал, елімізде донор болушыларға деген жеңілдік көп қарастырылмаған. Орталық мамандары осы мәселені талай рет қозғаған. Дегенмен, жалғыз жеңілдік — донор адамдардың мәртебесін көтеруде олардың демалысы 2 күнге ұзартылады. Сонда жылына 5-6 рет донор болса, еңбек демалысына 10-12 күн қосылады екен.

10-2Жайнар АСТАНАЕВА, Облыстық қан орталығы директорының медицина
жөніндегі орынбасары:

– Облыстық қан орталығы – 20 мың литр қан дайындауға есептелініп салынған мекеме. Қазір мұнда 13 мың литрге дейін қан дайындалады. Дайындалған қан облысымыздағы 46 ауруханада ем іздеген жандардың қажеттіліге жарап жатыр. Мұнда қаннан 26 компонент шығарады. Донор күніне орталықта «Өміріңмен бөліс!» деген ұранмен акция ұйымдастырылды.Өзге жанның өмірін сақтауға ықылас білдіргісі келетіндерге орталық есікгі ашық. Жасы 18-ден асқан дені сау әрбір азамат донор бола алады.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

 

Ал керек болса

Елімізде инфекциялық емес аурулар саны көбейіп келеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі күні республикамызда инфекциялық емес аурулар түрінің деңгейі жоғарылап отыр. Мәселен, өлім-жітім көрсеткішінде қайтыс болудың жартысына жуығы қан айналымы жүйесі ауруларына тиесілі — 26%, асқынған миокарда инфаркті — 5,5%, қатерлі ісіктер — 13%, жарақат алудан болатын аурулар — 11%, босану барысында және балалар аурулары — 3,6%. Ал, сарапшылар осы дерттер Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығын 8 жылға дейін қысқаратынын айтты. Алдағы уақытта, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа бағдарламасында жоғарыда аталған 5 ауру түрін емдеу мен алдын алуға баса назар аударылады. Өйткені, дәл осы бес бағыттағы ауру түрлері ел демографиясына айтарлықтай әсер етеді.

Лаура МАМЫРОВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *