Қант диабеті және жаз

Шілденің шіліңгір ыстығы халықты әбден әбіржітіп жіберді. Күннің ыстығы әсіресе, балалар мен қан қысымы жоғары, жүрек талмасы бар жандарға кері әсер етеді. Ал, қант диабетімен ауыратындардың халі қандай?
Бүгінде қант диабетімен ересек те, бала да ауырады. Мәселен, облыстық эндоэкринологиялық орталықта 33 мың науқас тіркеуде тұрса, соның 90%-ы орта жастағы азаматтар, 10%-ы балалар мен жасөспірімдер. Аталмыш орталықтың эндокринолог дәрігері Мұхан Базаралыұлының айтуынша, қант диабеті – қан құрамында қанттың (глюкоза) көбейіп кетуінен пайда болады. Қант диабеті және жазСалдарынан науқас шөлдегіш, кіші дәретке барғыш келеді. Науқастың бойында әлсіздік пайда болып, тез шаршап, қол-аяғы сырқырап, жүйкесі жұқарады. Аракідік есінен танып, талып қалады. Әрине, мұндай белгілері бар азаматтарға жаз маусымы түгілі, басқа мезгілдерде де жүріп-тұру оңай емес. Оның үстіне оларға шөл басу үшін газы бар су, тәтті шырындарды ішуге болмайтынын ескерсек, қант диабетімен ауыратындардың жағдайын түсіну қиынға соқпайды. Ол-ол ма? Мұндай дертпен ауыратындарға күннің астында да көп жүруге болмайды. Себебі, олардың қабылдайтын дәрі-дәрмектері теріні аса сезімтал етеді. Нәтижесінде күн көзіндегі артық бірнеше минут теріні күйдіріп жіберуі мүмкін.

Теріңізді күтіңіз!

Олай деуге негіз жоқ емес. Себебі, қант диабетімен ауыратын адамдардың терісі өте сезімтал келеді. Нәтижесінде, тері жарақаттанса, күйсе оны емдеу қиынға соғады. Сондықтан да мамандар аталмыш дертпен ауыратын жандарға күннен қорғануға кеңес береді. Ол үшін ұзын жеңді көйлектерді, күннен қорғайтын бас киімді және арнайы «SPF» белгісі бар жақпаларды қолданған абзал. Нақтылай айтар болсақ терісі аққұба, сепкілі бар жандар «SPF-40», ақсарылар «SPF-30», «SPF-15», бидай өңділер «SPF-15», «SPF-10», қара торылар «SPF-10» немесе «SPF-4» таңбалы кремді қолдануға болады.

Айтпақшы…

Қант диабетімен ауыратындарға жаздыңгүні жалаң аяқ жүруге болмайды. Себебі, табан тілініп, жарылып кетуі мүмкін. Ал бұл аяқ терісінің жарақатына әкеп соқтырады. Сондықтан да аяқтан ыңғайлы аяқ-киімді тастамаған жөн. Ал далаға, күн көзіне шыққанда аяқтың беткі жағын және саусақтарды жоғарыда аталған арнайы күннен қорғайтын жақпалармен сылап тастаған дұрыс.

Мұхан Исабеков, дәрігер- эндокринолог:

– Қант диабетін емдеудің негізі – диета сақтау. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, емдеудің медикаментті құралдарын қолданбастан тек диетотерапиямен ғана ауруды үш жылға дейін асқындырмай ұстауға болады. Бұдан әрі науқасқа қантты азайтатын дәрі-дәрмектер тағайындау қажет. Олардың көмегімен 2-типтік қант диабетімен ауыратындар бес жылға дейін қанттың орташа деңгейін ұстап тұра алады. Бұдан кейін дәрі-дәрмектер мен инсулинге көшеді.

Қант диабетінің қазіргі заманғы терапиясының басты қағидасы аурудың басталған кезінен бастап, емдеуді қолға алу. Адам ағзасының қантты кәдеге жаратуын қалыпты жағдайға дейін жеткізіп және ұдайы осы деңгейде ұстап тұру қажет. Осы шарттарды сақтаған жағдайда ғана қант диабеті бар науқастың жұмысқа қабілеттілігін сақтауға, қатты асқынулардың алдын алуға болады.

Көзге де «қалқан» керек

Күн сәулесі – көздің қарашығын күйдіріп жібереді. Сондықтан да, кез-келген жанның күн көзінен сақтанғаны абзал. Әсіресе, қант диабетімен ауыратындар аса мұқият болғаны жөн. Әйтпесе, бұл аурумен ауратын науқастардың көзі мен жанарын қалыпқа келтіру мүмкін емес. Осыны ескере отырып, аталмыш дертпен ауратындар күн көзінен қорғайтын арнайы көзілдіріктерді кигені дұрыс.

Дәрі-дәрмекті де сақтаған жөн

Аталмыш дертпен ауыратын науқастар өздерінің күнделікті қабылдап жүрген дәрі-дәрмектерін де күн көзінен қорғай білу керек. Себебі, бұл дәрілер өте сезімтал келеді. Ал күн көзіне қызып кеткен дәрілерді қабылдау қауіпті.

Не ішеміз?

Әрине, бұл қант диабетімен ауыратын кез-келген жанды мазалайтын сауал. Себебі, күннің ыстығында тамағың кеуіп, шөл қысқанда салқын шөлбасар ішкің келеді. Алайда, бұл дертпен ауратындар газы бар сусындар мен тәтті шырындардан бас тартуға мәжбүр. Облыстық эндокринологиялық орталықтың дәрігері Мұхан Исабеков: «Дәрігердің кеңесіне құлақ түріп, мөлшерімен ішіп-желінген ас ешқашан да денсаулыққа зиянын тигізбейді», дейді.

Осы ретте маман қант диабетімен ауыратын науқастарға газы жоқ минералды су ішуге болатынын айтады. Ал егер минералды судың газы болса, бетін ашық қалдырып, газ шығып кеткенше күтуге кеңес береді. Сондай-ақ, бұл дертпен ауыратындарға:

— Қызанақ шырынын,
— Лимон шырынын,
— Қаражидек шырынын,
— Анар шырынын,
— Картоп шырынын ішуге болады.

Сондай-ақ…
— Қаражидек шайын;
— Түймедақ шайын,
— Көк шайды;
— Қара шайды қантсыз ішу керек.

Ал…
— Сүт;
— Айран;
— Майлы айран (ряженка);
— Йогуртты дәрігердің кеңесімен қабылдаған жөн.

Ескерту: Алкогольді ішімдіктерді ішуге мүлдем болмайды.

Айжан Ермекқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *